Кіру |

  Сайтқа кіру

Логин:
Кілт:
  еске сақта
Тіркелу | Жаңалықтарға тіркелу | Байланыс орнату | Транслитті қолдану |

 

Massagan.com  

 Онлайн мүшелер мәлімет

Қазір сайтта онлайын: 39
Мүшелерден: ешбірі
Қонақтар саны: 39

 Әңгіме - Проза бөлімі

Интернеттегі қазақ әңгімелерінің ең үлкен жиынтығы
Ақындар әлемі (хикая)
Авторы: Асхат Өмірбай
Уақыты: 2009-08-30
«Мен өзім білмей, елге де, бізге де бейтаныс әлемнің есігін аштым. Ол әлем маған күлімсірей қарады, мені өзіне шақырды. Мен көп күттірмедім, бардым».
Зайда Елгондинова,
«Менің ертегім» кітабынан.

Жатақхана. Терезеден аққұба жүзді ай сәулесі сығалап, бөлме ішін нұрландырып әкеткен. Жұп-жұқа сарғыш матадан өткен ай шуағы темір төсекте жатқан Айжебенің жүзін сүйіп жатыр. Сессияға дайындалудан әбден шаршаған төрт студент төрт төсекті қапсырай құшақтаған. Түн ортасы. Толған айды ақша бұлт сүзіп өтті де, күзгі самал желдің алдына түсіп, белгісіз жаққа бет алды. Нұрланған ай қара жерге ақ көрпесін жайды. Бөлменің іші мүлгіген тыныштық. Әлсін-әлсін студенттердің тыныс алысы сезіледі.
Белгісіз тылсым дыбыстан оянып кеттім. Бағанадан бері бетіне ай түсіп жатқан Айжебе көрген түсінен шошынды ма, ұйқылы-ояу күйде күбірлей бастады. Беймәлім дыбыстан Ақжайық, Сәлім де оянып кетіп, темір төсекті сықыр-сықыр еткізіп атып тұрды.
- Бекболат, жарық жақшы! – деді Ақжайық үрейлі дауыспен. Көктен түскен сәуленің жарығымен қабырғаны сипалап жүріп, тетікті басып кеп жібердім. Төбеміздегі шам жарқ етті. О, тоба! Айжебе терезе жаққа қарап, әлденені айтып күбірлеп, көздерін тарс жұмған күйі қолын сермеп тұр. Өз көзіме өзім сенбедім.
- Енді оны құтқара алмаймыз, - деді Ақжайық топан су басқандай.
- Неге? – дедім.
- Ол айықпас ауруға шалдықты.
- Қандай ауру?!
Ақжайық қабырғада ілініп тұрған танымал ақынның суретін нұсқады. Орнымда сілейіп қалдым. Сәлден соң есімді жиып, Сәлім жаққа көз жүгірттім. Ол Айжебені емес, аруақ көргендей қалш-қалш етеді. Ақжайық екеуіміз дереу Айжебені төсегіне жатқызып, терезені тарс бекіттік. Қап-қара бөлмеде қорыққанымыздан жамылғыны қымтай түстік. Үшеуіміз ұйықтай алсақшы. Біздің бөлмеге жақында ғана көшіп келген ол біз үшін тым жұмбақ жан сияқты көрінетін. Бейне бір дәл қазір Айжебе дауыстап өлең оқитындай. Оның күмбірлеген қоңыр дауысы Қорқыттың қобызының пернесіндей дың етіп, күңірене күмбірлеп, жүректі шымырлатып өтетіндей. Қорқыныш билеген ойларыммен алысып, таң ата көзім ілініп кетіпті.
Ұйқыдан оянсам,таң сібірлеп ата бастапты. Терезенің пердесін ашып жіберіп ем, көзімді сыйқырлаған таң шапағынын кереметіне тамсанып кеттім. Алатау шыңының басына алтын шапақтан теңге ілдіріпті. Сұлу таң самалмен шашын тарап, қутыңдаған қыздай жымыңдайды. «Өмір, неткен кереметсің!» дедім ішімнен. Өмірге деген құштарлығым арта түскендей.
Апыл-ғұпыл киініп жатырмын. Белгісіз үрей билеп, Айжебе жаққа көз тастап қоямын. Бетіне ұзақ тесіле қарап қалған екем, ол әрі-бері дөңбекшіп, оянып кетті.
- Не болды?- деді ұйқылы-ояу.
- Университетке бар керек, - деппін сасқанымнан. Ол ұшып тұрды да, сағатына бір қарап, жалма-жан киіне бастады.
- Неге ертерек оятпадың? Қалатын болды қой. Ой, сен де...
Ол артық-ауыз сөз сөйлемейтін. Қазір де сөйтті.
- Өзімнің де тұрған бетім осы.
- Ақжайық, Сәлім, тұрыңдар! Сабақтан қалдық, - Айжебенің дауысы жарқын-жарқын шықты.
Төртеуіміз таңғы асымызды ішер-ішпестен жатаханадан асыға шықтық. Айтпақшы, ас деген аты ғана, әйтпесе күнде жейтініміз нан мен майонез. Міне, студенттің жүрек жалғар асы! Ауылдан базарлық келгенше өзек жалғайтын біздің сүйікті тағамымыз осы. Осының озі табылып жатса, үлкен олжа. Сонда да ауылдағы апамыздың тіл үйірер қызыл бауырсағын, малта құрты мен айранын аңсаймыз. Иә, студенттік күндер-ай десеңізші!
Университетке кешігіп барып, аудиторияға жүрексіне кірдік. Бақытымызға орай Күмісбек ағайымыз әлі келмепті. Атамыздың үйіне келгендей жайғаса кеттік. Ұзынсонар парталарда Казгу-дің журналистика факультетінде оқитын, біздің топ студенттерінің бірсыпырасы кітаптан бас алмай отыр екен. Өңшең білім қуған жастар. Біз топта отыз шақтымыз. Студенттердің біразы осы Алматы қаласынан болса, енді біреулері біз сияқты ауылдың қара домалақтары. Осы парталарға отырғанымызға үш айдан астам уақыт болса да, бір-бірімізді әлі жақсы танымайтын сияқтымыз. Балмұздақтар деп аталып кеткен біздің бірінші курс студенттері қолдары қалт босаса, өлең айтып, домбыра шертіп, жүрген жерлерін той-думанға айналдырып жібереді. Арамызда қыздардың жүрегін жырмен жаулайтын ақындарымыз да бар. Өзім ұйқас құрап, шимай-шатпақ өлең жазғанымен, мыналар сияқты шабыттанып өлең оқи алмайды екем. Сәл ойланып кетсем керек, аудиторияның есігі ашылып, қазақ тілінің теориясынан сабақ беретін Күмісбек ағайымыздың қабағы қатулы сұлбасы көрінді. Әрине, әдетінше өзінен бұрын қара портфелі кірді. Аудитория іші жым-жырт. Студенттерді бүркітше бір көзімен шолып өтті де:
- Ә, балмұздақтар. қалдарың қалай? – деді. Сиқырлы жымиып қояды. Онысы сессия жақындап қалды дегені.
- Жақсы ағай, - дейміз біз.
- Кореміз... Көреміз оны әлі...
Қара портфелін алды да, ішінен бір бума қағаздарын қобыратып алып шықты. Асай-мүсейін шығарғанша сүт пісірім уақыт өткендей болды. Тыпыршып біз отырмыз. Не деген асықпайтын адам? Сабырлық деп осыны айт! Сыртынан бұл кісіні ақын, әлде жазушы деп естігенбіз.
- Иә, тоғыз ауыз сөздің тобықтай түйіні - бүгін біз сабақты басқаша өткіземіз. Ымм.. Иә, солай балмұздақтар.
Сөйтті де болашақ журналистер – біздерге тосын сұрақ қойды:
- Іштерінде өлең жазатындарың бар ма?
Тосын сауал студенттерді елең еткізген. Ол аудитория ішін көзімен шолып өтті. Мен де жан-жағыма қарадым. Алғаш болып қыздарды жырымен «жусатып» жүрген Темірбай мен Дархан қолын көтерді. Байқаймын, «әу демейтін қазақ жоқ» демекші, бәрі біртіндеп өздерін ақын санатына қосып жатыр. Ішімнен «мен де өлең жазамын ғой, мыналардан қай жерім кем?» деген қызғаныш ой келіп, қолымды қалай жоғары сумаң еткізгенімді білмей қалдым. Мәссаған! Бажайлап қарасам, Айжебеден басқамыздың бәрі ақын екенбіз! Айжебе төбеге қараған күйі ой орманын кезіп кеткен. Ол біздің әлемнен алыстап кеткендей. Көздері тұңғиық. Бізді елемеген кейіппен ақ қағазға өндіріп жазу үстінде. Ақ қаламды ақ параққа төндіре түскен. Артқы партада жападан жалғыз отыр. Құдды бөлек бір әлем секілді.
- Былжырақ, - деді профессор біздерге көңілі толмай. – Араларыңнан бір-екі шын ақын шығар. Оны да уақыт көрсетеді.
- Неге? - дейміз біз жарыса аң-таң болып.
- Жүзден жүйрік, мың әскерден бір батыр шығатындарын білуші ме едіңдер?
- Әрине, әрине дейміз.
- Білсеңдер сол. Аламан жарыста тек жүйріктер озып, хас батырлар ғана жеңіп шығады!
Күмісбек ағайымыз осындай тағылымды қағиданы айтты да, асығыс аудиториядан шығып кетті. Сандуғашша сайраған ақындарымызда үн жоқ. Емтиханнан екі алып, құлап қалғандай бастары сүмірейіп кетіпті. Көз қиығын Айжебеге салып ем, ол әлі ақ қағазды шимайлап, төгілдіре жазып жатыр. Артқы жаққа мойынымды созып, қағазына көз жүгіртсем. өлең өріп жатқан сияқты.
Маңдайы кең, қыр мұрынды, аққұба жігіт тым мазасыз көрінді. Айжебенің өсіп кеткен жалбыр шашы бір көзін жауып кеткен. Бейне бір тұлғалы ақыннан аумайды. Көзіне түскен шашына қарап жатқан ол жоқ. Күбір-күбір етіп, қаламның құдыретін сынап жатқан сияқты... Мен жанымдағы әріптестеріме қарадым, олар қамсыз. Тым жайбарақат көрінді. Жігіттер жағы кешкі киноға ЖемПИ-дің қыздарын апаратынын айтып жатса, қыздар жағы би кешіне қандай киім киетінін әңгімелеуде. Тек Айжебе тыным таппай ақ қағаздың үстінде ұрыс жүргізіп жатыр. Маған топ жарып шығар жалғыз батырымыз сол сияқты көрінді. Неге екенін білмеймін, мен осыған шексіз сендім. Иландым да әдебиет әлеміне жол бастайтын қолбасшымыз, біздің буынды алға бастайтын батырымыз сол болар деп түйсіндім.
* * *
Жатаққана іші у-шу. Не болып жатақанын адам түсініп болмайды. Сабақтан келгенімізге біраз уақыт болған. Қыз-жігіттер әлденені айтып, күбірлесіп жүр. Қолдарында бір-бір газет. Ақжайық, Сәлім газетке тесіле қарайды.
- Оу, айтсаңдаршы, не болды? –деймін әлгілерге шыдамсыздана.
- Айжебе...
- Тағы не болды?
- Ол... Ол газетке шығыпты. Өлеңдері жарияланыпты. Анау-мынау емес, әдеби беделді газет!
- Рас па, ей?
- Міне, өзің көр! Суретін айтсайшы.
- Өй, мынау керемет қой! Өзі қайда?
- Қазір келеді. Бүгін тойлайтын болдық, - деді Ақжайық күлімсірей. - Өлеңінде ұшқын бар. Отты жыр.
- Міне, мына жерін оқып жіберші! – деде маған қиыла. Қуықтай бөлмеде өлеңді қайта-қайта оқимын: "Біз едік махаббат сорлысы, жерінген жер-тамұқтан. Сүйе берші, періштем, мен үшін қашқан жұмақтан".
Өлең аядай бөлмеде үлкен серпіліс туғызды. Көп кешікпей Айжебе де бөлмеге кіріп келді. Қыз-жігіттер бас салып, құшақтап жатырмыз. Ол түк түсінбей біздерге жаутаң-жаутаң қарайды.
– Өлеңің...өлеңің жарияланыпты!
- Құтты болсын!
- Бәсе, кімге ұқсатып жүрсем, Мағжан екенсің ғой, - дедім бейне бір атым бәйгеден келгендей қуанып.
Бүкіл кем-кетігіміз осында жиналды. Лезде дастархан жайылды. Бар-жоғымызды ортаға салып, дастарханды жайнатып жібергенбіз. Жарықтық, ауылдан келген сарқыттың арқасы ғой кең көсіліп жатқанымыз. Алдынғы аптада бөлмедегі жігіттерге ауылдан сәлемдеме келген. Ғалия апам да күзгі соғымның етін де салып беріп жіберіп еді. Енді міне, байлыққа кенеліп, «бір тойлайық» десіп дастархан жайдық. Кей кезде маған студенттердің дастарханынан дәмді де берекелі дастархан жоқтай көрінетін. Қыздар жағы лезде шайды демдеп жіберді. Қайдан әкелгенің білмеймін, Сәлім екі шиша арақты қойнынан сумаң еткізіп:
- Ақаңсыз іс біте ме? Бүгін ішпегенде, қашан ішеміз? – деді қыздар жаққа көз қысып. – Ақындар үшін!
- Айжебе үшін! – деді Ақжайық. Стақандар соғысты. Ішімдік ішпейтін қыздар поэззия туралы әңгімеге кірісті. Мен болсам, ойға шомып отырмын.
Расында Айжебе курстасымыз Мағжан ақынға қатты ұқсаушы еді. Ұшқындаған қос жанар, буырқанған шашы оны тым тұйықтау көрсететін. Қыр мұрынды, арықтау келген аққұба жігіт. Артық бір ауыз сөзі жоқ. Келгенен-ақ, іш бауырымызға кіріп, туған аға-інілердей араласып кеттік. Айжебе біздің журфакка келгенде оны ақын екен деп тіпті ойлаған емеспіз. Кейде бөлек планетаның адамындай өзімен-өзі саяқ жүретін. Жетісудың жігіті біздерге қатты ұнаған.
Осы сәтте көзім қарама-қарсы отырған Сәлімге түсті. Жүзінен әлде қуаныш, әлде реніштің табы білінбейді. Жалпы, Шымкеттен келген Сәлім біртүрлі түсініксіз. Ол да аздап өлең жазады. Кейде шұбалаңқы әңгіменің басын құрап жүретін. Бірінші курста жүргенде-ақ тамыр-таныс тауып, бір газетке тілші болып орналасты. Әзірге оған лайықты теңеу таба аламаған едік. Көбіне оны курстас қыздар «жылпос» деп атайтын. Қашан көрсең қыздарды жағалап: «Қыздар, қырмызы гүлдер, киімімді үтіктеп беріңдерші, коспектімді жазып беріңдерші» деп бірде қиылып, бірде жалтақтап жүргені. Артынан үнемі шу шығып жүреді.
Арал өңірінің жігіті Ақжайық тым көңілшек. Өлең жазғанды да, тыңдағанды да жақсы көреді. Қолына домбыраны алса, тоқтату қиын. Құйқылжытып ән де салады, бөлмені күймен де күмбірлетін. Актерлігі тағы бар. Сондықтан ба, қыздардың көбі оны ұнатушы еді. Нағыз Ақын сері дерсің. Осы ұзын бойлы, сары жігітке бәріміз бауыр басып кеткенбіз.
Мен Ақтөбе жақтанмын. Жасымнан өлеңнен емес, прозада жарқырай түсермін деген оймен жазушылыққа бет бұрғам. Әрине, алғашында көпшілігі секілді өлең жазудан шығармашылық жолымды бастадым. Алайда, нағыз ақындардың жанында жырларым жіп есе алмағандықтан біржола өлең жазуды тастап кеттім. Ара-арасында әзіл-сықаққа қалам тартатындықтан, бәрі мені «Әзиз Несин» деп кеткен. Мінезім ашық-жарқын. Біреуді сөзбен қағытуды ұнатамын. Оның үстіне көп сөйлейтін мылжыңдығым тағы бар.
Ойға тым беріліп кетсем керек, «кәні достар, Айжебенің жыр-жебелері мұқалмауы үшін алып қоялық!» деген дауысы саңқылдап шыққан Ақжайықтың сөздерінен селк еттім. Қыз-жігіттер дуылдасып, әлденені айтып күліседі.
- Керемет тост!
- Келіңдер сол үшін! – деп жігіттер стақан соғыстырып жатыр. Тек Айжебе ғана тым салқынқанды көрінді. Бірақ, ол ішті, тағы ішті. «Ол араққа соншалықты әуес?» - дедім ішімнен өз-өзіме сұрақ қойып. Тек осының мәнісін мен кейін ұққандай болдым.
* * *
Бүгін тіпті ерекше күн. Жазушылар одағында ақындар мүшәйрасы өтеді деген соң, сабақтан кейін тайлы-талағымыз қалмай солай қарай беттедік. Көшені күлкіге бөлеп келеміз. Қыздарға құмартатыным сонша, тиісіп, ыржалақтаған күйі құшақтай берем. Жанымдағы Айжебе біздерге күлімсіреп қарайды.
- Бәлем, тұра тұр, Жанар көрсе бар ғой, жанынды шығарады, - дейді біздің топтың қыздары.
- Сендердің қыз сияқты қылықтарын жоқ. Еркек сияқты қодыраңдайсыңда да жүресіңдер, - дегенімде Сабирадан басқасы қуа жөнелетін. Сабираға да сөзбен тиісіп, жынын қоздырып жүрем. Алғашқыда үндемейтін, кейін әбден меннен ығыр болған ба, өзімді кекететін болды.
- Әй, Әзиз, - дейді қыздар менің Бекболат атымды әдейі атамай. - Бөтен жігіттер бізге келгенде сырымызды айтпай, түзу сөйлес.
- Сендердің ауылда қой бағып, қи тергендерің кімге сыр болыпты, - деймін тек тұрмай миығымнан күліп. – Қорықпаңдар, жігіттер мінездеріңді көргенде–ақ үркіп кетеді И-хи-хи....
- Ой, жынды, саған ауылда қандай жұмыс істегенімізді айтып неміз бар десеңші! – дейді қыздар өкінгендей. - Өзімізден бәрі... Аузына ие бол, Әзиз неме!
Осы кезде көше бойлап келе жатқан басқа курстың жігіттері біздерге қосылып, амандасып жатты.
- Мүшәйраға барасыңдар ма, жігіттер!
- Иә. Бірге баратын болдық қой.
«Жыр сүйер қауым поэззияның құдіретін түсініп болмайтын тылсым сырын ұғынатындай. Жүрегімен сезініп, жанымен тебіренетіндей. Иә, поэззия – паң әлем. Әдебиет – ардың ісі болса, поззия ардың биік шыңы. Оны құрметтеу абзал» дедім ішімнен келе жатып. Маған қоқаңдап келе жатқан қыздар қойдай жуас бола қалыпты.
Біздің қыздармен танысып жатқан жігіттерге:
- Жігіттер, біздің қыздармен таныспаңдар! - дедім өктем сөйлей.
- Неге? – олар аң-таң.
- Өздері біледі.
Олар бастарын шайқаған күйі қыздарға бір, маған бір қарайды. "Жақтырмай тұр ма?" дегендей салқын қоштасып, басқа көшеге бұрылып кетті. Қыздардың жүзінен шамданудың табы байқалды. Бейтаныс жігіттер кеткен соң қыздарды бәрі мені жеп қоярдай шымшым жатыр.
- Ойбай, жазығым не? – деймін жігіттерге көзімді қысып.
- О, сорлы, білмей қалдың ба?
- Сендерді жақсы көргенен кейін ешкімге қимаймын ғой.
- Көрсетеміз саған әлі, - дейді қыздар шамданып. - Жақсы көруің мұның...
Жазушылар одағына да келіп жеттік. Таяқ тастам жерде тұрған Жанарды байқап, қыздар істеген қылығымды айтып қояр деген оймен сүйіктімнің қолтығынан жетектеп, ішке тезірек еніп кеттім.
Қаумалаған поэзия жанкүйерлері әп-сәтте залды толтырып әкетті. Сахнада көп кешікпей «мен - ақынмын» деген ақындар мен ақынсымақтар қолына бір-бір ақ параққа жазылған өлеңін оқып жатты. Бірінен-бірі өтіп жыр оқиды-ай келіп. Бәріміз тамсанып отырып таңдай қағамыз. Ақын жігіттер жырын оқып аяқталғанда, әсіресе қыздар жағы сүйсініп, шулап қоя береді. Арнайы барып гүл ұсынып жататыны да бір керемет. Тал шыбықтай иілген қалпында жырын оқып ақын қыздарымыз да шықты. Қыздарымыздың лирикалық өлеңдерінде неткен буырқанған сезім жатыр десеңізші! Осындайда ойлайды екенсің «неге шынайы ақын болмадым?» деп. Өйткені, арындаған ақындармен жарысып, сахнада нашар өлеңімді оқуға дәтім бармады.
Себелей басталған жыр жаңбыры үдеп барады. Кейбір ақындардың өлеңі жүрегімізге ақ жауын болып құйылса, енді бірі таудан аққан ерке бұлақтың сыңғырындай тартымды. Міне, өлең оқуға батылданып Сәлім де шықты. Алғашқы шумақтарынан-ақ көңіліміз су сепкендей басылған. Өлеңінде не жаңалық, не сезім жоқ. Әйтеуір ұйқасы түзу бірдемелер. Жылпосымыз «залды елітіп әкетем» десе керек, бар дауысын сала зуылдатып оқып шықты. Күлкім келді, бір жағынан дос болған соң жаным да ашыды. Көрермен шапалағы тым сараң естілді. Досымыздың абыройын түсірмейін деп шапалағын қатты соғып жатырмын. «Мәссаған безгелдек» деп қоямын ішімнен.
Сахна шымылдығы жабылып, қайта ашылған сәтте шамның жарығынан сәуле түсіп, бір тұлғалы ақын шықты. Микрофонға түскен шеңбер сәулеге таяп калды. Сол...Мынау Айжебе ғой! Үстінде жалғыз сұр костюмі мен жағасы жайлаудай жейдесінің жеңі көрінді. Бетіне түскен сәуле оны тым тұлғалы һәм айбатты көрсетті. Мұқағалиға ұқсас қапсағай денесімен алшаң басып келгені бір қызық екен. Зал іші сілтідей тынған. Мүлгіген тыныштық. Ол жайлап микрофонға жақындадады да, күбірлей жыр оқи бастады. Сермеген қолы әлденені ескертіп тұрғандай. Қап-қара зал да қорқынышты үдей түскендей. О, тоба! Бұл қорқыныш - сол түндегі мұңлы да, сазды дауыс қой! Денем тітіркеніп, өне бойым шымырлап сала берді. Көзімді тарс жұмдым. Көз алдыма суы тартылған Арал теңізі, ауа жетпей деміккен балықтар, көкте көтеріліп тозаң болып ұшқан тұзды бұлттар елестеді. Әлгі сортаң бұлттар әлемге таралып, жердің оңтүстік материгі – Антарктидаға бауыр басып жатып алғандай. Мұздақтардағы мұз қатпарлары сөгіліп, еріген су алапат жойқын су құрлықтарға бет алардай. Үлкен-үлкен айсбергтер кемелердің күл-паршасын шығарып, сынған шөлмектей жағаға таудай толқындармен шашыратып жіберген. Жер бетінде адамзат атаулы тегістей су астында қалып, қырылатындай. Топан су басып келетіндей. Тек Нұх пайғамбардың кемесі көрінбейді. Аспантаулар етегін су шайып, бірте-бірте шыңға өрмелеуде. Үміті үзілген адамдардың көздерін көрдім. Неткен қорқынышты сурет!..
Қорқып кетіп, жанарымды аштым. Айжебе әлі күмбірліп жыр оқып тұр. Көзімді қайта жұмсам да, Нұх пайғамбардың кемесін көре алмадым. Нұх пайғамбардың кемесі қайда? Әлемді барлық үрей атаулы күлімсірей келіп қолтықтап алғандай. Ақырзаман келердей сезілді. Жер бетін тағы топан су алған. Бұрынғыдай қыбырлаған жәндік, жүгірген аң, ұшқан құс жер бетінен жоғалып, жым-жылас болыпты. Кенет аспанан қаһарлы қара бұлт арасыннан жер бетін найзағай тілгілеп, толассыз жауын-шашын құйсын кеп. Көп ұзамай аспанан сәуле түсіп, жер бетіне жарық орнады. Мен қатты қорқып, көзімді ашып ем, Айжебе де жырын аяқтаған екен. Зал ішінде үнсіздік орнаған. Екі әлем бір-біріне қарама-қарсы тұрғандай. Ол - жыр сүйер қауым және Айжебе! Қас-қағым сәтте зал іші сатырлаған шапалақ жаңғырығына тұнып кетті. Менің көзіме мөлдіреп жас келді. Досыма ерекше риза болдым.
Жанымдағы бірге жүретін, сүйген қызым Жанарға қарадым. Оның жанарына да мұңайып енген тамшы бетінен сүйіп сырғанай жөнелді. Өзгелер де мөлдір-моншақтарын абайсызда құлатып алыпты. Жыр сүйер қауым Айжебені сахнада жіберер емес.
- Жарайсың, Айжебе!
- Тағы бір өлеңінді оқып жібер!
- Айжебе өлең оқысын!
Көпшіліктің шулаған дауысы залды төңкеріп әкетердей. Жыр сүйер қауым сұрап қоймаған соң мүшәйра ұйымдастырған үлкен ағалар амалсыздан тағы бір жыр оқуға мұрсат берген.
Айжебе біздер отырған жақты бір шолып өтті де, жайлап жырын бастап кетті. Осы жолғы өлеңі махаббат лирикасы тәрізді. Әуезді дауысымен оқылған өлең құлағымызға жағып, елітіп барады. Өлеңін тыңдай отырып, белгісіз баққа тап болдым. Жо-жоқ, бұл бақ емес, жұмақ тәрізді! Мәңгілік көктем. Ақбас шыңдардан үзілген ақ моншақтар ақ жалды айдындарға айналып, еркелей аққан бұлақтармен құшақтасатындай. Қыз-көктем орамалын жаюы мұң екен, табиғат ұйқысынан оянып кеткені... Сылдырай аққан судан күміс табан тамшылар секіріп, сағынған өзенге жетердей қуануда. Сырғасын сыңғырлатқан әсем гүлдерге ынтық болған көбелектер көйлегімен гүл тербетіп, самал сыйлауда. Кенет жемістері самсаған, қараса көз тоймайтын ғажайып баққа кезіктім. Қозыкөш жерде ақ қайынды аққұба жігіт пен айдай сұлу бір ару айналып жүр. Қол ұстасқан екі ғашық дала төсінде жайқалған гүлдер көліне шомылып кеткен. Маған олардың махаббаты кіршіксіз һәм мәңгілік көрінді. Кенет әлдекім тасада тұрып ғашық жігітті сұр жебемен атып жібергені. Қақыраған жебе жігітке тимей, қыздың жүрек тұсына қадалып, гүлдердің жүзі қанға боялып кетті. Жер мен Көк қаңсырап кеткендей күңіренген дауыс естілді. Дүние дүр сілкінгендей. Жердің шаңы аспанға көтеріліп, сұлудың жанын көкке алып ұшып бара жатқандай көрінді. Ғашық жігіт бар дауысымен маң далаға айғайлап жіберді. Күңіренген дауыс әлемге таралып кеткендей. Мұңлы зар үрей тудырып, қорқынышты әуен жүрек шымырлатардай. Арада ай өтті. Жігіт сүйгенінің моласын құшақтап жылауда. Сақал-мұрты өсіп,әбден қалжыраған. Түрі адам шошырлық. Ол үшін бұл дүниенің бар қызығы таусылған. Ол дәрменсіз. Бірнене күннен бері нәр тартпаған ба, көздері шүңірейіп, бет сүйегіне ентелей енген. Бұл дүниеден баз кешіп, бар мұң-шерін молаға ақтаруда. Тағы бірнеше күннен кейін көздері жұмылып, қимылсыз жатқан, махаббаттың құрбаны болған жігіттің үстінде шыр айналып, оны шоқып жүрген қарғалар көрінгендей. Неткен аянышты махаббат! Махабат адалдығымен махаббат екенін түйсіндім.
Айжебе жырын үздігіп аяқтады. Бәріміз терең күрсініп,терең дем алдық.Сахна жап-жарық болып кетті. Жаңғырған шапалақ үдеп барады. Тек ол жалғыз. Ешкім сахнаға көтеріліп, құттықтауға батылы бармады. Әлдебір оның мұңлы өлеңдерінен секем алғандай. Ақын жаның енді түсіне бастағандаймын. Ақын бізбен бірге және жалғыз! Дұрысы – ол жалғыз! Жалғыздық ақын жанына ғана жарасатындай. Ол үндеместен жыр сүйер қауымға басын изеп, сахна шетіне беттей берді. Толассыз шапалақ жаңғырып тұр. Менің бойымды әлдебір мақтаныш сезім биледі.
* * *
Күздің сұп-сұр бұлты төбемізде үйіріліп, сұстана қарайтындай. «Алматының жылауық бұлты тағы да жауа ма?» дегенімізше болған жоқ, жауын сіркірей жөнелді. Өзіміз аздап қызып алғанымен малмаңдай су болмауды ойлап, жақын маңдағы ақын-жазушылар жиі бас сұғатын дәмханаға кірдік те кеттік.
Міне, «Қаламгерде» Айжебе екеуіміз шишаға бөгіп отырмыз. Кафе жабылуға таяу. Ақын-жазушылар бағана тарап кеткен екен. Екеуімізден басқа ешкім жоқ. Біз үшін өңкей жазғыштар дәм тататын киелі дәмханаға бас сұғудың өзі бір құрмет. Байқаймын, ол тым көңілсіз. Жанарлары сондай мұңлы. Қас батырдың қабағындай. Ол ішті, тағы ішті. Шүлпілдеген стақандардың бірінен соң бірін өңешке сілтей берді. «Болды, қойсаңшы енді, көп ішпе» деймін жаным ашып. Ол мені тыңдамастан тағы бір стақан арақ алғызды. Мен оны жарасымды етіп тұрған сұрқай кастюмге алғыс білдіргендей болдым. Ішіп алғанда көздері жұмыла береді екен. Әбден қызыңқырап алды ғой деймін, жүзі қызарып, үндеместен стақанға тесіле қарайды. Өлеңнен өшін алардай жыр оқи жөнелді
- Мыналарда да бірдеңе бар, ей! – деді жағымсыз күлкі құлақты осып. – Ақын санайды өздерің!
Жалт қарадым. Қашан келгені белгісіз, қасымызға өзін ақын санап жүрген Талғат есімді танысымыз келіп жайғасты. Жанында бір қызып алған ақын ағамыз бар. Өзі де қызыңқырап алғанға ұқсайды. Көздері ұйқы көрмегендей қып-қызыл. Бізді көзінің қиығымен бір шолып өтті. Бейне бір сынағандай. Столдың үстінде тұрған бір стақан арақты жұтып жіберіп:
- Қалайсыңдар, ақындар! Иә, Айжебе, өткенде өлеңінді жақсы оқыдың. Жа-рай-сың, ба-ты-рем! – деген дауысынан кекеткен үн естілгендей. Жұдырығымен үстелдің үстін дүнк еткізіп бір соқты.
- Сенің де дауысың жүдә жақсы шыққан болу керек. Бірақ өлеңің нашар жігітім,- деді Айжебе масайынқыраса да риясыз көңілмен.
- Нағыз ақындар ішіп өлең жазады дейді. Сен де солардың қатарындасын-ау деймін! –не дерін білмеген Талғат басқа тақырыпқа ауып.
- Жоқ, мен тек музам келгенде ғана жыр жазам. Музам келсе, шабытым да келеді. Ішімдіктің бұған түк қатысы жоқ.
- Айтасың-ау, өзіңдей бір тұлғалы ақын... Мұқағали... ішіп жүріп... Арақтан өлді! – дей бергенде, мен: «жетер!» – деп жекіп салдым. Ол маған ожырая қарады. Сұсты көзқарасы ешнәрседен тайынбайтындай көрінді. Мұнда отыра берсек бір пәлеге ұшырап қалармыз қаларымызды біліп, Айжебеге «кетейік» дедім. Ол да әрең отыр екен, алшаң басып есікке беттей берді. Соңынан мен де ілестім.
- Оу, ақындар, қайда барасыңдар?! – Талғат дауыстап жіберді. Оның дауысы даяршы апайға да жақпады-ау деймін, бетін тыржитты.
- Өй, өңшең кем-кетіктер, барыңдар музаларыңа! – осыны айтты да қолын сермеген күйі орындыққа сылқ етіп отыра кетті.
Далаға шықтық. Аспан қою бұлттанып, дүлей құйын жапырақтарды шыр айналдырып жүр. Сылқия тойып алған Айжебеге қоңыр күздің ызғары әсер етпейтін секілді.
- Бекболат! – деді мені масаң күйде құшақтаған күйі. – Жүрші, бір жерге барып жалғастырайық. Мен келіскен сыңай білдіріп, басымды изедім. Күрк-күрк жөтелген ақынмен автобус аялдамасына жатақханаға әрең жеттік. Басқа кафеге бармақ болғанымен, оның әлсіреген күйін көріп, құшақтаған күйі жатаққанаға жаққа қарай сүйрей жөнелдім.
* * *
Сессия басталғалы бірнеше апта өтті. Бүгін аяллдамада автобус күтіп, сәл бөгеліп қалғандаймыз. Біздің жатаққана жаққа баратын автобус аузы-мұрынынан толған екен. Қасымызға келіп көкжөтелі бар автобус біздің ауылдағы Бағдат ақсақалдай күркілдеп, гүр етіп тоқтады. Осыған қарап жатқан нөпір халық жоқ, итерілісе ішке енуде. Екеуіміз де ілініп-салынып міндік қой әйтеуір. Сығылысқан халық. Кенет көзіме елу жасты еңселеген жігіт ағасы оттай басылды. Ойымда «Мына кісі кім еді? Қайдан көрдім?» деген сұрақтар шарлап кетті. Бетіне тесіле қарап қалыппын. Ол Айжебе екеуімізге жақсылап бір қарап алды да, тіл қатты.
- Оу, інішек, танымай тұрсың ба? – жуан дауыс санамызды күркіретіп өткенде ғана есіме түскені. Иә, иә, мынау белгілі ақын ағамыз ғой. Мәссаған! Қалайша танымай қалдым. Ұят-ай!
- Ой, Тұқа аға, байқамай қалыппын. Танымай не көрініпті?
- Е, жастар үлкендердің өзін де, өлеңін де мойындамайтын болған заман ғой...
- О, не дегеніңіз? – деймін ақталып. Біртүрлі басымнын ауырғаны сауығып кеткен сияқты. - Керісінше, үлкендер жастарды мойындамайды ма деп жүрсем...
- Мына жігіт өткенде өлең оқымап па еді? – деді Айжебеге бұрылып. Айжебе терезе жаққа ойға шомып тесіле қарап тұрып еді, иығынан түртіп қалдым. Ол ақын ағасын бірден танып, қолын беріп, амандасып жатыр.
- Атың кім еді, бауырым!
- Айжебе.
- Иә, бала өлеңдеріңді оқыдым. Үлкен әсер алдым. Стиліңде өзгешелік бар, ешкімге ұқсамайды. Қазіргі кейбір ақындарымыз өзінің соқпағың іздемей, көне сүрлеумен жүйтки беретін. Еліктеу дегеніміздің өзі жас жас ақындардың діңкесін құртады, желкесін үзеді. Жаттандыға әуес болмауы керек. Ешкімге еліктемеген дұрыс.
- Аға, бізді қалай таныдыңыз, біз көп студенттің біріміз ғой, - дедім әңгімеге араласып.
- Е, шырағым, талант жасқа қарамайды. Сендерге айтарым: адамды атағына қарай емес, талантына қарай бағаландар. Өйткені адамның бойындағы дарын «Дарын» сыйлығымен де өлшенбейді.
- Иә, мынау сендерге сыйым болсын, - деді ол қара портфелін ашып, өзінің жыр кітабының бір-біреуін екеуімізге ұсынып жатып. – Бұрындары өлең кітаптарым ондаған мың данамен таралушы еді. Заманның ағымына қарай бір-екі мың данадан аса алмай отырмыз. Дүние-ай десеңші! Қай қазаққа жетеді мұндай түрімен. Бірақ ең бастысы – жырың от болса, өздері-ақ тауып оқиды. Көлге тамған тамшыдай ғой. Алыңдар, қажеттеріне жарап қалар. Кезінде бәленбай мың данамен тараған ақындар кітабын бүгінде 2-3 мың дана болып шықса да алып жатыр ғой. Оқырман он мың дана бола ма, бір мың дана бола ма, дарынды жазса іздеп оқиды.
- Дұрыс айтасыз ағасы, - деді Айжебе. – Кейбір ақын-жазушылардың кезінде бәленбай мың данамен шыққан кітабын ешкім іздемейді ғой. Яғни, ол талантсыз жазылған дүниелер.

Әңгіменің қызығына кірісіп кеттік деймін-ау, жұрттың бәрі біздерге қарап қалыпты. Алайда оған мән беріп жатқан ақын ағамыз жоқ, көсіле сөйлейді.
- Бұл заман - сөздің киесі қашқан заман, - деді Тұқа ағамыз терең күрсініп. – Қазір поэзия кімге керек? Қолымызға тиген азғантай кітабымызды өзіміз сатып, күнелтіп жүрген жайымыз бар. Мәдениет пен әдебиеттен сусындайтын қазағым жүр арба сүйреп. Таңның атысы мен кешті батысына дейін тырбаңдап, бала-шағаның қамын күйттеп жүр. Қайтсін енді, нарық заманында өлместің күнін кешіп жатыр. Ал келімсектер қазақ далада қой бағып жүргенде қаладан алып алған екі-үш пәтерін сорлы қазаққа жалға беріп, шырт-шырт түкіріп ақша санап жүргені. Таң атпастан иттерін серуендетіп, қыдырыстайды. Түк жұмыс істемейді. Олардың орнына қайран қазағым тер төгуде. Өз жерінде өгейсіп жүрген қазақтардан гөрі жайлы пәтерде диванда жатқан ауқаттылардың иттері әлдеқайда бақытты. Одан кейін «жұрт әдебиетті оқымайды» деп қалай айта айтамыз?
Біздің әңгімемізді тыңдап тұрған көшпенділердің ұрпақтары шындықты мойындағандай үнсіз. Ұнжығалары түсіп кеткен. Кейбіреулерінің жанарынан намыс ұшқының, енді біреулерінен ашу мен ызаның табы білінді.
- Мойымаңыз ағасы, заман әлі түзелер, - дедім.
- Е, бауырым, ақырзаман баласы маймылға айналып барады. Бұрынғы ата-бабаларымыз қандай еді, біз қандаймыз? Ұсақталып кеттік қой, ұстақталып. Баяғыдай сөзге тоқтау деген жоқ қазіргі заманда. Біреуіне жөнін айта бастасаң «мына шал не деп көкіп отыр» деп, өзіңнің жағана жармаса түседі. Немесе «философияның иісі шығып кетті ме?» деп кекететіңдерің қайтерсің. Қазіргі уақытта шындық жоқ қой, шындық жоқ. Себебі шындық ешкімге қажет емес. Жұрттың көбі түлкі өмірде маска киіп алғандай. Бұл күнде ақиқатын айтсаңыз жұрт сені жындығыа санайды, сыртынан күлкі етеді. Ұлтымыздың ұлттық бейнесі жоғалып барады. Біз кімбіз? Қайда барамыз?
- Аға, қазақ жомарт еді ғой. Бүгінде не боп барады, - дедім ұлтыма алаңдайтынымды аңғартып.
- Дұрыс айтасың бауырым! Жер бетінде қазақтай ақкөңіл, қонақжай, жомарт халық жоқ. Тек сол қасиеттерімізді жоғалтып алғандаймыз. Кейде өзге диаспора өкілдеріне жалпақшешейлік танытанымыз бізге кезірін тигізуде. Өзге жұрт біздің қонақжай-лығымызды пайдаланып, ойына келгенін істеп бағуда. Қонақ қашан да шаңыраққа қарауы керек. Қазақстанды тек ұлтына жанашыр азаматтар басқару керек емес пе? Ендігі үміт жастарда. – ол біздерге үміт еткендей мұңлы жанарымен қарай берді.
Әңгімеміздің қай ауанда өрбігендігін тыңдап тұрған Айжебе ойға шомып кеткен. Жылқы мінезді халқының болашағына алаңдап кеткендей. Үнсіз. Қабағы қатулы. Көздері тым қырағы. Дәл шекара күзеткен әскери сарбаздай. Кенет салмақты дауысымен:
- Намысы бар жастар тұрғанда ұлтымыз ешқашан жолғалмайды,- деді дауысы қатардағы жауынгердей санқ етіп. Дауысы қаттырақ шығып кетті білем, автобус ішіндегі қазақтарды селт еткізді. Олар Айжебеге жалт қарады. Жанарларында жанартаудай ұшқын пайда болғандай.
- Жастарға сеніңіз аға, - деді нығырлай. - Ақын Мағжан арысымыз да «арыстанндай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, мен жастарға сенемін» демеп пе еді? Жастарға сенім артып еді ғой. Жастарымыз ызғарлы желтоқсанда, келімсектер қазақ жеріне үстемдік еткенде мұз құрсауының астынан бейшешектей намысымен жарып шығып еді. Тәуелсіздік туын желбіреткен солар еді. Әлі талай намысты жастар ел билейтін болады.
- Сенің сөздерің менің жүрегіме үміт бергендей, бауырым! Жастар біріксе, қай істі болмасын тау қопарады. Намысты жастарымыз көп болғай! – осыны ақын ағамыз айту мұң екен, кондуктор ағамыз түсетін аялдамаға автобустың жақындап қалғанын орыс тілінде хабарлап жіберді. Ағамыз қабағын шытып, «өй, өңкей қиқым, өз тіліңді білмесеңдер, адам болмайсыңдар! Абая дегені несі? Абай көшесі емес пе?! – деді кондуктор мен шопыр жігітке айғайлады. Ол шыныдай шытынап тұр. Сәлден соң әлгілер ұялды ма, төмен қарады. Тұқа аға бір тілім қағазға мекенжайын жазып, Айжебеге ұсынды.
- Жалғыздықтан жабыққанда бір соғарсың, сайысатын саңлақ қалмай тоғысарсың - деді екеуімізбен қоштасып жатып. Есігі сықырлай ашылған автобустан түсіп қалдған ақын ағамыздан көз алмадық. Көлігіміз көп кідірмей қайта күрк етіп бір жөтелгендей болды да, әдепкі маршруты бойынша жүріп кетті. Мені ақын ағамыз «неге олай айтты екен?» деген ой құшақтай берді. Айжебеге қарасам, ол да ой әлеміне сапар шегіп кетіпті.
* * *
Бүгін сенбі. Төртеуіміз университеттен шығып, қайда баратынымызды айтып жатырмыз. Сәлім мен Айжарық туған-туыстарының үйіне қыдырыстап келгісі келетінін айтып, жатаққанаға бүгін қонбайтының айтса, мен сүйген қызым Жанармен бірге кинотеартдан кино тамашалайтынымды әңгімелеудемін. Тек Айжебе әдеттегідей үнсіз. Себебі оның жатаққанада өзге барар жері, басар тауы жоқ еді. Біздің әңгімеміздің төркінін ұғынып, өзін ыңғайсыз сезінді ме, әлденені ойлап, көңілсіз келе жатты. Автобусқа мініп, өз аялдамамызға жеткен бойда тарыдай шашырап кеттік.
Сағат 8-дер шамасында уәделескен жерде Жанарды күтіп тұрдым. Кинотеатрға барсам, ағылған адамдарда есеп жоқ. Жанар бүгін махаббат жайлы кино болады деп еді. Әбиір болғанда үлгеріп кеше екі билет алған болатынмын.
Күзгі Алматы тұнжырап тағы көз жасын төгуге даяр тұрғандай, әлсін-әлсін күрсінгендей найзағай шатырлай жөнелді. Далаға сәл кідірсем, жауынның астында қаларым анық. Менің ойымды оқып қойғандай көп кешікпей Жанар да келіп жетті.
- Ту-у, қыздардан әрең қашып шықтым ғой, - деді күлімсірей менімен амандасып жатып. Қалжыңдаған түрі.
- Әлгі махаббат туралы кино басталып кететін шығар, ішке кірейік. Қалай аталушы еді?
- Есімде жоқ, әйтеуір махаббат жайлы.
- Иә, шынайы махаббат жөнінде болса, неге көрмеске? - деппім туп-тура махаббатқа шөліңкіреп жүрген жандай.
Кинотеатр ішіне еніп, орындыққа жайғаса бергеніміз сол еді, кино да басталып кетті. Кинотеатр іші мүлгіген тыныштық. Біздер сияқты ғашықтар әлденені айтып, өзара күбірлесіп қояды. Құшақтасқан жастар. Әнебір қазақ қызы жігіттің мойына асылып алыпты. Ішімнен «Қазақтың қай қызы жігіттің мойнына асылып еді. Сағызша жабысқан замандастарым не боп барады?» ой мазалады. Арасында өзіміз сияқты студенттер бар. Әй қайран студенттер-ай. Қалтасыңдағы соңғы тиыны қалғанша қызық іздеп, қыдырыстап жүргені. Бәлкім, студенттік өмірде барлығын көргісі келіп, жанталасатын шығар. Әсіресе, жігіттер жағы ұнатын қызының көңілінен шығуы үшін киноға да кафеге де апарып, сыйлап жүргені. Қайтарда соңғы ақшасына қызын таксиге отырғызып жіберіп, өзі бірнеше квартал жерді жаяулатып, шарлап қайтады. Міне, сүйіктісіне деген құрмет!
Ойланып кеткем керек, иығымнан Жанар түртіп қалып, жүзіме бұртия қарады. Алакөлеңке кинотеатр ішінде бейне бір екеуіміз ғана отырғандаймыз.
- Не саған кино ұнамай ма? – деді бұртиған күйі.
- О, не дегенің? Ұнап отыр. Мына бай қыз бен кедей жігіттің махаббаты тіпті қызық екен.
Жанар маған таңырқай қарады да, алақанын алақаныма тигізді. Денем біртүрлі тоқ соққандай дір етіп, теңіз денем толқып кеткені. Экрандағы албырт жастардың әрекетіне сүйсініп те, күйініп те отырмын. Үріп ауызға салардай әдемі қызға ғашық болған ғашық болған кедей жігіт екеуінің арасында тұтанған махаббаттан, іңкәр сезім, жастықтың буына мастанып түнді бірге өткізген екен. Аяғы ауыр бойжеткенді жігітіне қосқанның орнына қудалаған әкесінің ісі жиіркендірді. Иә, не деген сұмдық! Бұл күнде қыздар қарыны шартиып, жаңа үйдің босағасын аттап жатады! Сағызша жабысқан жастар-ай!
Мына махаббат киносы қанша қызықты әрі шытырманды көрінгенмен, есіме өңі қашып, тұнжыраған Айжебе келді. Иә, ол бүгін тым-тым көңілсіз еді. Жабырқаулы жүзі көз алдымнан киноның лентасындай өтіп жатты. Беріліп кино көріп отырған Жанардың көңіл-күйін бұзғым келмесе де: «Жанар, дәл осы киноны кейін қайта көрерміз, кетейікші» деп қиыла өтіндім. Ол абыржулы түріме тесіле қарады да, басын изеді.
Көшеде қол ұстасып келеміз. Алматының самаладай жарқыраған түндері неткен әсем. Күндізгідей көлік ағыны болмаса да, әжептеуір көлік жарығы көзге шағылысып, аққан жұлдыздай зымырап өтуде. Жұлдыз демекші, аспанда жұлдыздар самсап, піскен жемістей үзілейін деп тұрғандай. Ай да ажарлы бойжеткендей толысып кеткен. Бәрі біздің махабатымызға куә болардай. Бірақ маған жанымдағы Жанарым бәрінен қымбат көрінді.
- Ақындар махабаты қандай болады, - деді сүйіктім тосынан сұрақ қойып.
- М-м.. қалай айтсам екен?
- Соншалықты қиын ба?
- Ақындар махабаты тым шынайы, әрі қияли болатын сияқты. Оны сөзбен айтып жеткізу тіпті мүмкін емес.
- Өлеңмен ғана десейші!
- Иә, тек өлеңмен ғана жеткізуге болар. Ақын жырларымен ғана жан-сырын ақтарып, ақ параққа ақ жауындай төгеді. Кеудесінде күмбірлеп, сарқырамадай арқыраған бұлақ өлең тууы үшін де ессіз ғашық болуы керек. Әр ақынның музасы болады. Ол – жер бетіндегі ең нәзік сұлулық. Ақынға дем беретін де сол, шабытын шалқытатын да сол...
- Муза!?
- Иә, Муза! Ақын үшін ең қастерлі де қасиетті осы – Муза! Сондықтан музасыз шынайы өлең тумайды. Ол ақынның идеалына айналады. Ол поэззияны тудырады.
- Жұматай Жақыпбаевтың Ләйләсі сияқты ма? – деді Жанар ақындықтың астарына үңілгісі келгендей.
- Дәл солай. Муза ақын үшін тым-тым қасиетті. Ақын ұғымында тек қасиет ұғымында жүреді. Муза тамақ ішпейді, киім кимейді, сүйеді, қиялдайды. Білуімше, бұл дүниеден рахат көрмей өз отына өзі қақталып өтеді екен.
- Қызық екен, - деді Жанар, не шошып, не таңырқасын білмеген күйі.
- Қызық емес, қиямет десейші!
- Бекболат, сендегі махаббат қандай? – оның көздері ұрлана қарады.
- Мен шын ақын бола алмаспын, - дедім миығымнан күліп.
- Неге? Сен де өлең жазасың ғой.
- Өйткені... Өйткені менің музам жоқ. Менің өлеңдерім нағыз ақындардың жанында жіп есе алмайды.
- Мен ше, мен муза емепін бе? – деді шынымен өкпелеп.
- Кешір, сен муза емессің, мен ақын емеспін! Өлең жазғанының бәрі ақын емес.
- Ал, шабыт ше? – деді тек тұрмай. – Шабыт болмаса қалай өлең жазып жүрсің?
- Шабыт өткінші бұлт сияқты. Ол келсе, ақ параққа төгілдіре жазып, жоқ болса, сопадай басың жалғыз қаласың. Шабыт күнде келе бермейді ғой. Ал мықты ақын болу үшін көп ізденуің керек. Шаршап, шалдығып, жалықпай ізденсең тәуір ақын шығып қалуы мүмкін. Әйткенмен көп оқып ақын бола алмайсың. Ол – Алланың берген сыйы. Ақындар әлемі өзінше әдемі.
- Ту-у, ақын болу үшін бір университет тауысу аздық етер. Ақындардың өз әлемі болады дейсің бе?
- Әрине бар, - дедім жұлып алғандай. – Тек оны көзбен көріп, қолмен ұстай алмайсың. Ол жөнінде кейінірек айтармын.
- Неге?
- Өйткені ақындар әлемі кездейсоқ айтылатын әңгіме емес. Айтқанымен, ақындыққа жақын болмасаң, түсіну, оның астарына үңілу мүмкін емес.
- Сонда не істеу керек?
- Ақындар өлеңін жан-тәнімен тыңдай білу керек.
Жаяулатып байқамаған екенбіз, аялдамаға келіп қалыппыз. Сүйгенімнің бетінен сүйіп, сиқырлы жымиыспен қоштасып, таксиге отырғызып жібергенім сол екен, есіме Айжебе түсті. «Бір бәлеге ұшырап қалғандай, жүрегім секем алғаны несі?» дедім өзіме-өзім күбірлей. Таныс нөмірлі маршруткаға «қарғып» мініп, «жатаққана қайдасың?» деп зулап келемін. Асыққанымды қоғамдық көлік сезгендей әрі кешқұрым кешке көлік ағыны аздығынан ба, әйтеуір зулап келеміз. Ойымда тек Айжебе. Бағана өмірден түңілердей болып еді. Өңі бозарып, жүзі қуаңқы тартқанын бұрын көрмеппін. Міне, әйтеуір жатаққанаға да жеттім-ау. Көліктен түскен бойда аяғымды тезірек баса түстім. Кіре берісте отырған сары тісті вахтерша апай маған көзінің қиығын бір салып, сағатына қарады.
«Айжебе келді ме?» деп едім басын изеп, еріншектеу жауап берді. Екінші қабатқа көтерілгенімде дәліз алакөлеңке әрі қарағылау екенін байқадым. Төменгі қабаттан әлсіз сәуле түседі. Студентердің көпшілігі туған-туыстарының үйін аралап кеткен бе, жым-жырт. Өзіміз тұрып жатқан бөлменің есігін ашып ем, жазиралы далаға сазына тап болғандаймын. Таныс дауыс құлағыма тым тітіркеніп естілгендей. Домбыра үні. Әрі Айжебенің дауысы ғой бұл. Айжебенің домбырамен ән айтқанын естімеппін. Көзіме жарық орнына шам жағылғанын көрдім. Алакөлеңке бұрышта көздерін тарс жұмып, ыңылдап Айжебе отыр. Балауыздың қолаңсы иісі мұрынға келді. Шырақ жағылған бөлме іші тамаша әсер береді екен. Домбыраның әуеніне елігіп Айжебе жұмған көздерін ашар емес. Мен кіре бере берістегі төсекке отыра кеттім. Бейне бір спектатль сияқты әсер берді. Айжебе менің келгенімді байқаған жоқ, әуезді дауысымен әнді қайта-қайта шырқайды.
Көңілің неге алаңды,
Күттің бе, әке, балаңды?
Беріле айтқаны соншалақ, көздерінен ыстық жас ыршып шығып жатқандай. Қорқыттың қобызының үніндей қорқынышты мұңлы дауыс мені шошындырып әкетті. Ол тылсым әлемнің сырын ұққысы келетіндей. Арасында күбір-күбір етеді. Алакөлеңке бөлмеде оның жүзі тым айбарлы көрінді. Таңырқап отырмын.
- Айжебе саған не болған? - дедім шошытып алмайын деп ақырын ғана. Менің дауысымды естіп ол әлсіз ғана жарығы бар бөлмеде аруақ көргендей ыршып түсті. Жанарларынан қорқыныш көрдім. Мен екенін көрсе де, қолдары қалшылдап кетті.
- Сен...сен...мұнда қашан келгенсің? – дауысында үрейлі діріл бар.
- Біраз болды.
- Киноға бармадың ба? Апайының үйіне қонам деп едің ғой?
- Иә, солай ғой. Тек сен бүгін қобалжулы көріндің. Сені жалғыз қалдырғым келмеді.
- Уһ, - деді ол терең демін алып. - Сенің келгеніңді қалай байқамай қалғанмын.
- Әнге тым беріліп кетіпсің. Не болды сонша?
- Жалған дүние-ай!– деді күрсініп. - Әкем мен анамнан жастайымнан айырылып, соларды сағынып отырғаным ғой. Бүгін солардың дүниеден өткен күні еді...
- Досыңа сырынды айтсаң, жеңілдеп қаларсың, - дедім ішкі сырын ақтаруға тырысып. Ол ұзақ ойланды. Сүт пісірім уақыт бойы бір-бірімізге тіл қатпадық. Шыдай алмай кеттім.
- Ішкі сырыңды ақтарсаң жеңілденіп қаларсың,- дедім әңгімесін тыңдауға аңсарым ауып.
- Атсам айтайын. Жанұям менің - шағын жұмағым еді. Әлі есімде, бала күнімде ауылда әкем ат үстіне отырғызып, аттың тізгінді қолыма беретін. «Балам, қазірден бастап қиындықты жеңуді үйрене бер, бойында қорқыныш болмасын» дейтін. Бес жаста атқа отырып шаппақ түгіл, атқа отыру өзге қайдам, мен үшін қиямет-қайым еді. Сөйтсем өздерін өмірден ерте озатының білгендей мені үлкен өмірге дайындап кеткен екен ғой. Әкем керемет күйші, анам әнші еді. «Балам өскенде өнер адамы боларсың» дейтін. Сол күндерді қимастықпен еске аламын. Асқар таудай әкем де, жүзі мейірім шуағы төгілген анам да бірінен соң бірі сырқаттанып, қайтыс болды. Олардың өлгеніне сенбегендей үй ішінде күбірлеп, есімнен адасып қалыппын. Осыдан кейін әкемнің ағасы Қалдыбайдың қолында тәрбиеленіп өстім. Тек өсе келе мұным алысқа бармады. Өзіммен-өзім түн ішінде күбірлеп, ақ қалам мен ақ парақты іздейтінімді шығардым. Әсіресе, күн күркіреп, шауын-шашын сіркірегенде сұмдық шабытым оянатын. Жұрттың бәрі найзағайдан қорқып, есік-терезесін жауып жатқанда, мен қара аспанға екі қолымды жайып, мөлдір тамшыларға тамсана қарап, күбірлей береді екем.
Бірнәрселерді шимайлайтынымды байқап қалаған ағайыным маған келіп: «Ақын болу – не теңің?! Сенің атаң да суырып салма ақын болған. Тілі өткір еді. Байларды сынап, кедейлердің мұңын жоқтады. Ал, атаңа не болды дейсің ғой?! Ол ақындығы үшін атылып кетіп, Сібірге жер аударылып, айдалада өлген!» Әрең шыдап оырған мен ызаға булығып кеттім. Ол маған «ақындыққа жолама, ол сені түбі құртады!» дейтін. Бірақ мен өлеңді тастай алмадым. Өзіммен-өзім күбірлеп, ақ парақ бетін шимайлай бердім, шимайлай бердім. Мұнымнан қорыққан ағайыным мені балалар үйіне өткізбекші болғанда, құжаттарымды қойныма тығып, ебін тауып кешкісін қашып кеттім. Жүк тиейтін пойызға отырып, таң ата үлкен қалаға жеттім. Бейтаныс тас қала. Қалтамда көк тиыным жоқ. Тас көшелер. Өзіме-өзім келе алмай түске дейін сеңделіп жүрдім. Вокзал маңында әрі-бері ағылған адамдарға үңіле қараймын. Қарным ашып, сілекейім шұбырды.
- Қиын болған екен. Сосын қайттің?
- Қайыр сұрауға намысым жібермеді. Сол кезде бір қазақтың қара кемпірі сөмкесін көтере алмай келе жатыр екен. «Апа, көмектесіп жіберейін» деп сөмкесіне жармаса кетіп ем, «білем сендерді, сөмкемді ала қашпақсың ғой» деді маған шүйлігіп. «Апа, апатай, мына қаланы мүлдем білмеймін, ауылдан келіп адасып қалдым» дедім жыларман болып. Көзіме ыстық жас үйірілді. Кемпір менің алдап тұрмағаныма сенді ме, «Жарайды, тек меннен алысқа ұзап кетуші болма!» деп ескертті. Кемпірдің алдына түсіп, әлсіреген денеммен ауыр сөмкені әрең көтердім. Әлде нәр татпаған соң жүгім ауырлап кеткен болар. Үйіне де келіп еттік-ау. Үйі вокзалдың маңында екен. Алғашқыда қария сескенгенімен, менің ақжарқын жүзім мен аңқылдаған көңіліме иланды ма, кешкі ас берді. Басымнан өткен оқиғаларды бүге-шігесіне дейін айтып, барар жер, басар тауым жоқ екеніме көзін жеткізіп ем, бір күн қонуға мұрсат берді.
Кемпірдің аты - Камила еді. Көп айғай-шуды жақтырмайтын. Жаны адалдық пен шынайылықты сүйетін. Алпыстан асқанымен, көздері газет-журналды мүдірмей оқитына таңғалдым. Әдебиетті де сүйіп оқиды екен.
Ертеңгісін кемпірге қолғабысымды тигізіп, раметімді айтып, үйден кетейін деп жатыр ем, «Қала кезгенде қайда барасың? Сенсіз де қалада қаңғыбастар жетіп жатыр. Мұнда қалағанынша тұра бер» деді бейне бір өз немересін қарап. Содан бері Камила әжей өз әжемдей болып кетті. Ол маған өте жақсы қарады, тек түсіме ата-анам жиі кіретін.
Жатаққана ішінде тыныштық орнап, оның бақытсыздығына дәл мен кінәлідей сүмірейе қалдым. Ол бір сәтке мұңайып отырды да, домбыраны күмбірлете қағып-қағып жіберіп:
«Көңілің неге алаңды,
Күттің бе, әке, балаңды» деп сарнай жөнеліп еді, көзінің мөлдір-моншақтары сырғанай жөнелді. Меннен қымсынған жоқ. Алакөлеңке бөлме іші күңіреніп, мұңға шомып тұрғандай. Сол сәтте оның бақытсыздығы менің бақымсыздығым секілді көрінді. Тіпті май шам қалай төмен салбырап кеткенін байқамай қалыппын.
- Түнде тұрып, күбірлеп өлең жазатыныңды Калима әжей де байқаған, - деді домбыраны төсекке сүйеп жатып.
- Содан не болды? – дедім күнәдан құтылғаныма қуанғандай.
«Байқа бала! Бұл сені түбінде құртады. Ақындардың соңына ілеспе, ілесетін болсаң құрыдым дей бер. Түбі терең шыңырауға кетесің» - деді. Әжей маған қатал жүзбен қарады да: «өлеңдеріңді жыртып таста, өртеп жібер, әйтпесе құрисың» дегені. Сол кезде мен Камила әжейдің айтқанына сене қойғам жоқ едім. Ал бүгінде ақылымнан адастым ба, әлде алжастым ба, білмеймін, бірақ өлеңсіз өмір сүре алмаймын. Өлеңсіз өмірімде түк қызық жоқ. Мен тек өлең үшін өмір сүріп жатқандаймын. Өлеңім өміріме айналды. Дұрысы, бұл өмірде жұбанатын ештене таппаған соң өзімді өлеңге айналдырдым.
- Неге? - дедім шынымен таңырқай.
- Өмірде жалған күндерден жалыққан соң өзгеге емес, өлеңге мұңымды айттым, сырымды айттым. Күрмеулі жіптің ұшын ұстап, шешімін таба алмай жыр жазамын. Құлагер жырым шаба ма, әлде мертіге ме, оны уақыт көрсетер. Осыдан кейін өлеңді жасырынып жазатын болдым.
- Камила әжейді үйінен біржола кеттің бе?
- Иә, ақын өз әлемінен басқа әлемге сыймайды екен. Ер жетіп, есейгенде кету керектігін ұқтым. Алматыда орта мектепті бітіргенше Камила әжейдің немересі болдым. Ол кісі өте қатал, талапшыл, бірақ жаны жұмсақ жан еді. Күнде сабағымды қадағалап отыратын. Ара-арасында келіп сабақ оқып отырғанымды байқап кететін, шамасы өлең жазып отырған жоқ па екен деп ойлайтын болуы керек. Әжей зейнатақысын алғанда киім-кешек, қағаз-қалам алып беретін. Жолыма берген ақшаны жинай жүрдім. Бірақ ашуым келді. Есейген соң намыстандым да сабақтан келген соң орталық базарға барарға барып шемішке, түрлі тәттілер сататынмын. Әжейдің «керегі жоқ, сатпай-ақ қой, зейнетақым екеуімізге де жетеді» дегеніне қарамастан түнгі күзетке де орналастым. Оным тіпті жақсы болды. Өлеңімді күзетші бөлмесіне кіріп алып, емін-еркін, тығылмай, бұрқыратып жазатынмын. Сабағыма да дайындалып үлгеретінмін. Мектепті жақсы бітіріп, ақысыз жоғарғы оқу орнына түсуіме де сол кісінің көп еңбегі сіңді.
- Қазір әжей қайда? Қайда тұрады? - деппін жан жарасын тырнап алғанымды аңғармай.
Айжебе терең демін алып, біраз ойланып отырды.
- Ол мәңгілік өмірге аттанған. Артында ұрпағы болмаған соң үйі мемлекетке өтті. Мен баспанасыз қалып, «жетімбұрыштан» пәтер жалдап тұрдым. Ол кісі дүниеден өткенде әке-шешемнен айрылғандай боздай беріппін. Алтын кісі еді ғой, жарықтық!
Ол күрсінді. Төсектің іргесінде тұрған домбыраға тесіле қарады. Сәл мұңайғандай.
- Камила әкейді әке-шешемнен кем көрмеймін, - деді Айжебе сөзін жалғап. – Бір күні басына құлыптас орнатармын. Парызымды өтермін.
- Әрине, - дедім құптай кетіп. – Жақсылыққа жақсылықпен жауап беру керек.
Әңгіменің қызығына батып аңғармай қалған екенбіз. Айдарынан шуақ шашып таң да сұлуланып атып келеді екен. Әбден шаршағаннан ба, екеуіміз екі төсекке жантая кеттік.
* * *
Қазақтың ақылмен ойнайтын тоғызқұмалақ ойының Айжебеден үйреніп алдым. Бірер ай жатаққана ішіндегілермен ойнап, әжептеуір тәжірибе жинақтаған сияқтымын. Бүгін тоғызқұмалақ үйреткен ұстазыммен жекпе-жекке шығып, шындап ойнап жатырмын. Барымды салып ойынға кіріскенімен, дес берер емес. Оның ойынға берілетіні соншалық, бар өмірін осы ойынға тіккендей әсер қалдырды. Әбжіл әдіс қоданып, құмалақтарымды түгелдей сыпырып барады.
- Ойыннан ешқашан жеңіліп көрген емеспін! Тағдырымнан жеңілермін, бірақ ойыннан жеңілмеймін. Ойынға ойын деп қарама, бұл өмір сияқты вертуалды емес. Қарсыласың досың болса да, қақыратып өт! Өмір мені осыған үйретті.
Шылымды саусағының арасына қыстырған күйі көк тұманға үлесін қосып жатыр. Будақтаған түтін санамызды улайтындай әсер қалдырды. Темекісін күлсалғышқа тұқыртқан соң, ауызы ашық шишаға қол жүгіртті. Арзанқол шишадан бір-екі стақанды асқазанға жібергенен кейін әңгіменің көші ұзай берді.
- Тоғызқұмалақты қайдан үйрендің? - дедім жеңіске деген ұмтылысына сүйсініп. Жатақанадағы қыз-жігіттердің көпшілігін тоғызқұмалақ ойынынан жауырының жерге тигізгенімен, Айжебеден ұтылған үстіне ұтыла бердім. Ол менің сауалыма дана қарттай ойланды да:
- Елімізге танымал емес бір дала академиктен, - деді жымиып. Мен таңырқай қарадым. Жасына қарамай үлкен үлкен ағалармен араласатын Айжебе үйренсе, үйренген шығар деп топшыладым.
- Қай академиктен?
- Кім болушы еді, Камила әжейден ғой баяғы, - деп күліп жіберді. Осы кезде бөлме есігі ашылып, Сембектің жайдары жүзі көрінді.
- О, жігіттер, отырып қалыпсыңдар ғой. Кәні, бір-бір стақаннан алып қоялық, - деп бір жарты арақты жылт еткізді. Айжебеден арақты ішер-ішпесін сұрамастан шүлпілдетіп стақандарға шүлпілдетіп құя бастады. Бір стақанды тартып жіберген Айжебе төсекке жантая кетті. Байқаймын, біраздан соң әңгімеміз жарасып, гу-гуге басып жатырмыз. Айжебе екеуіміз тоғызқұмалақтың қызығына кірісіп кетіппіз. Осы кезде Сембек маған қарап тұрды да: «менің атам да әкем де бүкіл ауылды тоғызқұмалақтан табандарын тайдырып жіберіп, құлататын. Сондықтан мені де осал деп ойламаңдар», деді ол тастарды мәпелеп тізіп жатып.
- Қойшы ей, - дедім сеніңкіремей. – Алдымен мені ұт, сосын Айжебемен ойнарсың.
Қызу ойын басталып кетті. Сембек қипақтап әрі ойланады, сосын бері ойланады. Кенет есікті біреу сыпайы қақты. Студенттер қақпай-ақ емін-еркін кіруші еді, кім болды екен деп ойладық. Жақындау жерде отырған мен орнымнан ұшып тұрып, есікті ашып едім, күлімкөз екі бойжеткен сыпайы амандасты. Өздері уыздай жас әрі әдемі екен.
- Айжебе деген ақын осында тұрып жатыр деген соң келіп едік, - деді батылдау біреуі. Өзі орта бойлы, қоңыр көзді ару екен.
- Біздікі... М-м... Ақын ағамыздан қолтаңба алу рұқсат болса, - деді тәмпіш мұрынды, шашы әдемілеп өрілген сары қыз қылымсып. Ауызымды ашып қарап қалыппын.
- А-а, қыздар, келіңдер, төрлетіңдер! - деп бәйек бола қалдым.
Біздің дауысымызды естіді ме, Айжебе төсегінен тұрыпты. Менің соңымнан ілескен қыздар қыста тоңған торғайлардай үрпейісе қалыпты. Шамасы, ақын деген халықты жаңа көргендей қарашықтары бүрленіп кетіпті. Айжебе қыздарды қарсы алып, «Қош келіпсіздер!» деді де, екеуін орындыққа жайғастырды.
- Қолтаңба алуға келдік, дейсіздер ғой? - деді ол миығынан күліп. Ауызынан ішімдіктің мәуелі иісі мүңкіп тұрғанын елемеді ғой деймін, қыздардың түрінен жатырқаған сыңай білінбейді. Шамасы, тірі ақынды көріп, тілдескендеріне дән риза. Қызыңқырап алған Айжебе:
- Қолтаңба алуға келдің дер ме? –деді алғашқы сауалын қайталай. – Бекболат, Сәлім, несі бар аяулы жандар сұрап тұрғаннан кейін көңілін қайтармайық.
Екі қыз алма-кезек қойын дәптеріне қолтаңба қойғызып жатты. Арулардың мұнысына тіпті сүйсініп қалдым. «Мына рухани дүниеден алшақтап келе жатқан кезеңде ақынды іздеу ерлікпен пара-пар емес пе? Өлең бағасын, поэззияны бағалай білгендік қой бұл. Рухани азық іздеген жандар бар екен-ау» деп ойладым ішімнен.
Осы сәтте көзіме Сәлім түсті. Айжебенің танымал бола бастағанына қызықты ма, әлде ішімдіктің әсері ме, көңілсіз отырды. Менің тесіле қарап қалғанымды байқаса керек, жасанды жымиды. Неге екені белгісіз, түсі сұп-сұр болып кетіпті. Бағанағы күлкі үйірген жүзінен ешқандай белгі қалмапты. Сөйтті де Айжебені жорта қоштап: «ой, қыздар, келіп тұрыңдар, ақын ағаларың әлі өлең оқып береді» деді өзімсініп. Сөзінің жасандылау екенің өзі де сезді ме, асығыс сыртқа шығып кетті. Онысы қыздарға ұнаса керек, «Әрине, келерміз, тағы бір келгенде жақсылап тыңдармыз» деп екеуі де сыңғырлай күлген.
- Жарайды жігіттер, біз де қайтайық, - деді қоңыр көзді ару біртүрлі ыңғайсызданып.
- Ой, таныспапыз ғой, - дедім «кемшілігіміз» есіме түсіп. – Мен Бекболат болам, жаңағы шығып кеткен жігіттің есімі Сембек, ал мынау Айжебе ағаларың, оны өздеріңде жақсы біледі екенсіңдер. Жақынырақ таныстыра да алам, - дедім әдемі қыздарды көріп қалжыңға басып. Менің әзіліме қыздар ыржалақтап күліп жатып, «Еңлік, Нұргүл» десіп, қолдарын беріп жатты.
- Мәссаған! Өңкей гүлдер келіпті ғой, - деппін қалай айтып жібергенімді аңғармай.
- Өлеңіміздің бәрі Рудаки, Сахи ақындардыкі сияқты гүл туралы болатын болды ғой, - деді Айжебе күлімсірей танысып жатып. Екі ару қысылғандарынан беттері қызанақтай болып кетті. Оны өздері де сезді ме, бір-біріне қарап, біздерге «Жарайды жігіттер, біз қайтайық. Айыпқа бұйырмаңыздар» десті. «Қыздар, келіп тұрыңдар», - дедік біз бейне бір бұрыннан таныс адамдарша.
* * *
Айжебенің атағы уақыт өткен сайын студенттер арасында тез жайылып, қиылып қолтаңба сұраушы қаракөз арулар көбейіп кетті. Алғашында таңсық көрінгенімен, кейін оған да бой үйреніп кетті. Ал оның өлеңдерін сүйіп оқитын қыздар жиі келіп жүрді. Әсіресе, Еңлік пен Нұргүл жиілетіп келіп тұрушы еді. Міне, бүгін тоғызқұмалақты ермек қылып отыр едік, күлімсіреп екеуі тағы келді. Төртеуімізбен ілтипатпен амандасып жатыр.
- Міне, өлең оқуға қыздар да келді, - деді Ақжайық көзін біздерге қысып қойып. - Келіңдер қыздар, мен дастархан жайып жіберейін. Мәссаған, мен жоқта бұлар әдемі қыздармен танысып алыпты ғой.
Қыздар беттері ұялғаннан Алматынын апортындай қызарып кетіпті.
- Қажеті жоқ. Біздер көп бөгелмейтін шығармыз.
- Қазір, демде-ақ дайын болады. Ал сіздер жақсылап жайғаса беріңдер.
Қыздар «біздер көмектесіп жіберейік» деп еді, ол күлімсірей тіл қатып: «қонақ, сірә қойдан жуас болар» деп қағытып өтті.
Айжебе тұйықтау болғанымен, театрдың сахнасына жіберсе де қыңқ демейтіңнің нағыз өзі. Әлденені айтып күлдіріп, іш-бауырына кіріп алады. Бізде одан «сен көңіл-күйің жоқ болса да неге күліп жүресің?» деп сұрағаным бар еді. Ол болса: «Өмір деген қатыгез. Адам әрдайым қайғы-қасіретте жүріп, бір уақыт жанына сая таба алмаса, өмірден баз кешіп кетуі мүмкін. Сондықтан көңіл көтеру керек. Күлген жақсы, жандүниеңдегі ауыртпалықтан бір сәт болса да арылып, жаның жай табады. Жөнімен күлсең – күлкінің де пайдасы бар. «Күлкі - өмір, күлдіре білу - өнер, күлкі болу - өлім» деген бар. Сондықтан ішінде алай-дүлей боран болып жатса да, қиындыққа мойымай, достарына ашық-жарқын болып, дұшпанына жонынды күжірейтіп жүр» дегені бар еді.
Нұргүл мен Еңлік елімізге танымал ақын өлеңдерін жатқа соғады екен, кезек-кезек өлең оқыдық. Айжебе ақындар өмірі жайлы әңгімелер айта бастады. Өзінің өмірі сияқты сүйіспеншілікпен әңгімелегенде екі қыздың ауызы ашылып, таңырқай құлақ тосатын. Бүгін де сөйтті.
- Ақындар бүгінде өз бағасын ала алмай жүр, - деді Айжебе сәл мұңайып. – Мұқағалиды да кезінде көзге ілмеді ғой. Ақын өлгеннен соң ардақтап, артынан жылап-сықтап қалды. Жалпы ақын деген халықтың қадірі кеткелі қашан. Сөзді қадірі кеткен заманда ақындығың кімге керек?
- Ия, солай болғаны аянышты-ақ, - деді Еңлік. – Мұқаңды да кезінде ішкіш деп кеткен бар арамызда. Ол не үшін ішіп кетті? Ешкім түсініп болмайды. Талантты өлген соң ғана қадірлейді бұл қазақ. Көзі тірісінде бағаланбайды дарындылар. Бағаламайтыны несі? Қарындылар қашанғы дарындыларға бөгет болады?
- Оны айтасыз, Махамбеттің басын алып, қорлады ғой, - деді Нұргүл шынымен жаны ашып. – Махамбеттің өлеңдері қандай, жырлары қандай, сарыны жетік, ойлары ұшқыр! Көре алмады ғой бұл қазақ. Біреу өрге шығуға талпынсаң көтеріп, демеп жіберудің орнына, аяғынан тартып құлатады. Бірін-бірін көре алмаушылық бар бізде. Біріксек қой, бізді жау алмайды.
- Күншілдік десеңізші, - дедім ойларына қосыла.
- Дарынды көре алмаушылық, қып-қызыл қызғаныш қой бұл. Атқамінер азаматтар көре тұра саусағының ұшын қимылдатпайзы. Қасым ақынға баспана алып бере алмай тентіреткен де солар. Ақынды ардақтаудың орнына алыстаудан тайынбады, ортадан аластатты, - деді Ақжайық.
- Ал Жұматай ше? - Еңліктің дауысы жарқын-жарқын шықты. – Оның еркелігін көтере алмады. Ақын болғаны үшін өзі де, жұбайы да қызметтен қуылды. Долы бір әйелі оның өлеңдерін өртеп, қызғаныштан ақындықтан ажыратқысы келді. Шіркін, Жұматай ағай Ләйласына ғашық болғандай маған да біреу ғашық болса ғой, арманым болмас еді, - деді Еңлік сәл төмен қарап мұңайып.
Кенет Айжебенің ойлы көздері Еңлікті аймалап тұрғанын аңғадым. Арудың да жанары сиқырлы жымиыспен ойын ойнап отырғандай. Бір сәттік үнсіздік жайлады.
- Иә, Омар Хайямның өлеңдері ғасырдан кейін жарық көрсе, Жұматайдың жауһар жырлары рухани азық - өлеңге шөлдеген адамдарджың жүрегінде үркердей жарқырап тұрары анық, - деді Айжебе ақын өмірі жайлы сөз қозғап. Ақын мың күндік қарға өмірді қаламай, бір күндік қыран өмірмен күн кешті. Өз тұғырында қалды. Қай заманда да ақын қаңғып өткен. Әділетсіздікті құрбаны болған. Пенделер арасында ақынға орын жоқ, ол бейне бір көктің адамындай. Адал адам арам қоғамда өмір сүре алмайды. Өмір тар - ақындар мен пайғамбарға.
- Ақынсымақтар қаптап кетті ғой бүгінде, - деді Назгүл мұңға терең бойлап. – Тек дарындылар қай заманда да жарқырап жүреді, мәңгілік өмір сүреді.
Мен шеттеу отырған Сәлімге қарадым, ол үнсіз. Біздің әңгімемізді ұйып тыңдап отырды да, әдетінше: «өмір-етіктің қонышынан басқандікі» деді өзеурей. Тоқетерін айтқанына риза болды білем, ыржалақтап күле берді. Ауызынан кешеден бері ішкен ішімдіктің мәуелі иісі аңқып тұрғанын елемедік, тек сөздерін ойлап, терең ойға шомып кеттік.

II бөлім
КазГу қалашығын дүрілдетіп жүріп, екінші курсқа қалай аяқ басқанымызды байқамай қалыппыз. Жазғы демалыста бәріміз ауылға барып, аунап-қунап, ата-әжелерімізбен, туған-туыстарымызбен көрісіп, жадырап қайттық. Тас қалада жүріп ауылды сағынады екенсің. Қала қанша әсем де әдемі болғанымен, сансыз ағылған көліктер ағыны, қым-қуыт тіршілік теперіші, тастан өрілген сұрқай кейпі еңсеңді түсіріп, мезі етіп жібереді екен. Шіркін, ауылды айтсаңшы. Тау етегі, әсіресе, көктем мезгілінде құлпырып, көңіліңді жадыратып, мерейіңді өсіріп жіберетің қайтерсің. Тауға асылған ерке сүрлеулер өзінше бір әдемі, биіктікке ұмтылатындай. Таудан аққан тентек бұлақтар сырғанай келіп, өзенге құйылуын көрудің өзі бір ғанибет. Жусан иісі мұрыныңды жарып, табиғат жарықтықтың әсемдігіне сүйсінесің. Белге шысаң тау самалы кекіліңді сипап, анаңның аялы алақанындай әсер береді. Иә, мұндай жерден ақын шықпауы мүмкін емес. Ақын деген халық осындай керемет өлкеден – маң даланың жұпар иісінен қуат алады емес пе? Тұмса жырлар тұнатын киелі мекен ғой, шіркін! Ақын демекші, біздің ауылдан атағы үлкенді-кішілі бірталай ақындар шыққан. Иә, енді есіме түсті: біздің ауылда Қайрат деген қияли ақын болған. Менен екі мүшел жас үлкен ауылдастарымның айтуынша, шашы қайратты, тік мінезді, адуынды ақын болыпты. Қоңырқай тіршіліктің тауқыметімен жүріп-ақ, екі ауыз өлең құрайтын. Ауылдың айтқыштарындай емес, кәдімгі ата-ана жайын, ел мен жер қамын күйттейді екен. Ауылдан ұзап кете алмай, тордағы бейкүнә тоты құстай торығып жүрген нағыз талантты ақын болған деседі жұрт. Мектепте жүргенде сұрапыл өлеңдерімен талайды таңдай қақтырған. Тек ақын жанын түсінетін ешкім жоқ. Айсұлу деген қызға ғашық болып, жыр жазғанда, әлгі ару мұны жұпыны тұратының есепке алды ма, мұның күні-түні дамыл көрмей жазған өлеңдерін жыртып-жыртып, бетіне лақтырып жіберген екен.
«Ғашық болып өлең арнап жүрміз біз, жырымызды жыртып тастап жүр бір қыз» деп күңіренеді екен. Жүрегі қан жылап қалған екен байқұстың. Ақыры әлгі ару бар ауқаттының етегінен ұстап кеткен екен деседі. Өмір-ай десеңізші! Ойыма осы оқиға түссе, үнемі тұнжырап жүретін болып алдым. Сүйгенінің жүрегін жырмен жаулай алмаған ақын ауыл шетіндегі бұлаққа келіп, сағыныштан туған сырға толы жырың оқиды. Ешкім оның жанын түсінген емес. Тек мектептегі жан досы, ауылда қой бағатын Сәрсек ғана мұны түсінуге тырысып, ақ бұлақтай арқыраған өлеңін тыңдайды екен. Шаруа жайымен жүрген өзге жұрт мұңы қияли санайды. Оны елеп жатқан ақын жоқ, отты жырын сыңғырлаған бұлаққа, көк шалғын, ұшқан құс, жүгірген аңға тыңдатады... Баяу ағып бара жатқан өзенге мұңың шағады. Екпіні басылмаған Қайрат ақынның аудиториясы - осы Сәрсек ғана.
- Қайрат сенің өлеңдеріңді тыңдаған сайын тұңғиыққа батам да, түк түсіне алмаймын. Мүмкін саған қалаға барып, белгілі ақындарға тыңдату керек шығар, - дейді жаны ашыған Сәрсек. Ақын тіл қата алмай, өлеңін одан әрі өршелендіре оқиды. Сәрсек мұның өлеңінен гөрі Қайраттың жай-күйін көбірек түсініп, демеу болуға тырысады. Жыр оқығанда жаны жадырап, жаңа бір тылсым әлемге енетіндей. Тек ол әлемнің әр құлпы бұл өлең жазып, оны оқыған сайын ашылатындай.
- Қайтесің торығып Сәрсек. Жан–дүниемдегі сырды жырға айналдырмасам, өліп кетуім мүмкін. Сондықтан маған жаның ашып, жыр тыңдағын келмесе, өзің білгін, - деді ақын. – Мені сыңғырлаған бұлақтар мен сыбдырласқан құрақтар да тыңдай алады...
- Қойшы соны, мен сенің досыңмын ғой. Елдің бәрі түсінбесе де, мен сияқты үғынуға тырысса, ақынға деген көзқарас өзгерер еді ғой, - дейді қарапайым қойшы.
Жырлары шағын ауылдан аса алмай, сол ақын араққа салынып кеткен көрінеді. Осы ойдын орманына еніп кетіп ем, ойыма Айжебе түсті. Қайда екен ол қазір? Бауыр басып қалғандықтан ба, жазғы каникулға кетерде біртүрлі досымды қимадым. «Менімен бірге ауылға тынығып келсеңші, ел мен жер көресің» деп қолқа салып едім, көнбеді. «Қалада жүріп жұмыс жасаймын. Біраз кітап сатып алуға қаражат жиып алсам деп едім, әрі ақын ағаларыммен кездескім келеді» деп еді жымиып. Оның жанарының жарқыраған ұшқынында қимастық сезім қалғаны аңғарылып еді. Кей-кейде көңілім жабырқағанда Айжебенің жырларын тыңдағым келіп кетеді. Айжебені ауылдағы Қайрат ақынның жырларын тыңдаған Сәрсек қойшы сияқты жан-жүрегіммен тыңдай алам ба деген ой мазалайды мені. Егер ақындарға қамқор болып, тілекші болып жүрсек, олардың мәртебесінің өскені емес пе? Өйткені ақындар адалдықтан айнымаған адаммен де, қасіреті көп қоғамммен де тайталысқа түседі. Қолымызға қалам ұстағаннан бері Айжебе немесе ауылдағы Қайрат секілді болғымыз келетіні-ай. Ойлап қарасам, қарапайым қойшы Сәрсек секілді тыңдаушы болғымыз келмейтіні қызық екен... Әйтеуір шын дарындарды, тізбелеп айтсам тұлпарлар мен тілеулестерді, таланттар мен тарпандарды анықтайтындай көрінеді маған.
* * *
Журфакты жағалайтындардың дені ауыл балалары болғандықтан ба, әлде ауылда өсіп, қиялмен қанат қағып келгеннен кейін бе, шетінен өлең жазғыш. Жылда оқуға түсетін елу шақты ақынның бір-бір үйдің еркесі болғанын тіс жармайды. Алғашқыда бұлардың барлығы топырлатып өлең жарыса оқып, жыр жазып, кімнің мықты екенін анықтауға тырысады. Ерекше екпінмен енген елу ақынның қатары бірінші курстың соғына таман сирей бастады. Студенттердің бұрқыратып өлең оқуынан кімнің нағыз ақын екенін аңғардық. Уақыт өте келе ағып тұрған ақын емес екенің аңғарып, мойындағандар нағыз ақынға жанашыр болып, оның өлең-жырын тыңдайды. Осылайша, шын ақынның тыңдаушысына айналады. Арқалы ақындар құрап өлең жазғыштардың көздерін бақыратып қойып: «Әй бала, өлеңнен аулақ жүр!» деп ағалық ақыл-кеңесін айтады. Мұны мен шынайы жанашырлық деп ұқтым. Себебі шынайы ақын болмасаң құрақ құрағандай ұйқас құрап, өлең жазудың тіптен кергі жоқ секілді. Саналылар мұны түсініп, дер кезінде өлеңнен күдерін үзіп, бірі прозаға, енді бірі ғылымның жалын ұстап кетті де, жаңа қырынан жарқырай көріне бастады. Бізден 2 курс жоғары оқитын Есен ақын ағамыз ұйқасы мен буыны ғана түзу, не айтар ойы, не көркемдігі жоқ бәзбір ақын інісіне: «Жігітім осы өлеңді қойсаң қайтеді. Жырларың жақсы болса, осы күнге дейін тым болмаса жатаққанада танылар еді ғой» деп ағалық ақылын айтып еді, әлгі жігіт:
- Бекер айтасыз ағасы, біздің де ақын болғымыз келеді, - деді тек тұрмай.
- Өзің біл! Кейін өкініп жүрмесе болғаны. Жасық жырларыңмен жұртты алдаусырат-қаныңмен қоймай, өнерге үлкен қиянат жасағаның дұрыс емес. Егер жарқырай көрінбесең, өлең жазудың қажеті не? Ондан да сені жарыққа алып шығатын басқа бір өнеріңді байқап көргенің жөн болар. Босқа уақытынды өлтіріп алма, жігітім!
- Ал, менің де ақын болғым келеді, - деді әлгі жігіт қызбаланып.
- Ақындық – Алланың берген сыйы. Оның оқу жоқ, бекер ашуланасың.
- Сіз мұны қызғаныштан айтып тұрсыз! Өзіңізден басқа ақындарды көзге ілмейсіз.
- Қателесесің, бауырым! Шынайы ақындарға батамызды біз де, ел де береді. Оларға қолдау көрсетеміз. Мұны әдеби ортадағы кез-келген ақыннан сұрап алсаң да болады, - деп Есен ағамыз сыртқа беттей берді. Ұзын коридорда бұл әңгімені тыңдап қалған қыз-жігіттер бір жағынан әлгі ақынсымақ жігітке жанашырлықпен қараса, енді бірі шындықты мойындағандай. Олардың көздері «Есен ағамыздікі жөн» дегендей үнсіз тарасты. Мен де солардың қатарына қосылдым. Ондай ақындардың өлеңін баспаға берсе, жырын өңдеп, жырым-жырым қылатынын еститінмін. Жиналып жатқан алқалы топқа барса, өзге ақындардың көзіндегі жалындаған ұшқын жанарын жасытатынын аңғардым. Сонда да қоймай ол күні бүгінге дейін ортақол поэзияның отын көсеп келеді.
* * *
Арқамызды кеңге салып, ауылдан демалып қайтқанымызға бір аптадай уақыт өтті. Қыркүйектің алғашқы күндері әлі жаздың көшін жалғайтындай жып-жылы. Сонда да болса ауладағы тал-теректердің жасыл түсі сарғыштанып, енді бірі қызғылт түске боялып, өзіңше әсемдікпен үйлесім тапқан. Таңертеңгі самал жел ағаштардағы үлбіреп, үзілуге шақ қалған жапырақтарды аялап, достасқан кейіпте өзімен бірге әкетіп, ұшырып жатыр. Университетке келе жатқан менің жан-сарайымды саф ауа тазартып, тынысымды кеңейте түскендей. Күздің келгенін сезді ме, әнші құстардың үні бірте-бірте сирексіген. Қалқып бара жатқан будақ бұлттардың астымен тізбектеліп ұшып бара жатақн құстар сағынышты еске салардай. Аспан шайдай ашылатындай сұлу күннің күлімдеген көзі жанарымды жадыратады. Осындай да ойлап кетем "неге талантты ақын болып тумадым" деп. Ішкі жан-дүнием алай-дүлей. Сабақ басталғалы 3-4 күн өтсе де, Айжебе сабаққа бірде-бір рет қатысқан жоқ. «Қайда жүр екен?» - ойымды осы сұрақ осып өткенде сағынышым үдей түсердей. Маған жолшыбай Сембек жолығып, ақынымыз келердей екеуіміз бірге аяғымызды жылдамдата баса түстік.
Университет маңында біздің топтың студенттері жиналып қалыпты. Байқаймын, жүздері жайдары секілді. Алдымен қол беріп Ақжайық амандасты.
- Қалайсың, Бекболат! –деді салмақты жымиыспен.
- Онша емес. Өзің ше?
- Байқап тұрғаныңдай біздің ғана емес, бүкіл топтың көңіл-күйі жақсы.
- Солай ма? Ол қандай қуаныш екен.
- Екі екі жаңалық бар: бірі жаман, екіншісі жақсы. Қайсысынан бастайын?
- Жаманынан бастай бер, бәрібір көңіл-күйім жоқ.
- Декан Темірбек ағай бізден сынақ алатын болыпты!
- Е, оның несі жаман, қайта білімімізді пысықтап аламыз да.
Мұның дұрыс екен, жаман хабарға жатқызудың еш қажеті жоқ, - деді басын шайқап.
- Жаман жаңалығың жақсы болып шықса, жақсы жаңалығың қандай? – дедім естуге ынтызарым ауып.
- Айжебе... Ол бүгін сабаққа келеді. Бәріміз соны тосып тұрмыз.
- Шын ба, ей? - дедім сеніңкіремей. Сонда да болса көңілім көтеріліп, сергек сезімге бөлендім.
- Жақсы болған екен. Ақынымызды біз күтіп алмасақ, кім күтіп алады, - дедім күлімсірей тіл қатып. Жанымда тұрған Сембек түк түсінбей аң-таң.
Ақжайықтың қалжыңы екені дейін десе, ол ешқашан қалжыңдай салмайтын тік мінезді.
- Айжебені күтіп алғаны несі? Өзі-ақ келеді ғой, - деді күмілжіп Сембек.,
- Ақындар айрықша құрметке ие болуга тиіс, - деді Ақжайық. - Әрі ол біздің досымыз. Оқу басталғалы оның сабаққа келмегені бізді алаңдатады. Өлеңдерін де сағынып қалыппыз.
- Ақындар қашаннан бері құрметке ие болып еді, - деді Сембек жақтырмай. Өзіне қадала қараған жанарлардан қаймықты ма, артынша «әшейін айтқаным ғой, досымызды күтіп алсақ артық етпейді» деп өзін-өзі жуып-шайғандай болды.
Бірер минуттан кейін бірінші пар басталады. Дегбірсіздене күтіп отырған біздерге сағат тілі еріншектеп жылжитындай. Көп кешікпей таяқ тастам жерде кетіп бара жатқан адамдар арасынан Айжебенің сұлбасы ап-анық көрінді. Бізді көрген сәтте жүзі жадырай түскенін анық байқадым.
- Ақынымыз сағындырып келетін болғаны ғой, - деді Ақжайық алдынан шығып. Айжебе үнсіз миығынан күлді. Барлығымыз құшақ айқастыра амандасып жатырмыз.
- Ту-у, өзіңді сағынып қалыппыз, - деді қыздар әзілдей.
– Жоғалып кетпесеңші, - дейді енді бірі.
- Жігіттер, қыздар, бірінші пардан қалмай тұрғанымызда ішке кірейік, -дедім уақыттын таяп қалғанын сезіп.
Топырлап жүріп, бәріміз таныс аудиторияның есігін аштық. Әркім өзіне ұнаған адамының жанына отырып жатыр. Бес минут өтті, он бес минут өтті, дәріс беретін оқытушымыз әлі жоқ. «Ауырып қалмаса жарар еді» деп отырмын ішімнен. Бәріміз Айжебені қаумалап, әлденені сұрап жатырмыз. Осы кезде кезекші келді де, оқытушы келмейтінін, біздерге 2 пар тыныш отырумызды айтып кетті.
- Білесің бе, Айжебе! Біздің топқа Әсем ауысып келді.
- Дұрыс болған екен.
Қыз-жігіттер «кім үшін келгеніңді білеміз» дегендей Әсемге жымия қарайды.
- Енді не істейміз, - деді Ләззат мұңайып.
- Өлең оқиық. – Шапағаттың бұл ұсынысын бәрі құптай кетті.
- Мұқағалидан бастайықшы! –деді Әсем әп-әдемі сыңғырлай күліп.
- Ендеше, өзің баста, деді Айжебе күлімсірей.
«Ғашықпын шын ғашықпын сол адамға, мен болмасам болмайын, сол аман ба? О, тәңірім, неткен жан қайрылмайтын, Жүрегі оттан ба, әлде қоладан ба?!» - жырды бір шумағын оқып сәл кідіріп қалды. Ойға батып кетсе керек, келбетінен мұңның ізі байқалатындай.
- Кімге ғашықсың ей, тәмпіш сары қыз! - деді Сембек тиісіп.
- Ешкімге. Әшейін өлеңді беріліп оқып жатақаным ғой. – айтарын айтса да, бір сырын аңғартқандай екі беті қызарып шыға келді. Әсем онысын жасырғысы келді білем, ақын жырын жаудырта жөнелді.
-«Ғашықпын, оны қайтіп жасыра алам, бір алтын оның әр тал шашы маған. Сағынайын, таусыла сағынайын,сағынышқа жаралған ғашық адам». Мұқаңның өлеңі құлағымызға жағып, елітіп әкетті. Әсем болса, қызға тән қоңыр дауысымен жырды оқыған сайын жүректердегі сырды суыртпақтайды. Делебем қозып, қосыла жыр оқығым келді. Тек оның таң самалындай ескен қарқының бөлмеуге тырыстым.
- «Шарықтап қолым жетпес көкте күнге,Ақ қанат құсым менің кеткенің бе? Шарқ ұрып, бар әлемді шыр айналып, Мәңгілік сені іздеумен өткенім бе? Сарғайған сағынышты басып толық,бар үміт, бар сенімді шашып болып. Өтермін, сірә да мен бұл өмірден, мәңгілік қалармын мен ғашық болып». - Әсемнің оқыған жыры үлкен әсер қалдырды. Ол ақиық Мұқағали ақындікі болғаннан кейін ғана емес, өзінші бір әдемі оқығаны елітті. Бір сәттік үнсіздік жайлады. Мүлгіген тыныштық орнағандай.
- Мен босқа айтпаймын, бұл тәмпіш біреуге ғашық, - деп Сембек қарқ-қарқ күледі.
-Ту-у, сенде қоймайды екенсің, - деп бұртиды Әсем.
- Қойсаңшы сен, қызды ұялтпай, - деді Ақжайық өкпелеуге шақ қалған қызды жақтап.
- Қыздар өлең жазса, лирикаға, махаббат лирикасына жақын болатыны қызық екен, -деді Ермек есімді курстасымыз әңгімені басқа арнаға бұрып.
- Қыздардың жүрегі сезімтал, жаны нәзік болып келеді. Сондықтан махаббат лирикасы қыздар жанына жақын. Қыздар жігіттерден гөрі махаббат өлеңдері тәуір жазады, - деді Айжебе. - Әрине, ол әркімге де байланысты ғой. Жалпы поэзияны рухани азық дер болсақ оның тәтті дәмі, поэззия әуен десек, оның тамылжыған музыкасы, поэзия сұлулық болса, оның көз тояр көркі болуы тиіс.
- Поэззия жайлы жақсы айтып өттің, - дедім Айжебені қостай. – Бүкіл әлемде нашар өлеңі жоқ ақын болмайтын шығар, ақындар кітабы кіл мықты өлеңдерден тұрмайтын шығар, бірен-саран кемшілік кездесуі де мүмкін, бірақ өлең оқырманға өнер деңгейінде жетуі тиіс емес пе?
Менің бұл сауалыма өзін ақын санап жүрген курстастарымыздың біразы ойланып қалыпты.
- Әрине, - деді Темірбай. – Осы тұрғыда зерделесек, бүгінде ақынның көбі Аллаһ Тағала салған жырды өзгертіп, қолдан күрделендіруге құмар. «Жастардың өлең-жырды қолдан күрделендіруі түсініксіздікке ұрындырып жатыр» деп алдынғы буын ағалардан жиі естимін. Мұндай жырлар оқырманға түсінікті болып жете қалған күнде жасанды болып жататыны шындық қой.
- Әрине, - дестік біз.
- Ежелгі Қытайда, Таң империясы кезеңінде ақындар мен оқымыстылар тұрмақ, бүкіл ел өлеңнің асылы мен жасығын ажырата алатын. Таң империясында мемлекеттік қызметкердің бәрі жұмысқа орналасу үшін өлең жазудан емтихан тапсыратын, жүздеген жол жырларды жатқа білу талап етілген, ақындықтан құралақан адамдар халықтың мұң-мұқтажын сезіне алмайды, өзінің сөзін елге ойдағыдай жеткізе алмайды деп есептеген. Таң империясы қытай поэзиясының ғажайып жырларымен өлшеусіз байытқан еді, - деді Айжебе.
- Өлең жайлы бір фантасика айтайын ба? - деді Айжебе сөзіп жалғап. Бәріміз бас шұлғыдық.
- Цинь императоры Кан Сидің тұсында шығарылған «Таң поэзиясының анталогиясы» 900 томнан құралыпты. Оған 2300 ірі ақынның 48 900-ден астам поэзиялық туындылары енгізілген екен. Оның өзі дәуір жырын толық қамти алмаған көрінеді. Міне, фантастика! Мың жылдан астам уақыттың жырларынан іріктелген анталогия!
Таңырқай ақынға қарастық. Расында көршілес ел бізден гөрі жазу ертерек шықты емес пе? Қалай болғанда ақындарын ардақтағаны көрініп-ақ тұр.
- Тағы бір қызық айтайын, - деді Айжебе. - Сол заманда Ли Бо есілді даңқты ақын болған. Ол өзінің бойына біткен тік мінезімен император кеңесшісі, бас азбанқұл Гао Ли-шиге жұрт көзінше: «етігімді шешім жібер!» дейді. Кеңесші етігін шешпейін десе, ақынды арнайы сарайға шақыртып алған иператордан қорқып, қазақ даланының Шу өңірінің шыққан Ли Бо есімді ақынның етігін шешкен екен. Тіпті, Таң әулеті тұсында ең жоғарғы билеуші Тиянбау атты хан, патша ордасына шақырып, қонақасы дастарханын жайып, Ли Бонын алдына қойылған ыдысқа ас салып күтеді. Одан бұрынғы және кейінгі ешбір ақын тарихта мұндай құрметке жете алмапты.
- Мынау ғажайып қой!
- Ақындар да құрметке ие болады екен-ау! – дестік біз.
- Ақыры өлең жайында талқыға көшкен екенбіз. Поэзия жөніде тереңірек қаузайық та, - дедім қызығушылығымды жасыра алмай.
- Поэзияға былапыт сөздер жат, - деді Әдемі.
- Көпсөздіктен қашу керек, - деді Әсем. – Ақынның әр сөзі құранды ердің салмағындай болуы керек қой деп ойлаймын. Поэзияда өлең жазу шарт болғанымен, жөні осы екен деп төпелей беру шарт емес. Әрі бұл түсініксіздікке ұрындырады. Ақын баялыш шапқандай жапыра бермей, көрікті сөзді көбірек көгендеуі жөн шығар.
- Өте дұрыс айттың, Әсем! - деді Айжебе. - Оқырман дегеніміз де базарға келіп, әр нәрсені сұрап, менсінбейтін,паңдана қарап тұратын бекзадалық болары хақ. Сондықтан достар, егер де ақын оқырманның осы талағамынан шықпаса, жырларының ішінде іліп алары болмаса, сырты жылтырап тұрғанымен, бүгін болмаса ертеңгі күні міндетті түрде қоқыс жәшігіне аттанып кететінің түсіну керек деп ойлаймын. Ондай болса ақын сөзі көбікке айналады.
Айжебенің Әсемді құптағаны арудың көздерін жайнатып, көзінің қиығымен ұрлана қарады. Көзінің қиығымен оған ұрлана қарады. Екі беті албырап, қызарақтап қалыпты. Ақынға деген сүйіспеншілік пе, әлде шын сүйе ме, әйтеуір Әсемнің оған деген бір сезімі бар екенін бірін курста-ақ сезгенмін. Қыздар жағы да осыны білсе керек, жымың-жымың етеді. Өйткені Әсем филология факультетінен бекер ауысып келмеген көрінеді. Ол жерде үздіктер қатарында болатын.
- Ақын өз өлеңдеріне сыни көзқараспен қарауы дұрыс шығар-ау, - деді Ермек. – «Қаламгердің қаламынан бой түзеген, өз ішінен шыққан шұбар жыланға қаталдық көрсету қашаннан келе жатқан үрдіс» деп Асқар Сүлейменов ағамыз айтып жүр. Осы сөздің жаны бар ғой деп ойлаймын. Өзіндік сын керек біздерге, өзіндік сын!
- Меңінше, лирикада жеке бастың сыры, ойы алдыңғы қатарда тұруы керек, - деді Әсем. – Сезімінді ойнатып, жыр сүйер қауымға немесе қарапайым жүрек түкпірін көрсете жырлауға мөлдірлік керек шығар. Қыздар, жігіттер, осыны мойындайықшы.
Студенттер арасында үнсіздік орнады. Бәрі іштей келіскен сыңай танытуда. Үнсіздікті Ақжайық бұзды:
- Жұматай Жақыпбаев ағамыздың өлеңін оқып жүргендер бар ма?
Тосын сауалға тосырқап қалғандай болдық. Есіме курстас Еңліктің Жұматай ақынның жырларын сүйіп оқиты түсті. Бірақ топ арасында өлең оқуға қысылып отыр ма, әлде бүгін зауқы соқпай тұрма, өзімен-өзі ойға шомып отыр.
- Еңлік, сүйікті ақынының бір өлеңін оқып жіберсең қайтеді? – дедім тек тұрмай. Студенттер енді Еңлікке қарасты.
- Ал, Еңлік жыр оқысаң, бізді елемей-ақ қой, - десіп жатты курстастар. Жыр сұрағандардың айтқанын орындасама құтыла алмасын білген ол:
- Жұматай ағаның қай өлеңін оқиын? - деді биязы дауысымен ақырын ғана. Бөлмеде Айжебеден көзін алмай Әсем отыр. Қарақат көзді, қастары қарлығаштың қанатындай керілген, орта бойлы сары қыз. Үріп ауызға салардай арудың алма беті суықтан одан әрі албырап, сұлулығына ерекше көрініс бергендей. Арқасына төгіле түскен шаштары оның қазақтың кербез маралындай көрініп тұр.
- Ләйләға арнған махаббат жайлы бір өлеңін оқышы, - деп қиылды Әсем.
Бірнәрсе сезіп қалған Сембек:
- Әсем, сен шынымен ғашық болып қалғансың ба, ей? - деп одан әрі қызартты. Оны тезірек жуып-шайғысы келді ме, Еңлік қызымыз, қызымыз емес ортамыздағы жайқалған гүліміз Жұматай ақынның жыр шумақтарын оқи жөнелді.
- «Қасы да керік, қара алмас көзді ай қабақ, мойнына жұқа алқызыл шарф байлап ап..".
Өлең оқып болуы мұң екен, қоңыраудың дауысы шыр етті. Поэззия жайлы пікір алысқан біздің курстас студенттер ертең кешке жатақханада жалғастыратының айтып,сыртқа беттей берді.
* * *
Ақын біткен жатақхананы басына көтеріп, кезекпен түнімен жыр оқиды. Негізі ақын деген қызық халық. Бір қызығы, бірін-бірі қолпаштап, кемшілігін бетіне айтып жататыны бар.
- ҚазГу-дің студенттер қалашығының әр тал-бұтасы ақындар үшін, әрі жыр сүйер қауым үшін жырмен тербеліп тұратындай. Қияли болағанан кейін бе, ақындар кез-келген жерде тыңдаушысына жыр оқи береді, - дейді ақын Есен ағамыз. - Қазір сендерге, әсіресе аруларға «жүрші, талдың түбіне барып жыр оқиын, сен тыңдап көрші» деші, шошынғанан жанынан безініп кетер. Иә, мұны жаны бар деп ойлаймын мен кейде. Өлеңді кез-келген жерде тыңдай беретін: ЖЕНПИ-ге барып қыздардың жүрегін жауласаң да, Мединститутқа келсең де құшақ жая қарсы алатын, тыңдайтын құлақ табылатын» дейтін мұңайып.
– Қазір заман басқа, адамдар да басқа, - дедім.
- Заман ағымына қарай ма, нарық аяқ басқан сәтте әркім өз құлқының, отбасын асыраумен есі шығып жүр. Тіпті студенттерге дейін түнімен көлікке жүк артып, күзетке тұрып, таңертең бірінші пар болған кезде екі көздері ісініп, бастарын партаға сүйеп ұйықтап отырғаны. Ей, бауырым! Бұрындары «КазГу-дің қалашығы, көзімнің қарашығы» деп жыр сүйер қауым біткен осылай ағылатын. Қазір олардың қарасы некен-саяқ. Ақыннан қадір кетті ме, әлде өлеңнен қадір кетті ме, білмеймін, ұсақталып кеттік қой. Ертеректе КазГу-де әйдік, елге танылып қалаған ақындар күндей күркіреп, жаңбырдай сіркіреп өлең оқиды.
- Қазір де оқи береді ғой. Заман қаталдау болғанымен, әлі де поэзияны құрметтейтін жандар табылады.
- Иә, бары-бар-ау, бірақ тым азсыңдар, перілер. – Ол не айтса да «перілер» дегенді қосып айтатын. - Сосын өздері оқып болған соң өзіндей жас перілерге кезек берілуші еді. Жастардың арқыраған жырына тамсанып, риза болған үлкен ақындар жас перінің арқасынан қағып: «Інішек, өлеңін жақсы екен!» деп деп қолдағаны бір ғанибет еді. Сол күнгі өлеңі мақтау алған жас ақынның қуанышы оның мүшәйрадан орын алып, көлік ұтып алағынан артық еді-ау. Арындаған ақындарды шала мас күйінде түн ортасында шығарып, немесе жеткізіп салатынбыз...
- Қызық екен, - дедім шын сүйсініп.
- Ақын деген аңқылдақ, бауырмал халық қой. Ақынның өлеңдерін сүйіп оқитындар да сондай деген ойдамын. Несін жасырайық, ақындарымызға масайып қалағандарға, әлдекімдерге тіс қайрап, кіжінгені де өзінше бір әдемі көрінетін. Ертеңінде кешірім сұрап, жазған жаңа жырымен сусындатушы еді. Осыларды еске алсам, «ақындар әлемі өзінше бір ғажайып әлем бе?» - деп ойға берілемін.
Жатақхана іші бүгін де жыр-думанға ұласып жатыр. Өзін ақынмын дегеннің бірі дамылсыз жыр оқу үстінде. Іштерінде ақын қыздарымыз да бар. Жүрегі нәзік жандар да сұлу өлеңнен сыр суыртпақтайды. Таңның атып келетінін аңғарып, бір шумақ өлеңмен ескерту жасадым: "Ақындар қосар жыр-тұлпарын жаратып, жүрек сырын жыр сүйерге таратып. жыр тыңдаған түніменен үндемей,түн ұялып, келеді сұлу таң атып, - дедім.
Расында, таңның сібірлеп ата бастағаны жабақ терезеден білінгені енді ғана естеріне түсті ме, сабаққа баратындарын еске алып, кілең асаулар бір ауыз өлеңге тоқтайды. Бәлкім, бұл қазақтың бойындағы асыл қасиетінің бірі болар. Сал-серілер «саяси баспана» сұрап, бос төсекке құлай кетті.
Таңертең сабаққа келе жатып, университет алдында тұрған сырттай бөлімде оқитын студенттерді көріп мәре-сәре болдым. Әрине, олардың арасында туған жерімнен хабар жеткізетін жерлесім не ауылдасым кезігуі мүмкін. Тіпті арқалы ақындар да бар. Сырттай бөлімде оқитындардың сессиясының басталуы біздер, ақындар үшін үлкен той. Бір қызығы,олардың сессиясы тым ұзаққа созылып кетуші еді. Тіпті, бауыр басып қалып, Алматыда бірнеше күнге қалып қоятындар табылатын.
Бөлмеде киімдерімді жинастырып жатыр едім, сырттай оқитын ақын Ақаң ағамыз кіріп келді. Қасында Әбу ағамыз бар. Бұл екеуінің де жырларын студенттер ұйып тыңдайды. Ақаң ағамыз салмақтылау болса, Әбу ағамыз арқасы бар ма, әйтеуір жүрген жүрін гүрілдетіп әкетеді. Міне, тағы да бөлмемізге келіп, арқа-жарқа болысып, сөз саптауды Ақаң ағамыз бастады:
- Жігіттер, тіске басар нелерің бар? - деді жайлап мұртып сипай.
- Бәріміз қолда бар ащы-тәтімізді ортаға салдық. Тіпті бір жарты да табылды. Шамасы, кешегі думаннан қалған сарқыт қой деймін. Әбу ағамыздың көздері жайнап кетіп, «О, шөлдеп жүргенге сусын да табылады» десін жұтынып қойып. – Иә, қақталған балық бар ма, жігіттер?
- Әрине, бар болғанда қандай! – Арал теңізінің түбіндегі ауылдың баласы Ақжайық балконға барып, бір ірілеу балықтың сағағынан ұстап, ақын ағасына ұсынып жатыр.
- Мыналарың жөн екен. Енді маған Айжебені тауып берсеңдер тіпті қатып кетейін деп тұр.
Жатаққана жарлап Айжебені іздедім. Ақынымыз 3 қабатта қыздардың ортасынан тауып алдым. Қыздарды жырымен сусындатып отыр. Алаңсыз. Іштей сүйсініп қалдым. Ол жырын оқып болғынша табалдырықта тосып тұрдым. Мені байқап жатқан қыздар жоқ, бәрі өлеңге елітіп кетіпті.
- Қыздар, ақындарыңды алып кетуге келдім. Айыпқа бұйырмаңыздар!
- Ту-у, сен де. Жақсы отыр едік, - деді кейбіреуі жақтырмай сөйлеп.
- Ылғи сөйтесің. Өз де бара алады ғой. Кішкене болсыңшы, - дейді екіншісі қиыла.
Өлеңін оқып болған Айжебе тағы біраз бола алмағанына кешірім сұрап, маған ілесе жөнелді. Қайратты бұйра шаштары толқынданып, ақын тұлғалы екендігі баспалдақтан түскен кезде ерекше аңғарылғандай.. Күздің ызғарлы күніде ақын ағаларынмен бірге шашынын буы бұрқырап кетіп бара жатқаны өзінше жарасым табатын. Оның болмыс-бітімі өлеңнің өкіл баласы емес, өз баласы екенін дәлелдеді.
* * *
Курстас студенттерімідің көбінің ақындығы барлығына өзге курс студенттері де шүбә келтірмейтін. Әсіресе, Темірбайдың жырлары ерекшеленіп тұратын. Өлең оқығаны былай тұрсын, ән салғанда бүкіл КазГу қалашығын дүбірге бөлейтін. Жігіттің сұлтаны дерсің. «Пай-пай, домбыра шертісін-ай!» деп өнерге бір табан жақын қыз-жігіттердің өзі таңдай қағады. Ал журналистика факультетінің ақындары шетінен сұрапыл талант иесі дерсің. Өлең-жыр оқығанда беделдің барлығы ие болып,қыз-қырқын біткен жаппай елітіп өлең тыңдауға кіріседі. Сонда өзге факультеттің ақындары мен ақынсымақтарын көрсеңіз, қызғаныштан іштері өртеніп кете жаздайды. Олар өлеңннің ішкі иіріміне терең бойлағаннан гөрі жылтыр ұйқастарымен қыздардың жүрегін жаулап алуға құмар. Біздің топтан азды-көпті ақындарымыз да әжептеуір танылып қалған. Менің де ақындығым бар еді,мыналардың жанында жіп есе алмай қалды. Тек жасық өлеңім талаттылардың өлеңімен бәйгеде қоса шапқанымен, көп ұзамай шаң қауып қалғанын несіне жасырайын. Әрине, шамам келгенше арынды ақындарға ілесуге талпынғаныммен, уақыт шіркін біздің арамызды ажырата берді.
Есен ағам айтып отырушы еді: «Біздің кезімізде жақсы ақын сыраны жақсы ішетін. Сыршылдық пен сырашылдық дәріптелген заманда тойлаушы едік. Сонда да сырадан бірте-бірте арамызды аулақ салдық. Ал сендер бүгінде «ақаңа» бірден көше қойып-сыңдар» деп. Иә, кінәмызды мойындағандай үндеместен ойға шомып отыра беретінмін.
Қыз-қырқынды жырымен жусатып жүргендердың махаббатта жолы болып кететін. Айтпақшы, жігіттеріміз ауызынан суы құрып тамсанатын, жанынан өтсе бойындарын бұрып ұзақ қарайтын ақын қыздарымыз да болды. Нүргүл, Салима, Ақгүл есімді аруларымыз өлеңге, әсіресе махаббат лирикасына жақын болды. Бізге келіп-кетіп, араласып тұратын Нүргүл мен Сәлима түн баласы ұйқы көмей, өлеңің азады-ай келіп. Жазып-сызғандары үстел үстінде шашылып, таң ата кірпіктері дірілдеп, ұйқылы-ояу күйі қайталап отырады-ау деймін күбір-күбір етіп отырады. Түнде жазған өлеңдерінен тоят тауып, екеуі де сабақта екі беттері албырап, ұйықтап отырғанын талай көрдім. Екеуі де іштей Айжебені ұнататынын білетінмін. Әсіресе, Нұргүл оны көрсе, аяқ астынан сөз таба алмай, көздерін ашып-жұмған күйі әдемі күлкісімен сыңғарлап күле беретін Бір қызығы, екеуі де іштей Айжебеге ынтық екенін білсе де, бір-біріне тіс жармайтын секілді. «Шіркін, Айжебе Нүргүлге сүйетінін айтса, сөзсіз келісімін берер еді ғой» деп те ойлайтынмын. Осылай ойласам болды,екеуінін қол ұстасқан бейнесін көргендей болатын. Шіркін, Айжебе мен Нұргүр қосылса, бақытты жұп болар еді деп қиялға берілемін. Бірақ Айжебе Әсемді көбірек ұнататын секілді. Кейде өз ойымнан өзім шошимын. Мейлі Әсем болсын, мейлі Нұргүл болсын, екеуі де ақын қыздар. Екі қыздың біреуі Айжебемен қосылар болса бірінін мысын бірі басып кете ме деп қорқамын. "Жо-жоқ, қайта екеуі бірін-бірі тоықтырмай ма?" – дегендей болады сенімім. Жұматай мен Зайда бақытты өмір сүрді емес пе? Иә, әрі тағдырға байланысты ғой. Ақындар бір-біріне сүйеу болып бірге болса екен деймін.
Сыр өңірінің сұлуы, кірпияз Салтанат 3 курста тұрмысқа шығып кетті де, өлең өлкесінда аса көп көріне қоймады. Сірә, тірлік тауқыметімен жыр жазуға қолы да тимеген болар. Нұргүлдің өлеңі уақыт өткен сайын республикалық басылымдарда жарық көріп жатты. Қыздар да өзінше ғашық болады екен, олардың лирикалық өлеңдері жігіттеріміздің де жүрегіне жол тауып жатты. Айжебе: «қыздар ғашық болмасын, қыздар ғашық болса, олардың сыршыл да мөлдір өлеңдеріне ақын жігіттердің лирикасы жіп есе алмай қалуы мүмкін. Әрі өздері де сүйгенін айналсоқтап әйтеуір қармағына іліндіреді. Дұрысы, жырыменен елітіп, «махаббат әлемінің тұғиығына тарта береді» дейтін. Сосын... сосын қыздардың жігіттерді қазақ қызына тән ибалылық көрсетіп, жырымен жаулағанына сүйсініп, іштей риза болатынмын.
Біздің арамыздағы арынды қыздарымыздың бірі - Баршагүл еді. Нағыз ақын қызымыздың жанымызда жүргенін аңғармаппыз. Ол басқа ақындар секілді бірінші курсқа түсісімен арқырап жыр оқымағаны қайран қалдырды. Тәйірі, дуылдасып өлең оқып, жарысып жыр жазатын ақындарға да қосылмады. Өзімен-өзі. Тіпті, жаппай конспекті жазып, көз майын тауыса кітап оқитындар сапынан да табылмады. Әйтеуір, елдің көзіне оның әдемі өрілген қос өрім шашы бірден түсетін. Тәкәпарлау тұлғасына шімірікпей қарап тұру үшін батылдық қажет деп ойлайтынмын. Жарқыраған қос жанар бейне бір арбайтындай күлімсіреп, сиқырлы жымиятын. Оның шын ақын екенін абайсызда дәптерінен сырғып түскен бір өлеңінен байқап қалды ."Үнсіз келіп, ернімнен сүйіп едің, өмірімде тұрамын деп Үркер болып. Сәулең мені жылытқанша тұйық едім, Үлбіреймін күзде қалған гүлдей солып".
Қызыға оқып жатсам керек, «әй, Бекболат, біреудің дүниесінде нең бар?!» деп дүрсе қоя бермесі бар ма? «Баршагүл, жерде жатқан соң көтеріп алғаным ғой. Сосын.. сосын бәрін оқыған жоқпын» деп ақталып жатырмын. Барша деп ылғи осылай атайтынмын. Соңымнан қуып берсін. Осы кезде аудитория есігі ашылып, деканның жүзі көрінді:
- Мына қыздарда да ес жоқ, сабақ үстінде ер баламен қуаласпақ ойнағаны несі? Кімнің сабағы қазір. Мұғалімдерің қайда? Топты бетімен жіберген қай мұғалім? - дейді аңғалдығына салынып.
- Ағай, қазір сіздің сабағыңыз ғой, - дейміз біз ақырын ғана. Сонда ғана өз сабағы екені есіне түсіп, қызарақтап қалады. Шамасы, жұмыстың көптігінен есі шығып кететін болуы керек.
Түк болмағандай партаға отыра кеттім. Ішімнен «әп, бәлем, сазайынды тарттың ба?» деп жаным кіріп мен отырмын. Сабақ біткенше оны мазақтаған кейіппен мырс-мырс күліп отырдым. Оным «сырың белгілі болды, Барша» дегенім.
Сүйкімді Сабира деген қызымыз бар. Ол отбасы жағдайымен сырттай болімге ауысып кеткенімен бізге жиі келіп тұратын. Емін-еркін қыдырған кезін сағына ма, кейде өлең оқуға қыздарға келеді. Кеше жатаққананың ту сыртында кетіп бара жатып өзім қалжыңмен қағыта беретін Сабираға:
- «Сәбөш, өлеңінді қойып кеткенін қандай жақсы болды. Сұрапыл ғой мынау деген... Әйтпесе, Баршагүлдін жырына төтеп бере алмай сағын сынып кетер ме еді. Баршагүлден кейі өлең жазудың өзі ыңғайсыз секілді. Қуақы тілді Сәбира да қарап қалсын ба: «Әй, батырдан садаға кеткір Бекболат! Сені де біреу–міреу ақын дейді-ау. Ақын болсаң бір қыздың жүрегін өз еркімен жаулап алар едің ғой. Жанар сіңлім сені сүйген соң қалаған ғой, әйтпесе мылжың сен кімге керексің?!». «Қап бәлем, сені ме?» деп қоям ішімнен. Аянып қалсын ба, семсер сөзін сұғуын доғарар емес.
«Өңшең ақынсымақ, Айжебеге жете алмай шаң жұтып қалағандарынды тез ұмытып кеттіңдер ме?! Сен жазсам өзімнің жан-сырымды өзім үшін жазам. Оны баспаға беру үшін емес, мұң-сырымды ақтарар жан таппаған соң жүректен шығардым. Сонда өлең жазғаным үшін кінәлімін бе? Өлеңім ешкімге зияны да, пайдасы да тимесе неге қағаз шимайлауды қояым керек?! Ал өзіңді ақынмын деп есептейсің бе?
- Былай енді... өлең жазағаныменен, нағыз ақын емес екенімді мойындаймын.
- Мен шындығында ақынмын, ақиқатында ақын емеспін.
- Оны қалай түсінуге болады?
- Қалай түсінсең – олай түсін. – Сабира сыңсып, жылап қоя берді.
- Қойшы енді, жыламашы. Сені өкпелеткім келмеп еді. – шашынан сипап, кеудеме қалай құша түскенімді білмей қалдым. Кенет ол да мені аймалап тұрғанын аңғардым. Осы сәтте «Сабира мені ұната ма?» деген ойымда туындаған бір сауал тоқ соққандай дір еткізді. Селк еттім. «Шынымен мені...Жо-жоқ, ол мүмкін емес. Ол мен...».
Сабираға тіпті ұнамаймын ғой. Жиі жынына да тие берем. Осы тақылеттес оймен бір-бірімізге жабысып, ескерткіштей қатып қалыппыз. Қас-қағым сәт мен үшін тым ұзаққа созылғандай. Осы сәтте жын секілді қайдан шыққанын білмеймін, көзі қысық Сәлімнің сойған түлкіше ыржиған түрін түрін байқап қалдым.
- О, жөн екен! Құттықтамын! – деді біздерге ыржалақтап күлген күйі. - Тіпті жарасып қалыпсыңдар ғой. Айнаға қарандаршы, бір-біріне қалай жарасып тұрсыңдар.
Сәлім енді мырс-мырс күліп жатыр. Тосын дауыстан Сабира екеуіміздің ынтық құшағымыз ажырай түсті. Ол ұялған күйі жерге қарап қалыпты. Баяғы ұрысқақ Сабираға мүлдем ұқсамайды. Бірдене бүлдіріп қойған балаша қысылып тұрғаны көрініп тұр.
- Сен ойлағандай емес, - деп мен кінәмізді жуып-шайып жатырмын. Сабира бір сәт ұялғандай болды да, жүзіне күлкі үйірілді. Мені аймалағанына риза болғандай. Онысын білдіргісі келмеді ме, кенет маған ұрса жөнелді.
- Әй, Әзиз Несин, көзіне қарап жүрмеймісің?! Шалынып, маған жабыса қалғанын не?! Әлде, мені құшақтағың келді ме? Дәмесінің зорын қара үндемеген сайын...
Ол ақталып әлек. Мына бәлекет Сембек келмегенде сезім құшағында балқып тұрар ма едің, Сәбөш. Тілімнің түрпісі бар мен:
- Өзің ғой, мойыныма асылған. Құмартып жүрген боларсың. Бүгін жолын болды Сәбөш, - дедім қалыспай.
- Мен бе сені құмартып жүрген, ой бишара неме?!
Сембек түк түсінбей әлек. Түрінен «жаңа ғана екеуі құшақтасып тұрған еді, бірін-бірі көрместей балағаттағаны несі?» дегендей екеуімізне алма-кезек қарайды. Сонда да сенбей басын қайта-қайта шайқайды.
- Әй, мені алдай алмайсыңдар! Араларыңда бірнәрсе бар. Махаббат-сахаббат дегендей... Қазір Жанар көрсе бар ғой, екеуінді де оңдырмас еді.
-Жарайды, ойнасақ та біраз жерге барып қалыппыз. Енді мұны ұмытайық, - дедім салқынқандылық танытып. Басын шайқап Сәлім жөніне кетті. Сабираның соңынан сөз ермесін дегенім ғой. Маған кінәлі адамдай көзімен жер шұқып қалғанынын өзі бір қызық көрінді.
- Кешір, көңілім босап... Сезімге беріліп...
- Ештеңе етпейді. Кінә менен болды. Бүгін болған жағдайды ешкім білмей-ақ қойсын.
- Мақұл. Тек сұрағыма жауап берші мені ұнатасың ба?
Мұндай сұрақты күтпеп ем, тосылып қалдым. Сабираның жүзін көлгей жапқан шаштары арасынан көрінген қарақат көздері маған сүйсініп қарап тұрғандай болды. Тіл қата алмай ұзақ тұрдым. Көзім көзін аймалады. Көзі көзімді аймалады. «Егер сезімімді білдірсем, Жанарға опасыздық жасағаным ғой» деген ой келді. Менің Жанарым айта алмай тұрған сырымды ақтарып қойғандай жүзімді тайдырып әкеттім. «Не десем екен?». Егер сені ұнатам десем, онда арамыздағы сезім махаббатқа ұласып кетпей ме? Жанар ше? Оны қайтем? Біреудің жұрегін жұлмалағым келмеді. Екеуіміз мәңгілік бірге боламыз деп серттестік емес пе? Жанарды сүйем бе екем мен пақыр? Ту-у, сондай да сұрақ бола ма екен? Иә, шын сүйемін ғой. Мен оны сүймесем неге онымен жүрмін. Махаббатыма сызат түсіріп алармын деген оймен Сәбираға деген сөзімімді жасыруға тура келді. Мұным сезімнен гөрі қызығушылық секілді.
- Неге олай дейсің? Мен сені тіпті ұнатпаймын ғой. –дедім өп-өтірік айтып.
Жасырмасаңшы, сенің жанарың сырыңды ақтарып, сезімнің барын байқатып тұрған жоқ па?
- Сезімімнің саған екенін қайдан білдің? Бұл сезім Жанарға деген ...- айтарын айтсам да біртүрлі ыңғайсызданып қалдым. Не деген ойынан қайтпайтын қыз. Батылдық қай жерінен шығады. Тәрбие көрмеген десем, өзі мәдениетті. Қазақы салтты қатаң ұстанады. Сірә, махаббаттың күші айтқызып тұрған шығар дер топшыладым.
- Өзіңды-өзің алдағанымен, жүрегіңді алдай алмайсың! Жанарды сүймейтін сияқтысың. Оны сүйсең мені құшақтамас едің ғой.
Тіл қатпадым. Төмен қарап қоштасқан күйі жатақхана жаққа қарай аяңдап жүре бердім. Сабираның маған деген сезімінің аяқасты болғанына аяушылық білдірдім.
Ал, Әсем секілді шын таланттың ақынның аққайнар өлеңдері поэзияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын талайларға дүре соқты. Буырқанған бұла жырлар туғызу тек талантты жандардың, өнерді құлай сүйген тарланбоздардың қолынан келетінін сан мәрте куәсі болдым. Осы сәтте Ататүріктің: "Біз бәріміз депутат та, министрде, тіпті ел басшысы бола аламыз. Бірақ ешқашан өнер адамы бола алмаймыз" дегені есіме түсті. Осы уақыттан бері мен ақындар өмірі туралы қызыға оқитын болдым. Оларға қол ұшын беріп, құрмет қылған азаматтардың есімі құрметпен аталатынан аңғардым. Кейде олардың өмірі жоқшылықпен өтсе де, өнерін тастамайтынына көзім жетті. Оларға атақ та, шен де, байлық ен бастысы емес. Керегі - өнері! Өздеріне қажеттісі – жазған кітабы оқырманға кеңінен таралу мен оқырманнын өзі. Жақында бір ұлт жанашыры, лауазым иесі өзімнен бір буын үлкен ақын ағама пәтер кілтін табыстағанда, көзіне жас келіп, аяқ астынан жыр туып, қуанышы қойнына симады. Құдды сол пәтерді өзім алғандай қуанышта едім. Сөйтсек, көп ақындарға бұл дүниенің материалдық қажеттілігі жеткілікті болса болғаны екен.
Неге екенін білмеймін, Сабираны ақын ретінде мойындамасам да, оның ақын өлеңдерін жаттап оқитынынына іштей қатты риза болдым. Ақындар жайлы қызықты оқиғаларды оқи жүріп, бір қызықты аңызға кезіккенім бар...
Бір шайырдың бала кезінде бір қария түсіне еніп, «Балам, өлең аласың ба, көген аласың ба? - деп сұрайды деседі. Өлеңі - өнер мен жыршылық болса керек, ал көгені өмір мен тіршілік секілді. Сондықтан болар мен Есен ағам секілді, Айжебе секілді қазақ әдебиетінің қабырғалы ақыны бола алмадым. Сірә, маңдайымызға жазбаған шығар, Сәбира екеуіміз ақын бола алмадық. Есесіне ақыннан дос-жаран таптық, оларға тыңдаушы құлақ болуға ұмтылдық.
Ертеңінде сабаққа келсем, есік алдында Жанар тұр түнеріп. Сұрауы кейіппен менің жүзіме көз астымен бір қарады да:
- Ақын қызды құшып жүргеніне жол болсын! – деді түтігіп. Біртүрлі қысылып, ақталуға сөз таба алмай кібіріктей бердім. Ойымда сан сауал шарлап кетті. Шамасы, біреу-міреу сыртымыздан көріп, айтқан болуы керек. Әлде Сембек жеткізді ме екен? Жоқ, ол болуы мүмкін емес.
- Неге үндемейсің?! Бәсе, ақын қызды жар қылып алмақшысың ғой? Таңдайын жақсы екен?! – мысқылдап тиісе берді.
- Қойшы, сенде айтасың-ау, бәрін дұрыс түсініп алмай.
- Түсінетің не бар? Одан да мені ұмыттым десейші. Жігіттердің бәрі бірдей... Ал менің махаббатым ештеме емес қой. Сенікі туралы не айтуға болады?
- Ақырын сөйлесеңші, курстастарымнан ұят болар. Сені ұмыта алам ба? –қолдарынан ұстап, саусақтарын сипап, мәпелей бастадым – Жүрші, сыртқа шығып сөйлесейік.
Ол үнсіз басын изеді.
Далада күн суық. Күзгі ызғар бет қариды. Түнерген сұр аспан қара жерге тәкапарлана қарап, қаһарын төгетіндей. Екеуіміз есік алдында көзбен сөйлесіп тұрғандаймыз.
- Жанар, маған неге сенбейсің? Менің саған деген сезімім шынайы, кіршіксіз таза жаным. Өзіңді ған сүйетінімді әлі сезбейсің бе? Жанар,сенің сүйіп тұрып өзгені қалай ұнатам.
- Алдайсың. Бәрін бірдейсіңдер. Оны құшақтағанынды қалай түсінем.
- Кім айтты оны саған?
- Кім айтқаны маңызды емес. Ең бастысы солай болғаны өкінішті.
- Қойшы енді, жарығым! Өкпелеп қалған соң жұбатып ем, көңілі босап кетті ме, мойныма асылуға қалай рұқсат бергенімді де білмей қалдым.
- Әні, бәрін бүлдіріп алып, енді жауапкершіліктен қашып тұрсын!
- Жанарым менім, Жанарым, өзіңдей сұлу тұрғанда өзгені қайтем. Сенші маған.
- Саған ақын қыз ұнайды екен ғой! Ұнамаса, аймаласып нең бар?!
- Адалмын ғой мен деген. Жігіттің бәрі сөзінде тұрмайды деп кім айтты?
Ол үнсіз. Мен де тіл қатпадым. Екеуіміз бір-бірімізге жақындап, құшақ айқастыруға батылымыз жетпей тұр. Төмен қарап, бұртиған күйі жас баладай томсырайып тұрмыз.
- Жанар, бері келші, сөйлесетін бір шаруа бар.
Жалт қарадым. Таныс дауыс Сәбиранікі екен.
- Менің сенде шаруам жоқ.
- Есесіне менің саған айтар бір сөзім бар. – Жанар таяқ тастам жерде тұрған Сабираға еріншектеу аяндай берді. Орнымда қалшиып мен қалдым. «Опыр-ай, не болар екен?» деген сауал өңмеңнен өтіп барады. Олардың не айтып жатқанын ести алмадым. Көп кешікпей Жанарым күлімсіреп қайтып келді. Денем біртүрлі жеңілдеп қалған сияқты.
- Сабираны сүймейтінін рас па? – деді келе сала сұрақтың астына алып.
- Иә.
- Ол екеуіміздің арамызда түсінбестік тудырғаны үшін кешірім сұрады.
- Рас па? Оның ақ ниетті жан екенін білгем.
- Ой, сезгішім. – ол күлімсіреп күліп жіберді. Өзінше еркелей қалыпты. Құшақтаса кеттік.
- Мені тастамайсың ғой?
- Тастамаймын, жарығым! Ол қыздар ақындарды жақсы көреді ғой. Мен ақын емеспін. Қыздар ақындарлың жырына ғашық бола жүріп, ақынға қалай бауыр басып кеткенін білмей де қалады. Кейде оларға сүйсінем, кейде оларды аяймын. Жырға ғашық болған ару ақын жүрегі жырлайтын қызды армандайтын секілді. Өздері туралы ақынның өлең арнағанын аңсайды-ау деймін.
- Ақын жары болғысы келетін шығар? Кейбіреулері өздері ақын болған соң жары оның жанын түсінеді деп ойлай ма?
- Мүмкін. Ақын ғана ақын жарынын түсінеді.
- Ақынға жар болу қиын шығар?
- Ақынға жар болу - өзіңді-өзің жоғалту, бәлкім өз өнеріңді жарыққа шығару үшін күресу. Өз үмітіңді өзің үкілерсің.
- Сонда қалай?
- Е, жарығым, екі ақын бір үйге сия ма? Егер күйеуі өлеңді не мені таңда деп шарт қойса, не істей алады қыз байқұс. Әрине, жарынан айрылмау үшін өлеңін құрбан етеді.
- Қатыгездік қой мынау деген! Жаза берсе не болады?
- Елдің көзі мен сөзінен қорғанатын шығар.
- Тығып жүріп жазса да болма ма? –Жанар менім бетіме таңдана қарады.
- Ақынға жар болу қиынның қиыны. Ақын мінезді халық. Шарт кетуі де мүмкін. Сондықтан сатқындық жасамаған дұрыс.
- Жұматай мен Зайда ғұмырынын соңынан дейін бірге тұрды ғой.
- Әрине,- дедім. – Тек ақын жары болуы үшін қандай қиындықтан өткенін «Менің ертегімді» оқы.
Жанар терең күрсінді. «Мен ақын емеспін» дегеніме шын қуанды ма, қатты құшақтап, қолымнан ұстап аймалай берді.
* * *
Құштар көңіл өрекпіп, қара түннің қарашығын сүймек болып сыртқа шықтым. Вахтерша апайға «біртүрлі жүрегім айнып тұр» деп ем, есіктің алдында таза ауа жұтуға мұрсат берді. Біртүрлі көңілімнің жібі босап сала берді. Күннің пердесін ысырып, қара жамылғыны жапқан түннің өзіндік құдіретінде бір тылсым бар секілді. Алыстан көрінетін ауылдың шамдарындай жарқыраған жұлдыздарға тамсана қарап, қиялдың кірпігіне жасырынған арманымды сол жарқыраған жұлдыз-гүлдерге ақтарудамын. Қап-қара айдынға қонақтаған жұлдыздар менің сырымды түсінгендей жымың-жымың етеді. «Қайран жұлдыздар, жүзіне сәуле сепкен сұлу ай, мен дүниедегі мықты ақындардың бірі болсам ғой. Шіркін, сонда менің ішкі сырым күнде оқылып, әр жырым сендердей жарқырап тұрар ма еді. Өлеңдерімде өрнек болса, бұлақтардай ақтарылып, жүректерді толқытса» деймін күбір-күбір етіп. «Сосын... сосын Жанарым екеуіміз екі дүниеде де бақытты болсақ... Осыдан асқан арман бар ма?» Кенет өзімді-өзім кінәлай жөнелдім. Мен не деген өзімшілмін.. Жақсы ақын болар болсам, осы күнге дейін жұрт назарына ілігер едім ғой. Тәйірі, жаман ақын болғанымша, тәуір жазушы болғаным жақсы емес пе? Осылайша, аяқ астынан өз ойымнан өзім айнып шыға келдім. Тек махаббаттың мәңгілік болғанын қаладым. Жанымнан жақұт себелетер, күн сайын жарқырап ататын күн сияқты жүрегіңді толтыратын махаббатқа не жетсін! Ал ақын болам ба, әлде жазушы болам ба, әйтеуір арымды төкпей, намысты қолдан бермейтін азамат болғаным дұрыс.
Қаланың шамдары самаладай жарқырап тұр. Көліктер бір жерге асыққандай әрі-бері ағылуда. Ойға беріліп кетіппін. Кенет артымнан біреу ақырын ғана түртті. Селк еттім. Қап-қара түнде сайтан түрткендей орнымнан ыршып түстім. Қарасам, Айжебе екен. Екі саусағынын арасына шылымын қыстырып, құшырлана сорып қояды. Темекінің күлімсіген иісі мұрынды жарып барады. Менің шошынып қалғанымды сезді ме, «Түнде неге жалаңбас шығасың. Түнде жын-перілер қаптап жүреді» деп одан әрі шошытты. Өзімнің шошып қалғаным үшін біртүрлі ынғайсыздандым да, үнсіз қалдым.
- Түнде жұлдыздарға қарап өлең жазбақшымысың? – деді ол жымиып.
- Қайдағы өлең? Тыныс алуға шыққам. Жатаққана іші қапырық көрінді.
- Дәл қазір қандай тақырыпқа өлең жазар едің?
- Білмеймін. Басқа ақындар түн, жұлдыз, ай туралы жазатын шығар. Өзің ше?
- Түнгі ауа туралы. Бәлкім түннің құдіреті мен қасіреті туралы...
- Қызық екен. «Ақындар жазатын 33 тақырып бар» дейді ғой білгіштер.
Ол миығынан күлді. Шамасы, менің айтқан отыз үш тақырыбыма сияқты.
- Поэзия қалыпқа сияды деп кім айтты саған?! Поэзия кеңістік секілді. Кеңістік қандай шетсіз-шексіз болса, поэзияның ауқымы да тақырыбы да шексіз. Оның көлемін жер бетіндегі мыңдаған ақын жырлап, ақ қағазға түсірсе де анықтауға келмес. Адамды әр уақытты өкілі десек, әр ақынның өзіне тән өлеңі болады.
- Сені көбі «сәлем бермейді» деп сыртыңнан сөгіп жатады ғой, - дедім әңгіме ауанын басқа арнаға бұрып.
- Білесің бе, Бекболат, сәлем бергім келгеннен емес, мен ылғи өлең ойлап келе жатам. Өлең миымда көктеп, жүрекке жол табады. Миым мен жүрек табысып, өлең ақ параққа түскенше қиналам. Кейде ішімнен өлеің оқып келе жатып күйкі тірлікті ұмытып, ғажап әлемге еніп кетемін. Ол ғажап әлем – поэзия әлемі! Ақындар әлемі!
- Мықты ақын болу қиын шығар? Менің өлеңдері өзіме шимай-шатпақ сияқты көрінеді.
- Жақсы ақын болу үшін алдымен Алла тағала берген талант керек, сосын көп ізденіп, басқа ақындары оқу керек. Философияны терең білмеген адам ақын болып жарытпайды. Меңінше, қазақтың әдебиеті мен мәдениетімен қатар шетел әдебиетін оқыған дұрыс. Классик ақын-жазушыларды оқы, бірақ жариялануға асықпа. Кейін шикі өлеңіне өзің риза болмассың. Ренжіме, өз өлеңдеріне өзің сыни көзбен қараған жөн болар. «Тайбурылдың қырық күндік кемдігі бар» дегендей...
- Несіне ренжиін өлеңдерім нашар болса, - дедім шын көңілмен.
- Ақын адамда ақындық мінез бар. Ол – рухтың биіктігі, - деді Айжебе қара түнде біреу қадап қойған тәрізді жұлдыздардан көз алмай. – Мына тірліктен жалыққанда аспанға, бәлкім басқа әлемге кетерміз. «Ақындар ауылда туып, Алматыда өледі» дейді ғой. Кеңсай жақ – мәңгілік мекен. Алматы кімге опа берген? О, дүние! Осындайда әке-шешем мен Камила әжей еске түседі.
- Біздің рухани аға-апайларымыз неге жоқ?
- Рухани ақылшың болмаса, заман кінәлі. Аз да болса ақыл-кеңес берер ағалар аман болсын, әйтпесе кейбіреулер сүйеу болғанынын орнына бірін-бірі көре алмай жүр.
- Білесің бе, біздің ауылда Гүлнәр деген қыз болды. Сол айтатын: «ауырсам, ақындардың өлеңін оқысам, құлан таза жазылып кетемін» деп. Бұған не дейсің?
- Поэзия адамдарды қанаттандырып, рухтандырады. Жүрекке ерекше көңіл-күй сыйлайды. Мерейінді өсіреді. Сол себептен болар деп ойлаймын. Ақын деген халық жай адамдардан қоғам дертін, қуаныш-қайғысын айрықша сезеді.
- Ал сен өлең жазбай өмір сүре аласың ба?
- Қайдам, ішімдегі жан-сырымды ақтармасам, өліп кететін сияқтымын...
- Өлең жазғанда ерекше айбаттанып кетесін. Бейне бір намазға отырғандай жуынып-шайынып үстел басына отырасың. Бұның сыры неде?
- Поэзия – мөлдірлік пен шынайылықтың, тазалық пен көңіл пәктігінің белгісі. Соған лайық болу қажет.
- Есен ағамыз «жас ақындармен араласамын, олар жүрегі мен қолы таза жандар», «Пенделер мені түсінбейді?» деп неге айтады?
- Ақын пендеден бір саты жоғары. Былай қарасақ, ақын да пенде, бірақ ақынды пенделер түсінбейді.
Осы кезде вахтерша апайдың шәңкілдеген дауысы естілді. «Әй, екеуің қайда кеттіңдер! Жаурамай бөлмелеріне барыңдар» деді әмір етіп. Түнгі аспан астында Айжебемен поэзия туралы әңгіменің үзіліп қалағанына іштей қынжылсам да, нағыз ақынмен поэзия жөнінде сөйлесудіңң өзі бір ғанибет екенін есіме алып, риза болдым. Түнгі аспанда тұнжырап қалған ай мен жамыраған жұлдыздардан алшақ кетіп, бөлмемізге келген бойда төсекке жантая кеттік.
* * *
Міне, әне-міне дегенше 3 курсты тәмамдап қалдық. Көктем де келіп жетті. Бірнеше күн бойы жел соғып тұрып алды. Бірнеше күннен кейін алма ағаштары да бүршік ататын шығар. Көктем келегелі бізден де, табиғаттан да маза кетті. Біздер сессияны тапсыру үшін кітапхана табалдырығын тоздырып, кітап кеміруден бір қолымыз босамай қойса, табиғат шіркін күн өткен сайын түлеп, құлпырып сала берді. Қарт Алатаудың басына жиі бұлттар қонақтап, ақ жауын себелеп мазаны алғанымен, Алланың берген нұрына шомылып жүргенімізге қатты қуандық. Күннің көзі бірнеше күн бойы ашылмай, қырсығып қалған арудай назданатындай. Жауын жаған сайын адамдарды мезі етіп, жан-жүйкең езеліп бара жатқандай.
Жер лайсаң. Әрі-бері ағылған көліктер үстімізге су шашып, әбігерге түсіреді. Тал-теректердің бүршік жара бастағаны, жерде көк шөптің қаулай бастағанын көріп, қыз-көктем құбылысына ақындық көзбен қадағалаймыз. Міне, бүгін тағы жауын еңсемізді көтертпей тұр. Аспан айрықна сұрланып, тұнжырап кеткен.
Түстен кейін сабақтан ілініп-салынып әрең жеттік. Дәл мұндай қолайсыз күнде далаға серуендеп шығу ақымақтық болар ма еді? Кешқұрым қатты жел тұрып, тереземіздің түбінде уілдеп тұрып алды. Дүлей құйын қара бұлттарды соғыстырып, әйнегіміге тырс-тырс етіп, тамшы тама бастады.
Осы кезде Айжебе күбір-күбір етіп, қағаз-қаламға жүгірді. Шамасы, шабыты келген болуы керек. Аспаннан құйғыта кеп құйылған сансыз тамшылар қара жерді езгілер жатыр. Дәл қазір жердің миы шығардай. Далада жаңбыр толассыз құйып тұр. Айжебе ақ парақты шимайлай бастады. Кенет...Сатыр-сұтыр! Сатыр-сұтыр! Найзағай жарқ етті!
Ақжайық пен Сәлім терезені жаппақ болып еді, Айжебе:
- Керегі жоқ, маған найзағайдың жарқылын көргім келеді,- деді өктем үнмен. Жалт қарастық. Жұқа сарғыш пердеден күннің күркіреуі ғаламат жарқылымен өтіп кетердей. Біздер түк түсінбеген күйі бір-бірімізге қарап, үнсіз қалдық. Кенет ол ыңылдай бастады. Бәлкім, күбірлеп отыр ма екен? Мен кейде ақындардың өлең жазар алдында кітап оқып, домбыра шертіп, шабытын шақырғандай таң атарда өлең жазатынын, кей ақындардың жыр жазарда образды көз алдына елестетіп, құлағына түбіне үн келіп ақ параққа түсіретінін де естігенмін. Бірақ жауын жауғанда шабыты келетін ақынды алғаш көруім. Айжебенің сұсты түрінен, бәлкім дауысынан сескенді ме, әлде жай оғының жарқылдауынан қорықты ма, Ақжайық пен Сәлім көрпелерін бүркеніп, теріс қарап жатып қалыпты. «Мұның соңы не болар екен?» деп көзім бақырайып мен отырмын. Бойымды әлдебір үрей билеп алды. Денем тітіркеніп, өне-бойым қалшылдап кетті. Айжебеге көз салып ем, әлі өлең жазып жатыр екен. Біресе терезе жаққа қарап, біресе қағазына үңіліп, күбір-күбір етеді. Ақыннан көз алмадым. Сәлден кейін денесі дірілдеп, терлей бастады.
- Қап! – деді Айжебе санын соғып. – О, Муза, сәл аялдашы!.. Жалынышты дауыс еміс-еміс естіліді. Менде ес қалмады. «Жынданғаннан сау ма, кіммен сөйлесіп тұр?» деппін іштей үрей билеген бойымның қорқынышын үдетіп. Ол бізді елеген жоқ. Қайта бөлмеде ешкім жоқтай күбірлеуін жалғастыра берді. Енді жазған ақ парақтарын жан-жаққа шаша бастады. Төсегінің жаны ақ параққа көмкеріліп кеткендей. Бірі – төсегінде, екіншісі – еденге талдан үзілген жапырақша құлдилап жатыр. Ақжайық пен сәлім ұйқы құшағына енген сықылды. Менде ұйқы жоқ. Қалай ұйықтарсын оқиға көз алдымда сағымдай көлбендеп, кино лентасындай өтіп жатқан болса. Ешнәрсе дей алмай төсегімде тізерлеп отырмын. «Шыныменен көзіне музасы көрінді ме?» деген ой жетегіне ердім. Ол қайта мазасызданды. Жазған өлеңінің бірнеше шумағы, әлде бір қайнауы жетпегендей аласұрды. Тіпті, тыныс алуы қиындай түскендей. Жалма-жан орнынан ұйшып тұрып, сырт киімдерін кие бастады.
- Қайда барасың?
- Далаға шығып таза ауа жұтып келейін.
- Терезенің желдеткішін ашсаң болмай ма?
- Қажеті жоқ, сыртқа шығып еркін тыныстайын. Әрі желдеткішті ашсам Ақжайық пен Сәлім тоңып қалар. Онсызда бөлме салқын емес пе?
- Тоқтай тұр менде барайын.
Ол кідірмеді. Үстіне қара жұқа курткасын, аяғына етігін киіп, жалаңбас күйі далаға шығып кетті. Аңтарылып қалдым. «Жауын-шашын сіркіреп, найзағай жарқылдап тұрғанда қайда барады екен?». Ақыры шыдамай, сырт киімдерімді жақсылап киіп алдым да жатаққанадан шықтым. Дала көзге түртсе көргісіз. Қаланы тұман басқан. Ақын үшті-күйлі жоқ. Ойым сан-саққа жүгірді. «Қайда кетті екен? Бәлкім, Камила әжесінің зиратына кетті ме? Жақын маңдағы көшелердің бірінде жүрген болар?» . Осы тақылеттес ойлардың шырмауынан шыға алмай, әйтеуір тау жақты бетке алып жүріп келемін. Толастамай жауған ақ жауынан денесін қалқалаған адамдар, лайсаң суды жолдың жиегіне шашыратқан, әрі-бері сабылған көлік, құлағымның түбіне сатырлаған жаңбыр тамшыларының дыбысы – бәрі-бәрі менің кеше түнде көрген түсім ұқсас болып шықты.
- Айжебе қайда барасың? – дедім айғайлап. Соңынан қуғанымен, жете алсамшы. Қанша тырысқанымен бетімнен ұрған мөлдір тамшылар алға қарай беттеуіме кедергі келтіре берді. Мен бұл тылсымның жұмбағын шеше алмай арманда қалған жандай жүгіре бердім, жүгіре бердім. Қалбалақтап жүріп, көшеде зулап бара жатқан мәшинеге соғылып қала жаздадым. Сәл болмаса шетел көлігі мені қағыр кетер ме еді. Осы сәтте бүкіл өмірім киноның лентасындай қас-қағым сәтте өте шықты. Кілт тоқтадым. Ішімнен «Ух, Алла қолдап аман қалдым-ау!» дедім. Есімді тез жиып, жатаққанаға аяндай жөнелдім. Тек көңілім алабұртып Айжебені ойлай бердім.
Жатаққанаға келіп Ақжайық пен Сәлімді оятып, болған оқиғаны айтып ем, сенбеді. Шамасы, мені «жауын астында қалып, ауырып қалған болуы керек немесе көзіне елес көрінген шығар» деп сеңінкіремеді.
- Неге сенбейсіңдер, Айжебе жауын арасына еніп кеткендей болды,- дедім ызам келім.
- Ашуланба, оны жоғалтып алғанына сен кінәлі емессің! – деді Ақжайық.
- Басқа бір жаққа кеткен болар, жас бала емес қой.
- Көз алдымда ғайып болды, - дедім екеуіне алам-кезек қарап.
- Қатты жауын астында қуып жете алмағансың ғой, әйтпесе қайда кетеді?! – Сәдімнің үні дөрекі шықты. – Жын емес қой ғайып болатын.
- Бәлкім, ақындар әлеміне кеткен шығар?
- Қайда?!
- Беймәлім әлемге. Ақындар әлеміне!
- Ақындар паралел әлемге енбейтін шығар?!
- Кім білсін. Әйтеуір ол мені елеген жоқ, басқа әлемнің адамындай көрінді.
Бәріміз үнсіз қалдық. Терезені ұрған жауынға қарап ойға шомдық. Ақжайық, Сәлім екеуі көп ұзамай қайта ұйықтап қалды. Мен көз шырымын алмастан ақынды күттім. Бір жағынан ертеңгі күн демалыс болған соң ұйқым қанар деп ойладым да, қалғып кеткенімді білмей қалдым.
Таң ата біреудің есік қағысынан оянып кеттім. Ұйқылы ояу есікті аша беріп едім, қарсы алдымда қалшылдаған Айжебе тұрды. Тісі-тісіне тимей сақылдап, су денесіне жабысқан екі қолымен құшақтап, үндеместен ішке ене берді. Ауызымды ашып қалыппын.
- Түнде қайда болдың?
- Қағаз-қалам берші маған.
- Алдымен киіміңді ауыстырып алсаңшы! Әбден жаурапсың ғой.
Ол су-су киімімен үстел үстіндегі ақ қағазға күбірлеп өлең жаза бастады. Мен сылқ етіп, ұйқылы-ояу күйі төсекке отыра кеттім. Өзімнің жылы төсегімнен тұрған бойда киінбегенім есіме түсіп, дереу көйлек-шалбарымды іздей бастадым. Демде киініп, тоқ плитаға шай қойдым. Төсегімді жинап қойдым. Ақын жаққа көз қырын салып қоямын. Ол ақ қағаздан басын алар емес. Айжебе күрк-күрк жөтеліп, тұншыға тыныс алды. Бірнәрсе айтайын деп оқталдым да, оған бөгет жасармын деген оймен мазаламадым.
Сүт пісірім уақыттан кейін Айжебе орнынан тұрып, жылы жүзбен күлімсіреді. Шамасы, өлеңін жазып бітірсе керек. Онысын екі бүктеп, төс қалтасына салайын деп еді, киімінің су екенін сезіп, шешіне бастады. Әбден су болып қалған шалбар-жейдесі шешіле қойсын ба, біраз әуреге түсіп жүріп алды. Құрғақ киімін киген соң төсегіне бас қойып ұйықтап кетті.

III бөлім
Айжебенің атағы күн өткен сайын асқақай берді. Мүшәйраға қатысса да үнемі жүлделі орын жүрді. Біз досымыздың жеңісіне шексіз қуандық. Ол біршама қаражат жинағанын айтып:
- Қамила әжейге құлпытас орнатамын, - деді маған қарап.
- Бір арманың орындалатын шығар. Жаз шығып қалды ғой, ертерек қамданайық, - дедім. Сөйтіп, зират тұрғызуға керек-жарақты алып, іске кірістік.
Түс әлеті. Жалдаған көлікпен қорымдарға да келіп жеттік. Кеңсайдағы атақты яки байлардың бейітіндей емес, Камила әжейдің жерленген жері қала сыртындағы елусіз қорымдардың арасында екен. «Қарапайым адамдікі – қарапайым болатын шығар» дедім іштей. Алғашқыда бейіттер беймәлім қорқыныш пен үрей тудырғанымен, артынан көз үйреніп кеткендей болды. Алайда, аруақ сығалап тұрғандай әсер қалдыратыны бар. Айналасы 2-3 күннің ішінде құлпытасты да орнаттық. Бәрі дайын болды дегенде молда шақырып, құран оқытты. «Әмин!» десіп бет сипадық.
- Бір міндеттен құтылдым-ау, - деді Айжебе. - Бұл өмірде қарызын мен парызын мойнынан түспесе қиын екен. Зіл батпан қара тас мойнында ілініп тұрғандай.
- Жөн болды, - дедік Ақжайық екеуіміз. Неге екені белгісіз, Сәлім құлыптас орнатқанда да, құран оқытқанда да келе алмады. Айжебе сұрағанда: «Аса тығыз шаруасы болған екен» деп сыр білдірмедік. Қорымдарға көз салып тұрған Айжебе:
- Бір күні біз де о дүниелік болармыз. Тек тал бесіктен жер бесікке жеткенше артында жұрт ұмытпастай ісін, Аллаға жағар құлшылығын түгел болса, бақытты адам – сол! Екі дүниеде де бақытқа кенеледі, - деді қара топыраққа көз тігіп. Біз ешнәрсе дей алмадық.
- Біз өлерміз, біздер, ақындар, сөзі ешқашан өлмейді, иә өлмейді, - деді Айжебе күбірлей.
- Өлең өлмейді, - деді Ақжайық. – Поэззия мәңгілік.
Үрей мен қорқыныш ұялатар бейіттердің жанында тұра беруді қаламай, «жігіттер, кетейік» дедім. Айжебе Камила әжейінің қабірінің ішіндегі томпешіктен бір уыс топырақ алып, үгіте шашып, бірнәрселерді айтып күбірледі. Үнсіз үйге аяңдай жөнелдік. Соңымыздан келе жатқан Айжебе көпке дейін бейіттерден көз алмады.
* * *
Көп қыздар Айжебеге құмартып жүрді. Расында оның түр-тұлғасы, сыртқы келбеті келісті болатын. Толқындаған бұйра шашы тарақ көрмегендей жүреді. Әйтеуір, үстіндегі үстінен сұр кәстім-шалбары мен жағасы жайлаудай жейдесін үстінен тастамайтын. Бір қызығы, ол бізден бір жерге киіп баруға киім сұраған емес. Студенттер бірінікін-бірі ауыстырып киім жүргенде оған талайы таңғалған. Өзі де киімін ешкімге бермейтін. Ақиқатында оның көп киімі де жоқ еді. Өйткені ол өзгелерден жұпыны киініп жүретін, бірақ үсті-басы тап-тұйнықтай таза ұстайды.
Біздің бөлмеге талай ақын, жазушы бас сұғып, дәм татып, араласып жүрді. Әсіресе, қыздар өлең оқуға, тоғызқұмалақ, шахмат ойнауға келетін.
Бірде жоғарғы қабатқа көтеріліп келе жатып, аңдаусыз ақын туралы әңгімені естіп қалдым. Кілт тоқтадым. Дауыс Майгүл мен Мадинанікі екен. Дәлізден көтеріле бере олардың жанында Әсемнің тұрғанын байқадым. Олар мені көрмеді. Маңайда ешкім көрінбейді.
- Ақынға жар болмақшымысың?! – деді Майгүл Әсемге. – Ақынға жар болу міндет емес. Үйленгенше ақындардың өлеңін оқып, рахаттанып жүре бер!
Ол дарқылана күлді.
- Ақынмен өмір сүру дегенің өзіңді өзің жоғалту емес пе? – деді Мадина.
Мен әңгіменің төркіні Айжебе туралы екенін білдім. Іштей «е, бұлар жігітке таласып жүрген шығар» деп ойлағанмын. Қателесіппін мен пақыр.
- Ақын жары болғандардың бәрі бақытсыз болады деп кім айтты сендерге?!
- Ой, сен не, әлі түк түсінген жоқсың ба?! Олар өмір бойы өмірлерін жоқшылықта өткізеді ғой. Талантты ақындардың өмір жолын қарашы, жұрттың бәрі оларды «жынды сияқты, есі ауысқан, өзімен-өзі күбірлеп жүреді» дегенді айтады.
Мадина қатты кетті білем, дауысы қаттырақ шығып кетті.
- Сонда сендерге ақындардың өзі емес, өлеңі керек пе?! Оларды жақсы көрмейсің дер ме?! – деді Әсем қызбаланып.
- Бізге өлең оқып, мәз-мәйрам болып жүрсек жеткілікті.
Басқа біреудің сөзін тыңдағаным дұрыс емес екенін білсем де, бұлардың ойын білгім келді.
- Ақынға ешқашан жар болмас едім, - деді Мадина. – Дайын үй, дайын қызмет керек бізге. Шетел көлігі бар жігіт болса тіпті жақсы. Ал ақындар осыларды бере ала ма? Одан да бизнесмен біреуге күйеуге шыққаным жақсы емес пе?
- Мен сендерді Айжебені құрметтей ме десем. Ақынды сыйламағандарын,өлеңін силамағандарын емес пе?
- Не десең де өзің біл! Айда, біз кеттік, ақынынмен өзің қал! – деді екеуі жарыса. Олар дәлізден түскенде мен жоғары көтерілдім. Араласып жүрген бұд қыздар маған тым жиіркенішті көрінді. Ұзынсонар коридордан ойға батып, мұңайып тұрған Әсемді көрдім. Көңілі босап, көзінен жас сорғалап кетіпті.
- Әсем, саған не болды? Жылап тұрғанын не?
- Әшейін. Ештеңе емес. – қолдарымен бетіне тамған көз жасын көз жасын сүртті.
- Соларды қойшы. Ақын жанын шын түсінген сен сияқтылар барда поэзия ешқашан өлмейді.
- Сен сөзімізді естідің бе? – ол таңырқай қарады.
- Әдейі естімедім. Дауыстарың қатты шығып жатты ғой.
- Олар Айжебені де, өлеңін де бағаламайды екен. Ал мен болсам...
- Иә, білем, сен оны сүйесің ғой?
Әсем үндеген жоқ. Екі беті қып-қызыл болып кетті. !штей «бұлар менің Айжебені сүйетінімді қалай сезіп қойған?» дегендей маған көздерін жыпылықтатып, орнында сілейіп тұрып қалды.
- Қой, мен кітапханаға баруым керек. Сау бол! – деді де дәлізден түсе берді.
- Әсем! - дедім кенеттен көңілің көтергіп кеп.
- Не айтасың?
- Сен Айжебеге ұнайсың!
Ол күлімсіреп жымиды. Өзіне ырза болғандай. Ұялғанынан аяқтарын тез-тез басып жүріп кетті.
* * *
Айжебе көп қыздардың ішінен үнемі үнсіз жүретін, қылығы мен күлкісі әдемі Әсемді қатты ұнатты. Бірақ онысын өзге түгіл, жанынан бір елі қалмайтын маған да айтқан емес. Соңғы кездері тым өзгеріп, сәнқой болып кеткен. Айна алдында жарты сағат тұрып, бұрын бес саусағымен тарай салатын шашын әдемілеп, кекілін артқа қарай қайыратын болды.
- Қай қыз сені өзгерткен? – дедім бөлмеде екеуіміз ғана қалғанда.
- Сен сұрамай-ақ қой, мен айтпай-ақ қояйын.
- Әсем жақсы қыз. Ол жарың болса өкінбейсін.
- Осы сен тіміскілеп жүрмесең жүре алмайсың, - ол кейіген болды да, үнсіз жымиды.
- Бәсе, өлеңдерің соңғы кезде махаббат туралы болып кетті ғой!
- Жазғым келіп жазам ба, сезім құрғыр сергелдеңге салды емес пе. Ақын жүрек түбін көрсете жырлау керек. Ту-ф, кездесуге кешігетін болдым, - деді мазасыздана. - Әсемді күттіріп қойғым келмейді. Гүл алуға да үлгермейтін болдым ғой. Әсем күтіп қалмаса екен.
- Қиялданып жүресің. Кейде жанымызда отырғанда сені жоғалтыр аламыз.
Айжебе асығыс кездесуге аттанып кетті. Әсеммен қай жерде кездесетінін де айтпады. Ішкі құпиясын бүксе де, көтеріңкі көңілі ақын қуанышын жасыра алмады. Бөлмеде жалғыз отырғам, ұялы телефоным безілдей жөнелді.
- Бекболат, жаным, сәлем!
- Сәлем, Жанарым!
- Сені көрмегелі көп болды. Мұхтар Әуезов ескерткішінің алдында кездесейікші. Жарты сағаттан кейін сол жерде күтем.
- Жарайды.
Жанар көп күттірмеді. Бір-бірімізді тым сағынып қалғанбыз ба, ұзақ аймаластық. Жақын жердегі саябаққа қарай беттедік. Міне, екеуіміз үнсіз келіп сәкіге жайғастық. Жан-жағымыз жап-жасыл тал-терек. Құйқылжыған құстар үні құлаққа сондай жағымды естіледі. Сүт пісірім уақыт өткен соң құлағымның түбіне әлдекім өлең оқып тұрғандай естілді.
- Жанар, естимісің, біреу өлең оқып тұр ғой, - дедім ынтызарым ауып. Даныс таныс секілді.
- Иә, маған да солай естілді. Махаббат лирикасы-ау деймін, - деді өлеңнен хабары бардай. Дауыс барған сайын жақындап келеді. Сәйкестік деп осыны айт! Қарасақ, таяқ тастам жерде Айжебе мен Әсем қыдырып жүр. «Мыналар бұл жерге неғып жүр?» дедім аң-таң болып. Біздер жаққа мойын бұрып қарамайды да. Енді аңғардым, өлең оқып келе жатқан Айжебе екен. Оң қолың ауада сермеп, айбындана, жігерлене оқиды. Жанындағы Әсем сүйіспеншілікпен тыңдап келе жатқан сияқты секілді, өзгемен жұмысы жоқ. Көз алдымыздан бұлдыр сағымдай көлбеңдеп, өте шықты.
- Ақын жары болу не деген керемет! – деді Жанар тамсана. - Өлең тыңдап өмірінің бір сәтін өткізу бақытпен тең емес пе?
- Солай шығар. Саған сезімімді өлеңмен емес, сөзбен жеткізгенім үшін кешір! – дедім кінәлі адамдай. – Бірақ, ғашық жандар бір-біріне сөз айтпай-ақ көзінің қарасымен білуге болады ғой.
- Әй, қайдам, өлеңмен сезімңді жеткізсе тамаша болар еді.
Табан астында өкпелеп қалдым. Тіл қатпаған күйі томсырайып, бұртиған күйі жүріп кеттім.
- Бекош, соған да өкпелей ме екен? – деді еркелей сөйлеп. Мені еркелете үнемі Бекош дейтін.
- Мен саған өлең шығара алмағаным үшін емес, басқа бір ақынның өлеңін оқып бере алмағаным үшін өкінем, - дедім терең ойға шомып.
* * *
Ол нағыз ақын болатын. Алла ақынға ешқашан сөнбестей жалындаған күш-жігер сыйлады. Білмекке құмарлықты дарытты. Айжебенің бойында өзгелер көре қоймайтынды көретін қасиет бар еді. Бәлкім, ақынның жанында жүріп, дему бола алмасам менде ол қасиеттің бірін көре алмаған болар едім. Ақынның рухын әлдебір құпия-қуат, тылсым күш нәр беріп тұратындай сезілетін.
Бір күні Айжебе қолына талатты ақын бір ағамыздың бір бума кітабын арқалап жүр. «Мұнша кітапты қайдан алған? Әрі бәрі бірдей ғой. Мұнымен не істемек?» деп аң-таң болдым.
- Айжебе, мына кітаптарды қайтпексің? –дедімі таңданысымды жасыра алмай.
- Тегін таратам.
- Ақын ағамыздың өзі берді ме?
- Жоқ. Өзім шәкіртақыма сатып алдым. Поэзияны оқысы келетіндерге беремін.
- А-а, солай ма?
Айжебені одан әрі жақсы көріп кеттім. Шәкіртақыға қарап отырған студент тұрмақ, күреп ақша тауып жатқан шенеунік те бұлай шығынданбас болар еді. Былай қарасаң жасаған ісі ақымақтық секілді. Ал шынында...
- Бекболат, қолың бос болса мына кітаптарды таратуға көмектесерсің.
- Әрине.
Екеуіміз жатақхана, саябақ ішінде жүріп, ақын ағамыздың кітабын таратып жүргенде сөзге тарттым.
- Бұлай істеп жүргенінді ақын ағымыз біле ме?
-Білмейді. Сен ешкімге тіс жарып айтпа.
Мен үндемедім. Көше бойымен келе жатыр едік, алдымыздан шетел көлігін мінген жас жігіт келіп тоқтады. Үстіндегі киімі де шетелдің қымбат киімі екендігі көрініп тұр. Көзінде қара көзілдірік. Мәшинесінен түсіп, темекі тұтатып, құшырлана сорып қояды. Алматының көк түтініне өз үлесін қосып жатыр.
- Мынаған да бір кітап беріп кетейік, - деді Айжебе. – Поэзияны оқып, не екенін білсін.
- Ойбай, қой, ол өртеп жіберіп, кітапты құртар!
- Қорықпа. Талатты адамның кітабы құрымайды. Талатсыз жазылған дүние өзі-ақ ас үйден бірақ шығады. Біреуін силайық, өзі оқып поэзияны көңіліне түйсе, өзі секілділерді оқуға үндер. Үйіндегі кітап сөресіне сырғыта салса да, бір танысы алып оқыр.
- Бағаламаса, құртады ғой.
Ол үндемеді, мен де тіл қатпадым. Бұжыр қара бізбен салқын амандасты. Екеуімізге "сендерге не керек, ә?" дегендей иығын қиқаң еткізді.
- Кітап таратып жүр едік. Сізге де кітап сыйлайық деп едік, - деді Айжебе.
- Немене? Сендер қай сектаның адамдарысыңдар? –деп дүрсе қоя берді.
- Біз дін өкілі емеспіз. Ақынның кітабын сиялайық деп едік.
- Ақын... – таңданған күйі берген кітабымызды әрі-бері аударыстырып көрді. Бейне бір басқа ғаламшарға қалықтай қонып, қолына метеорит сынығын ұстаған космонавтша таңданыс білдірді.
- Ақындардың да кітабын тегін тарататын болған ба?
Екеуіміз бір-бірімізге қарап, жылдам қоштасқан күйі жөнімізбен жүріп кеттік. Артмызға қарасақ, бұжыр бет кітапты парақтай бастапты.
* * *
Ақындығының атағы асқан Айжебемен жыр жарыстыратын ешкім қалмағандай еді. Әбден жабырқағанда «Тұқа ағаға барамын» деді. «Мен де барайын» дедім, оның соңғы кезде тымішіп кеткеніне уайымдап. Ондағым жолда мастықтан құлап қалмаса екен деген ой. Сөйтіп, асқар таудай ақын ағамызға бардық. Ол өзі Алматылық болатын. Іші-сырты адам төзгісіз ескі бір жатақханада тұрады екен. Осы кезде қала қазағының бар-мұңын айтып өткен Төлеген Айбергеновтің «Берсең бер бермесең ғой баспанаңды, бәрібір тастамаймын астанамды» деген сөзі еріксіз ойға оралды. Біздерді жалдап тұрып жатқан жатақханасынан шығып жылыұшырай қарсы алды.
Бұл өзі тағдыры іңкәрлкпен еске алатын адам емес. Әрине, поэзиясында сөз жоқ, ал өмірі...өмір емес. Тұқа ағамыздың астан-кестен, ию-қию тірлігі өзі түгіл, өзгені де жиіркендіріп жіберердей. Бұзақылығы үшін талай айықтырғышқа қамалған, сотталған, бірнеше рет үйленген... Шақша басын тауға да, тасқа да соға жүріп, шарқ ұра өлең іздеген пақыр. Міне, елуді еңсерсе де, дәруіштік күйге түсіп, аласұрып жүріп... өз отына өзі өртеніп өлгендей адамнан өнеге іздеу әбестік секілді көрінеді. Тағдырының күрделілігінен бе, бұл кісі тым жұмбақ көрінетін. Әбден зайырлы ортадан қол үзіп қалғанда жанашыр достары қолына қаламын ұстатып, баптап, жыр бәйгесіне қосқанын естігенмін. Жазушылық билетін де қалпына келтіп берді жанашырлары.
Ақын ағаның үйінде ас желініп, арақ ішілді. Айжебе ақын ағымызбен қалыспай шүлпілдете құйылған «ақаңды» сілтеді. Мен сап-саумын. Әңгіме-дүкенен соң күн екеуі күндей күркіреп бірінен-бірі оза өлең оқыды. Мұнда келгенде мен Айжебені ақын ағысына табынатын шығар деп ойлағам. Жүдә қателесіппін. Айжебе ағасына «қара таңба» тапсыруға келген екен.
Негізі «қара таңба» ағылшындардың теңіз қарақшыларының ғұрпы. Бұрыннан атағы дүркіреп тұрған пиратқа оның орнынан дәмелі пират келіп «қара таңба» тапсырады, яғни «сен біттің!» дегені. Осы мезетте атақты пират айламен әлгінің басын шауып алуы керек. Олай істемесе, ортада қадірсіз болып, орнын босататын көрінеді. Мына ақындар да сол сияқты. Жарыса өлең оқып жатыр. Бір уақытта Айжебенің аруағы басым түсті-ау деймін, ағасы арқасынан қақты.
- Сен енді рухани ұстазсың. Мен бүгіннен бастап жолымды саған бердім. Мен екінші деңгейлі ақынмын, - деді Тұқа ағамыз.
Біршама уақыттан соң әбден қызып алған ақын ағамыз өз өмірнен сыр суыртпақтады. Кітабын шығаруға жәрдемдескен бір бір ақын інісі жайлы сүйіспеншілікпен әңгімеледі. Тұқа ағамыз жастық шақта, жалпы өмірде толқыған теңіз сезімге бой алдырғанын күйіне айтты. Ақын кезінде алып-ұшып тұрған тұған үлкен, ыстық жүректі, аңғал көңілді жан екенін аңғарған едім. Лирик ақын басынан қайғы-қасіретті өткеріп, іштегі жалынның бетін мөлдектеген зәһар-ішімдікпен қайтаруы жарыққа ұмтылған көзсіз көбелекке де ұқсап кетті. Дәрменсіз ақынның жүрегін қауіп-қатерден қақпайлайтын адал жарының да болмауы өкінішті еді.
- Мен сан өліп-тірілген адаммын, - деді ол. – О дүниенің есігін талай қақтым. Ит жанды екенмін, жаным сірі екен. Өткенде бір топ қара маскілі қарақшы кешкісін келе жатқанда ішінде жазба өлеңдері бар дипломатын ұрлап, өзімді өлімші етіп соғып кетті. Менің бар байлығым өлеңдерім еді. Қайтейін, бірнеше мың жол өлеңім құрыды. Ішім удай ашыды. Қолдан келер қайран не? Өзім көресіңді көріп, тіріліп кеттім. Өлеңдерім «өлсе», менің тірі жүргенімнен не пайда?!
Сол күні ақын ағының үйінен таң ата шықтық. Бойымды сенімсіздік пен көңілсіздік орнады. «Сорлы адам» дедім ішімнен. «Жо-жоқ, ол сорлы емес, оның өлеңдері оқылатын болады» дегендей болды санам.
Кейін Тұқа аға өз өлеңдерінен өзі жалыққандай көрінді. Әңгімелескенде поэзия жайлы әңгіме айттым. «Мен тағдырыма ризамын. Өлеңнен біржола күдер ұздім» деді. Мен ақынның биіктен құлағанын көрдім. Тоқыраған сәтіне аяушылық білдірдім. «Егер Тұқа ағасы сияқты рухани демеуші болмағанда Айжебе даңқты болмас еді-ау» деген ой келді. Сол түннен кейін Айжебенің батырлығына батырлық, ақындығына ақындық қосылғандай еді. Айжебе Тұқа ағасымен жиі жолығып жүрді. Өйткені ақын ағасы демемегенде Айжебедей мықты ақын болмас па еді, қайтер еді?... Ізбасар ғой.
* * *
Бүгін ақын Ақан ағамыз Ақжайық екеуімізге қызық әңгіме айтты. Біздер үнсіз отырып тыңдадық. КазГу қалашығының сәкісіне жайғасқан үшеуіміздің әңгімеміз жанданып сала берді дейсіз. Ақан аға терең ойға беріле сөйлейді.
- Талантты қалай анықтайтының білесіңдер ме? – тосын сұраққа тосылып қалдық.
- Жоқ аға, білмейміз.
- «Бір шумақ өлең жазбайтын қазақ жоқ, ақынжанды халықпыз ғой» деп бәріміз айтамыз. Шынына келсек, көңіл-күйді аңғартатын осы сөзді тура мағынада қолдансақ, талайлар сабамына түсер ме еді-ау, інішек! Біртуар дарын алдында мойындағандар атынан түсіп, жол беретінің білесіңдер. Халқымыздың өзі дарын мен еңбекқордың аражігін ажыратып береді.
- Айтасыз-ау, ағасы. Әр талант өмірде әрқалай із қалдырмай ма? – дедім қарсы сұрақ қойып.
- Ол рас, Бекболат інім! Кейбіреулер өзі талантты, біреулер адам ретінде де талантты. Ол Алла берген таланттын қадірін сезіне біледі. Таланттың көбі адами өмірін аялай алмаған. Бұл шетсіз-шексіз мұхитта ескексіз қалғанмен тең.
- «Сондай бір жұлдыз жарқырап туған. Сол жұлдызды жабылып өшіргенбіз» деп Шерхан Мұртаза ағамыз айтпақшы, өзіміз екен ғой ескексіз қалдырған, - деп Ақжайық сөзге араласты.
- Иә, бауырларым, өркениетті елдер таланты жөтелсе де жазып, үрейі ұшып, қолдары қалтырап отырып жазады. Ал біздікі неғылған алаңсыздық, қамсыздық десеңізші! Бұлай жалғаса берсе, жасөрім ұрпақ талатты адамның қадірін қайдан білмек? Талант өмірден өткенде сағынған көңіл сарғайып, бір жылы ағыстар сізді сол жайлы иірімге тартып әкетеді.
- Өз қадірін білмеген білмеген талант үшін өзгелер кінәлі болу заңдылық па?
- Ойын дұрыс, Ақжайық айналайын! Бірақ таразының екі жағы болатынын ескергейсің. Жай адамға қарағанда талант қадірін жақсы біледі, бірақ қай қоғам да да талантқа, әсіресе ақындарға өмір сүру оңай болмаған. Мынау мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-та талантқа қысым жасаған шенеуніктерді жон терісін сыпыратын басқарма бар көрінеді. Тәйірі, сол басқарма дарынды болып жаратылған адамның мына жалған өмірге бейімсіздігін, тәкапарлығын ескеріп, дарынмен жүйелі жұмыс жасайды екен.
- Апырай-ай, - дестік біз. – Дарындарды бала секілді әлпештеу керек екен ғой.
Мен мырс-мырс етіп күліп жібердім. Ағамыз жақтырмаған сыңай танытты.
- «Балалық пен даналықтың арасы бірақ-ақ қадам» демеукші ме еді. Ақын да бала сияқты, - деді ағамыз.
Байқаймын, әңгіме көрігі қызып барады. Әрі-бері өткен студенттер біздің сөзімізді елеп жатқан жоқ секілді.
- Біз талантты адам мен іскер, қабілетті адамның аражігін ажырата алдық па, ағай!
- Қабілет – таланттың бір атрибуты ғана секілді. Менің бір байқағаным, талантты адам – қоғамның, елдің басты байлығы.
- Таланттарды қадірлей алмай жүрген тағы өзіміз екен ғой, - дедім ашынғандай.
- Қазақы іштар бәсеке таланттарға ғана емес, татулыққа да зиян. Айналайындар, дарынды адам интригамен күресуге келгенде дәрменсіз. Әдеби ортадағы бәсекелестік ызғары талантқа жақсылық жасаған азаматтадың жақсылығынан асып жатыр-ау. Біле білсеңдер, таланттың тағдырын шенеуніктер шешкен.
- Қойыңызшы, таланттың қор болуы, тіпті күл-паршасының шығуы еңбектің қадіріне жеткізбеудің, еңбектеңуге мұрша бермей, жағдай жасалмауынан емес пе?
-...
- Ақын болу қиын шығар, - деді Ақжайық.
- Е, қарағым, Төлеген ағаң айтпақшы, «Ақындық деген бұл өзі ауызында болу сыздаған әрбір жараның». Иә, талантты адамға ғұмыр кешу қай кезде де оңай соқпаған. Алла тағала талантқа тәкәпар мінез сыйлаған ғой. Оның турашылдығы, ешкімнің алдында иілмейтіні тағдырының бояуын қалыңдатып, бізге беймәлім ете түседі. Айналайындар, қоғамды кемелді, мемлекетті мәртебелі қылатын – дарынды адамдар. Ал мемлекет сол талантардың тәкәпарлық қабілетін, ақыл-ойын саналы түрде реттеп отыруы тиіс. Өйткені қоғам да, мемлекет те қашанда талантқа зәру.
- Талантқа дүние тар екен. Көбіне тарылтатын өзіміз екен, - дедім мұңайып. Үшеуіміз де ойға баттық. Күн ысып келеді. Тамағым кеуіп, тынысым тарылып бара жатақан секілді. Әлде... әңгіме әсерінен бе екен?
- Иә, таланты адам көпе-көрнеу қиянатқа, қорлыққа ешқашан көнбеген, сондықтан оның нәзік жаратылысы қиямет-қауымға толы қауқарсыз болады. «Талант - әділетсіздікке қарсылық» пәлсапасы өмірдің шындығында жатыр.
- Аға, - дедім. – Неге талант жалғыз.
- Себебі дарынның көзқарасы керенау қоғамнан қолдау таппаған, інім!
- Ф Ницшенің «Талант үшін даңғыл жол болмайды, оның өмірі кезеңдермен ұдайы күресте, қайшылықта өтеді» дегенінде шындық бар. Мысалы, жұрт ақын Жұматай Жақыпбаев: «Ең алғаш өлең жазған күнімді өле-өлгенше жек көремін» деп айтқан деседі. Меңінше, ақын өлең жазғанды жек көрген жоқ, жазудың жемісін дүниеден өткенше көре алмады. Әрине, марапаттамады демеді, ескермегенде жүрекке тиген титімдей болса да зәру еді.
Расында, талай таланттың өміріне көз жүгіртсем, олардың жабырқаған көңіл-күйін аңғаратынмын. Таланттардың басына бұлт үйіріп, соққы алғанда әріптестерінің үнсіздігі, бейқамдығы екі есе соққы болатынын сезгенмін. Иә, талант – жалғыз. Талант – терең тұңғиық. Қайғы-қасіреттің бұл түріне тәуекелшіл таланттар батып кететінінім жүрегіммен қабылдадым. Қорғасын ойларың күресінге лақтырып кеткен.
Ақын ағымыз жалғағанша ойланып кеттіппін.
- Талантты адамдар бір-бірін жақсы түсінеді, - деді Ақан аға. – Көбіне мойындайды. Бірақ іштей мойындаудан ұлт азап шегеді. Егер қазақ бірін-бірі батыр десе, мерейі өсіп, шабыты шалқымай ма? Бұл құр мақтау емес. Пәтшағар, таланттар әдеби ортаға сиыспай кетті емес пе. Кінәлі – ортаны бермей жүрген орташалардың ісі.
- Дүниедегі ең сорақылық – рухани қылмысқа бару. Өкінішке қарай кей ақын қолжазбалары табылмай, жоғалып кетті. Дәлірегі, іс-түссіз ғайып болды. Оның жоғалуына, ұрлануына, өртелуіне не себеп? Бұдан асқан қылмыс бар ма? – деді ағамыз ашына сөйлеп. – Тартпада сарғайып жатса, әйтеуір бір күні жарық көрер ме еді?
Ол терең күрсінді. Сәкіде отырған біздерге салқын соққан самал жел аялайтындай, жұбататындай шашымыздан сипайды.
- Өткенде бір ақын туралы жазылды. Тым кеш жазылды. Тұлғанын құлдырауы деген осы, – деді Ақан аға сөзін жалғай. - Өткенде бір әншіні көрдім. Дауысы күмістей сыңғырлап, әуезді шығушы еді. Өзіміз түгіл, шетелдіктер тамсанатын. Өзгелерге ілесіп, арақ ішіп дауысын құртты. Онымен кездескенде көзіне тура қарап: «Халық алдында сен қылмыскерсің!» дедім. Ол «неге?» деді. «Өйткені, сен Алла силаған алабөтен дауысыңды өз қолыңмен құртып тыңдың! Талантыңды тұншықтырдың» дедім. Бір жағынан қаным қайнап, бір жағынан жаным ашыды. Ол үндемей төмен қарады. Өткенде көргем әлі ішіп жүр.
- Аға, таланттар неге ішіп кетеді? – білуге ынтызарым ауып.
- Е-е, біздің елде талантты құртудың тәсілдері ғой ол. Оны әдейі маскүнем етті. Біздің қоғамда талнтты тұншықтырудың қитұрқы тәсілдері – ертерек арақпен ауыздандыру, қызметін өсіру, түбін түсіре мақтау, сыртынан даттау, тіпті керек болса зейнеткелікке шығарып жіберу немесе зейнетке бірер жыл қалғанда жұмыссыз далаға лақтырып тастау. Сосын әріптестерінің үнсіздігі. Әдейі үнсіздік, қыжыл үнсіздік, - деп күбірлей берді.
Ақындар тағдыр жайлы ойға баттым. Бір жағынан оларға аяушылықпен қарасам да, бір жағынан сүйсіне түстім. Осы сәтте ойыма ақын Қадір Мырза әлінің мына сөздері еске түсті: «...Өнер адамдары, дарын иелері, әсіресе ақындар болмысынан бөлек, табиғатынан тылсым, қайталанбас құбылыс, уникум. Олар кейде белгілі бір шығармаларының белгілі бір сәттерінде ақынын-ақырын ашылғандай болады. Бірақ ондай сәулелі сәттер көп адамның санасына сия қоймайды. Ақынның аты-жөні өзгермейді десек, өзі үнемі өзгеру үстінде, құбылу үстінде ғұмыр кешеді. Оның өзі өмір сүруге ұқсамайды. Оның өмірі бейнеттену, азап шегу, тіпті у ішу». Ақындар тағдыры туралы ойланатын болсам, абырдып, шошитындаймын. Бұл қылығың әпендіге балатындар қияли санайтыны несі екен? Ақын дегеніміз құс секілді. Ақын еркін, ешкімге құлдық ұрмай күн кешеді. Бірақ сонда да ақындар өзгеше секілді. «Ақын деген алақұйын камикадзе» депті ақын Сағат Әбдуғалиев. Жаным түршікті. Е, Мұқағали ақын да сырласатын жан таппай Фаризаға мұңын шаққан екен ғой деп ойладым. Жалпы, ақын болу – қиынның қиыны. Поэзияға бәдуәлік таңырқау кейіппен қарау керек шығар.
Ежелгі араптарда ақындық қабілеті бар жанның барлығына бірдей өлең шығаруға рұқсат бермейтін дәстүр болған. Тәмәм жұрт мойындап, талантына бас иген ардақты шайырға шәкірт болып, батасын алған соң ғана өлең жазуға рұқсат берген екен. Міне, осындай үрдісті сақтап, бір жас дарын сол кезеңде танымал шайырдың батасын алуға келмей ме, сөйтсе ұстаз ақын шәкіртіне: «бәдәулердің мың жол бәйітін жаттап кел» деп тапсырма береді. Көп еңбектенген әлгі жас мың жол бәйітті жаттап келгенде ұстазы: «енді жаттағанның бәрін ұмытып кел» деп тапсырма береді. Әрине, жаттағанды ұмыту қиынның қиыны емес пе? Обалы не керек, жылдар бойыв елінен жырақ кеткен шәкірт басқа елдің мәдениеті арасында жүріп, мың жол бәйітті ұмытып, ұстазынан бата алып, үлкен ақынға айналған деседі. Соған қарағанда кездейсоқ адам өлең жазбауы тиіс деп шештім.
* * *
Сандуғаш таңда жан-жағыма саз құйып, жатаққанаға келсем, Айжебе өлең оқып отыр екен. Ішімдікке бөгіп алғанға ұқсайды.
- «Жатырмын ойда шалқамнан,өртеніп кеткен жырым көп, ала алмай шылым қалтамнан, қор болды қолым дірілдеп. Кім қазір айтшы дос маған, өкпесін қыстар кеше ме, ауылды туған еске алам, көп еді иттер көшеде... Солар ғой мені силамақ, дос болып қайтем басқамен, иттерді түгел жинап ап, оқысам шіркін, жақсы өлең».
- Мынауың жақсы екен. Өзің жаздың ба?
- Жоқ. Бұл өлең жолдары Марат Отаралиевтікі ғой. Бірақ жаныма тым жақын.
- Қызық екен. Өлеңнің саған қандай қатысы бар?
- «Көмбеңдер мені өлгенде, көмуге мені бола ма? Шарықтап жүрген өр кеуде, сия ма, шіркін, молаға?» деп Марат ақын тауып айтқан екен. Бірақ менің артымда із қала ма, білмеймін, бірақ мен бір күні ғайып болам.
- Қой, сандырақтама! Сен әлі атақты ақын боласың. Көп кітабың шығады. Ел-жұрт іздеп оқитын болады.
Ол үндемеді. Төрт қабырға төбесіндегі бір нүктеге тесіле қарап, ойға шомды.
- Білесің бе, - деді шамнан көз алмастан. – «Бір жетсе менің ажалым жетеді, адам қолы жасаған ұяттардан» деп Төлеген Айбергенов ақын айтқандай, мен де көбік сөзге жаным қас мінезіммен тағдыр тәлкегін көріп келем.
Сөйтті де Марат Отаралиевтің өлеңінен үзінді оқыды: «Ызыңдап ымырттағы маса – миым, кейбіреуді көргенде қашады иін. Адам болып куәлікте тіркелгенмен, адам болып жерді басу – аса қиын» деді.
- Айжебе, арақты көп ішпесеңші, - дедім жаным ашып. – Бүйте берсең өзінді-өзін құртасың.
Ол үндемеді. Бір шиша арақты қырлы стақанға толтырып ішті. Тағы ішті. «Ішпе» деп айтқанымен тыңдасың ба, орнынан тұра алмастай болған соң төсегіне жатқыздым. Ішімнен «Ақын не үшін ішті? Кім үшін ішті?» деп ойладым. Бірақ ол өзінің бас қайғысы үшін емес, мына сұрықсыз, жалған қоғамда ұлтымыздың қайғысына нала болып жатқанын аңғардым.
- Оңбағандар, - деді төсекте масаң күйде жатып. – Оңбағандар, баланы шетелге сатқан опасыздар! Әлі сазайларыңды тартасыңдар! Әлі-ақ...
Ол тістене ышқынды. Екі кезін алма кезек ашып-жұмды. Жанарларын жұмған сайын тарам-тарам жас ақты. Бетіне сорғалаған жас жастыққа тама берді, тама берді.
* * *
Университетті тәмамдауға соңғы курс қалғанда Сәлім өлеңдерін жинақ қылып бастырды. Онысы он баспа табақтай екен. Бір-екі ай бұрын өлеңдер жинағының мұқабасын көрсетіп: «Қалай, жігіттер, жақсы ма?» дегенде Ақжайық екеуіміз сырты жылтыр, әрі қатты болғандықтан «жақсы екен» дегеніміз есімде. «Мына жылпос не деген пысық, кітабын да шығарып үлгерді. Ал біз болсақ, өлеңдерімізді жинақтай алмай, әлі шәкіртақыға қарап жүрміз» деп ойладық.
- Жігіттер, доспыз ғой, сендерді силап бірінші өздеріне силап тұрмын. Қолтаңба да жазып қойдым, - деді ыржалақай күліп. Біздерге ісі түссе үнемі: «Жігіттер, доспыз ғой, істі өздерің бітіре салыңдар» деп тұратын. Айжайық екеуіміз отыра қалып, кітабын парақтап, кез-келген өлеңін іштей де, дауыстап та оқыдық. «Жылпосымыз классик ақындарымызды оқымаған ба?» деп іштей өзіме-өзім сұрап қоям. Бір-біріне сүйкенген жаттанды ұйқас, ал кейбір өлеңдерінің буыны мен құрылысы тіпті өзгеше еді. Өзгешелері тәп-тәуір сияқты.
Сәлім шығып кеткен соң Ақжайық: «Жылпосымыз асығыстық жасаған жоқ па?» дегендей маған сұраулы жүзбен қарады. Мен «Мәселе кітабын ерте, кеш шыққанға байланысты емес, өлеңі өміршең болса болғаны» дедім. Екеуіміз жылтыр мұқабаның сыртына үңіле қарап қалыппыз.
Сол күннен кейін Айжебе жатақханаға да, сабаққа да келмеді. Оның қайда, кіммен жүргенін ешкім де білмеді. Біз досымыздың хабар-ошарсыз кеткеніне қатты алаңдадық. Бір қызығы, сол күннен бері Сәлім пәтер жалдап Алматының «Самал» шағын ауданына көшіп кетті. Естуімізше, бір дөкей ағасын тапқан көрінеді. «Е, бауырына көмектескен шығар. Жылпостың жолы болды» дедік. Бірақ Айжебенің бірнеше күн бойы жоғалып кетуі көңілімізге мұң торлатты. Әсіресе, сүйген қызы Әсем шарқ ұрып іздеп, аяғынан таусылды. «Айжебе барады-ау» деген жерледің бәріне бас сұқтық. Ақын үшті-күйлі жоқ. Сабақтан соң Айжебені іздеп жатақханаға әрең жеткенде Әсемнің көңілі бұзылып сала беретін. «Аман болса, бір оралар, көп уайымдама. Үп-үлкен жігіт қой. Әлі-ақ келеді» деп жұбатқан болдық. Нәзік жанды емес пе, иығыма басын төсеп көзінің жасы сорғалап аққанда жігіт болсаң да шыдай алмай, көзімнен бір тамшы жас ыршып түсті.
* * *
Көңіл-алай дүлей. Айжебені іздеп шаршап келіп отырғанбыз. Сәлім телефон соқты. Ертең кітабының тұсаукесері болады екен. Соған шақырды. Көңілсіздік орнығып алған кеудем у-шуды жақтырмайтындай. Біртүрлі тұсаукесер кешіне баруға зауқым соқпады. Ақжайыққа айтып ем, ойланбастан:
- Бірнеше жыл бір бөлмеде қара нанды бөліп жеген досымыз ғой. Бармасақ ұят блар. Ренжіп қалуы мүмкін. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» деген. Жүр, барайық,- деген соң амалсыз соңынан ілестім. Әсемге телефон соғып: «Сәлім кітабьының тұсаукесеріне барасың ба?» деп едім, «Ешнәрсеге зауқым жоқ. Кейін өзім құттықтармын» деп селсоқ жауап қайтарды.
Пәс көңілмен кітаптың тұсаукесеріне Ақжайық екеуіміз бардық. Әсем безендірілген аудиторияда Сәлім маңғазданып отырды. Көлік кептелігіне ұрынып, кештеу келіп қалған екенбіз. Жүргізуші қыз оның өмірбаянын музыка ырғағымен әдемілеп оқып шықты. Жиналған қошеметшілер арасынан Айжебені іздедім. Ол көрінбеді. Үмітім үзілгендей жұп-жұмсақ орындыққа сылқ етіп отыра кеттім. Лебіздер легі де басталып кетті.
- Тамаша жинақ, өлеңдерін түп-түгел таңдамалы секілді!
- Біздің буыннан әлі ешкім мұндай құнды дүние тудырған жоқ.
- Жарайсың ақыным, сеннен мұндай күтпеп едік!
Отыз-қырық адамның жартысына жуығы қысқа-қысқа сөйлеп шықты. Көл-көсір мақтау мен мадақтау. Қошеметшілердің енді бірі жинақтағы тәп-тәуір өлеңді рухтана оқиды. Бір сағаттай уақыт өткенде ішім пысып, басқа бір ойға шомып кеттім.
- Классикалық өлеңдер ғой!
- Бұрынғы классиктерден өлеңдері түк кем емес, - деді білгіштің біреуі.
- Сенің жасында ешкім кітап шығарған жоқ. Сен шығардың. Азамат екеңсің! –деп бір ақын ағамыз батасын да беріп жіберді. «Төрт жыл бірге тұрған досымыз бізге сөз бере ме, бермей ме?» деп ойлана бастадым. Шынында, Ақжайық та, мен де сөйлеуге құмартып тұрмадық.
Терезе жаққа елегеізіп қарай бердім. Міне, ойларыммен алысып, бөлмеде жалғыз өзім отырғандаймын. Сайқымазақ күлкіні естімейін деп тым терең мұңға баттым. Мына өмірде жасандылардың қаптағанына қанып қайнап, ішім өртенді. Міне, тұңғиық ойға бойлаған сайын жағымпаздардың дауысы құлағымның түбінен алыстап бара жатты. Кенет Ақжайық жанұшыра түртті де, сахнаға қарады.
- Рұқсат етсеңіздер, мен бір ауыз сөз айтайын. Құр көлгірсіп қайтеміз. Айтсақ ашығын айтайық та.
Таныс дауыс. Жалт қарадым. Ашына сөйлеп тұрған Айжебе екен. Дабырласқандар бір сәтке тына қалды. Ақынның жағы суалып, екі көзі шүңірейіп кеткен. Сұр кәстюмінің өңі кеткен бе, қалай? Жейдесі де бұрынғыдай аппақ емес. Жүзіңде беймәлім мұң бар. Оның қашан келгенін қалай байқамағам. Жоғалып кеткен Айжебенің ұсқынынна кейісем де, оның табылғанына қуандым. Мына жалған дүниеде ақынсымақтардың көбейгеніне кейіді ме, «өй, өңшең қиқым» дегендей боды іштей. Сәлімге қарасам, түсі сұп-сұр болып кетіпті. Онысын жасырғысы келді білем, жасанды жымиды.
- Әркімнің өз қолтаңбасы болуы керек. Жаттанды өлеңдер қазақ поэзиясын өсірмейді. Әлі де іздену керек, іздену. Шығыстың жауһар жырлары мен Батыстың таңсық поэзиясы секілді туындылар аз бізде. Еркіндікті аңсап өткен бабаларымыздың өлеңдерінің рухы қандай, тілі қандай өткір! Жасанды болмайық, - деген Айжебе сәлімге сұқтанып қарай берді. Жылпос түк сездірмеді. Мен араларынды бір түсініспеушілік болған шығар дер шырамыттым. Ақынсымақтың бірі:
- Поэзия үшін! – деді стақанды мұрынынан жоғары көтеріп.
- Ақындардың өр өлеңдері үшін алып қоялық! - деді екіншісі.
Айжебе окініштен жарылып кетердей көрінді. Енді байқадым: көздерінің іші қып-қызыл, ұйқы көрмегендей. Досымды қатты аядым.
Ол отырды да, бір стақан арақты дем алмастан жұтып жіберіп, орнынан ұшып тұрды. Орнымнан тұрайын деп ем, аяғым ұйып, жансызданып қалғандай бастырмады. Айжебе ешкімді елемеді, оны да ешкім елеген жоқ. Біз тек сыртынан бақылаушы сияқтымыз. «Айжебе, қайда барасың?» деген дауысымды ыржалақтап күлгендер басып кетті. Ол есіктен шығып бара жатып, дауысын күшейте Сәлімге сұқ саусағын нұсқап:
- Сенің өлеңдерің жасанды! Сен ақын емессің! – деп ашына айтты. Сайқымазақтарға қарап: - Жағымпаздар, өтірік мақтағанша, кемшілігін айтпайсыңдар ма?! Өй, өңкей ақынсымақтар!
Ол есікті тарс жапты. Жағымпаздардың күлкісі сап тиылды. Олар бір-бірінің бетіне қарап қала берді. Мына жасандылар арасында қалғымыз келмей, Ақжайық екеуіміз бөгелместен бөлмеден атып шықтық. Далаға шықсақ, күн еңкейіп қалыпты. Айжебе тағы үшті-күйлі жоқ.
* * *
Көшеде көліктер әрі-бері ағылуда. Тіршілік көші соңынан ілеспесек, мәңгілік қалып қоятын секілдіміз. Әсем иығыма басын төсеп, ұзақ жылады. «Айжебені көрген кезде неге ғана хабарласпадым?» дедім өзімді кінәлай.
- Қой, жылама, келеді ғой. Сабырлы болсаңшы! – дедім жұбатпақ болып. – Жүр, одан да жатақханаға барайық.
- Сендерге бәрібір, ол тағы көпке дейін жоғалып кетеді. Сұмдық жаным ашиды оған. Оның жаны ашиын кімі бар дейсің. Қатты аяимын. Неге ішіп кетті екен? Неге ішеді айтшы?
Мен үндемедім. Екі аялдама жердегі жатақханаға Әсем екеуіміз жаяу тарттық.
Жаяу жүрсек, ішкі сырын маған ақтарып, бойы жеңілдеп қалар деп ойладым. Әрі ақшамыз да азайып қалған еді. Бірақ Әсем тіл қатпады. Томсырайған күйі жаныма ілесіп отырды.
Жатақханаға үнсіз кірдік. Айжебе келген шығар деген оймен бірден біздің бөлмеге келдік. Кірген бетте шашылған киім-кешек көзге түсті. Ақжайық столды жұдырығысен соққылап жатыр. Біздің кіріп келгенімізді елемеде де.
- Ақжайық, саған не болған?! - Әсем жанұшыра. Жүрегіміз секем алған. Ашық-жврқын жүретін жігіттің мұндай қылығын бұрын Әсем түгіл, мен де көрген емеспін.
- Ақында өмірге мұң кешу үшін келеді! – ол бізге мойын бұрмады. Бір нүктеден көз алмастан күбір-күбір етті:
-Ұрлады... ұрлады...
- Кім? Нені ұрлады?! – дедім аң-таң болып.
- Ақынның өлеңдері ұрлады! Түсінесің бе, ең қымбат дүниесіне қол салды оңбаған! Айжебенің жатақханадан неге кеткенің енді білдім! – деп өзегі өртенгендей қапаланды. - Ах, оңбаған!
«Оңбаған» деп іштей қайталадым. Әсемнің жүзі боп-боз. Менің қаным басыма шапты.
- Сәлім оның өлеңдерін ұрлады!
Біреу төбемнен суық су құйып жібергендей абдырап, есеңгіреп қалдым. Әсем сылқ етіп төсекке отыра кетті.
- Қалай, қалайша?! – деп тіл қатуға шамам келді. Ақжайық ызаға булығып, үстелді дүнк еткізді.
Екі күннен кейін Әсем, Ақжайық үшеуіміз жатақханадан шығып келе жатсақ, қарсы алдымыздан Сәлім кезікті. Ақжайық екеуіміз тістеніп, жұдырығымызды тастүйін түйіп алдық.
- Жігіттер,бір шірікке бола қолдарыңды былғамай-ақ қойыңдар. Қазір шу шығарсаңдар, оқудан шығарып жібереді, - деген соң оны ұрып-соғудан бас тарттық. Ол бізді көріп, жасанды жымиды. Қолында сырты жылтыр кітабы бар. Тіл табысу үшін бұрындары жасанды жымиятын еді.
- Қалай жігіттер? Қалайсың Әсем? Сен алмаған екенсің ғой, мынау ақын ағаңның өлеңдер жинағы. Саған да силайын, - деп қолына қыстыра беріп еді, Әсем шатынап:
- Сен Сәлім емес, зәлім екеңсің! – деп кітабын бетіне лақтырып, шапалақпен тартып жіберді. Мұндайды күтпеген жылпос есеңгіреп қалды. Үн жоқ. Жанынан өте бере Әсем тіксініп:
- Біреудің өлеңін ұрлағанмен, талантын тартып алмайсың! Жасандылық жақсылыққа апармайды! – деді. Қабағымызды түйіп, тістенген күйі одан іргемізді аулақ салдық.
* * *
Бірде Айжебе маған бір сұмдық жағдайды айтты.
- Кейде ақындар өздері білместен , аңғармастан өлең-жыры арқылы өз тағдырына елеулі ықпал жасайды. Тағдырын өздері жасап қоятын тәрізді.
- Оны қайдан шығардың?
- Білесің бе, Зайда Елгондинова жастық шағында өлеңмен өз тағдырын шешіп қойған сияқты. Тыңдашы.
- «Ер жігітті шақырады жол қанша, жаңа арманда шуылдайды орманша. Қайда жүрсең күтуменен өтермін, қасиетті қара кемпір болғанша». Сол тілегі орындалды емес пе? Кейін ақын Зайда онысына өкінгенде болар, бәлкім салғанына көнді ме екен? Басқаша жазса, мүмкін өмірі өзгеше өрілер ме еді, қайтар еді?
* * *
Түсімде Айжебені көріп, оқыс дауыстан шошып ояндым. Темір төсек терге малшынған. Сірә, дауысым қатты шығып кетсе керек, жанымдағы төсекте жатқан Ақжайық ұйқысынан оянып кетті. Терезені ашып жіберсем, таң бозарып атып келеді екен. Күн шапағы әлі бүр жармапты.
- Жаман түс көрдің бе? – Ақжайық ұйқылы ояу-күйі.
- Түсімде Айжебені көрдім. Байқұстың киімі әбден тозып кеткен көрінді.
- Бәсе, «Айжебе, тоқта, қайда барасың?» деп айғайладың. Әлі ерте ғой. Жатып ұйықта, - деп өзі қорылға басты. Менің ұйқым шайдай алылып сала берсің. Бөлме іші алакөлеңке. Күңгірттеу. Осы сәтте оның киімінің өңі кеткені есіме түсті Сұр кастюм ағарып, жағасы жайлаудай ақ көйлегі қарайып кеткендей көрінді. Ұшқындаған қос жанар сөнуге таяу қалған білтешамдай өлеусіреген. Пешенесіндей шып-шиыр көшелерімен жоғары өрлеп бара жатқан сияқты. Бір қызығы, еш баспалдақсыз, тек нұрдан төселген алаша сәулемен жоғары өрлей берді. Сол-ақ екен, түсімде көргенім өңімде көргенімдей көз алдыма қаз-қалпынша келе қалды.
- Айжебе, қалың қалай? – деймін оны тапқаныма қуанып. Дауысымда қуаныштың табы анық сезілді.
- Жақсы ғой. Ел кезіп, жер кезіп дегендей...
Осы кезде оның көзіне қарадым. Қос жанары шамдай жарқырап, көзімді қарықтырды. Адамның көзі осынша жарқырап тұрушы ма еді деп ойлап қоям ішімнен. Менің қысылып тұрғанымды сезгендей басын төмен салбыратып сөйлейді.
- Әсем... Әсем қалай? – деді енді көгілдір аспанан көзін алмай. Аппақ әлем, Нұр саулап тұр. Өмірімде мұндай ғажайыпты көрмеппін.
- Әлі сені күтіп жүр ғой, Адал қыз екен, - дедім кеудемді белгісіз қуаныш кернеп. Осы сәтте көк аспаннан жұлдыздар тайғанап, жанымызға келіп түскендей болады да, төмен сырғып кетеді. Сұрақ қою керек секілді.
- Сен қашан келесің? Бәрі сені күтіп жүр ғой. - оған үмітпен қарадым.
- ...
- Неге жоғалып кеттің?
- Ақын болып табанымен жер басқанымен арманым аспан әлемінде екенін сезініп, шетсіз-шексіз тұңғиық, тек нұр мен ғарыш сәулелерінен тұратын ақындар әлеміне қалықтап кеттім.
Кенет денесі тітіркенгендей болды да, күлімсіреп:
- Жеті нұрдан тұратын ақындар әлемінен қол үзгім келмейді. Сауапты өлшеммен өмір сүретін сиқырлы ғарыштық әлем – менің мекенім!
- О, неге?! – дедім таңырқай.
- Өйткені ары таза ақындар бү дүниедегідей қиянат көріп, мұң кешпейді.
- Керемет екен!
- Ақындар құпиясы жерде қалатын болды, - деді саңқ етіп. Жан-жағыма қарасам, мен төменде, ол жоғарыда тұрған секілді. Неге екені белгісіз, тіпті қорықпадым.
- Жарайды, мен кеттім. Маған көп бөгелуге болмайды.
- Ал, Әсем ше? Оны да тастап кетесің бе?
- Әсем... Әсем...Ол менімен бірге бара ма?
- Қайда?
- Ерте ме, кеш пе, бәрібір барады ғой!
- Қайда барады?!
Ол сұқ саусағымен ғарышты нұсқады. – Ақындар әлеміне!
Қас-қағым сәтте ол нұр үстімен ұшып бара жатқандай көрінді.
- Айжебе, қайда барасың?! Тоқта!
- Адал адам түлкі өмірде өмір сүре алмайды екен!
- Айжебе! Айжебе! Тоқтай тұршы!
Осы сәтте түсімнен оянып кеткен екем. Түсімде көрегнімді есіме түсіргенше таң шапағы жер бетіне сәулелерін шашып тастапты.
* * *

Арада бірнеше апта өткен. Жаздың кешкі қоңыр салқын ауасы жанға самал силағанмен, өңім сынық. КазГу қалашығының шеткі бір сәкісінде отырғанбыз. Бүгін біздің курстың студенттерінің қуанышында шек жоқ. Төрт жыл оқыған еңбегінің өтеуіне бір-бір табақтай диплом алған. Тек Әсем, Ақжайық, үшеуіміздің көңіліміз пәс. Диплом алғанымызға қуанғанмен, ортамызда Айжебенің болмауы қатты алаңдатты. Ақжайық екеуімізді таныс жігіттер шақырған соң, оған. «сен бара бер, мен қазір барармын» дедім. Әсемді жалғыз қалдырғым келмеді.
- Айжебенің диплом алуға келмегені өкінішті! - деді Әсем жыламсырай.
- Айтпа. Қайда кетті екен? Жан баласы көрмепті.
- Ол мені жалғыз тастап кетті. Ешкімге де керегім жоқ, маған де ешкімнің қажеті жоқ. – қыздың жанары жасаурап, бір мөлдір тамшы үзіліп сала берді.
- Қойшы. Әлі-ақ келеді ғой. Сосын жұптарың жазылмайтын болады, - дедім жұбатып. Екеуіміз сәкіде сүт пісірім уақыт көңілсіз отырдық. Өзі сөз саптады:
- Білесің бе, Бекболат, менің мұңымды шағар құрбылаым жоқ. Мен – жалғызбын!
- Маған айта берсең болады, мен сенің досың емеспің бе?
- Неге ақындар жалғыз болады екен? Сыңарымды енді таптым ба дегенде мәңгілікке айырылып қалғандаймын.
- Қойсаңшы. Қой қай-қайдағыны айтпай! Жүрген шығар қаланың бір бұрышында.
- Мен өйтіп ойламаймын. Ол бізді мәңгілікке тастап кеткен секілді.
- Неге?! Қайдан білесің?! – дедім көзім атыздай болып.
- Оны ылғи түсімде көремін. Ақ жамылып жүреді. Нұр саулаған әлемге қарай қалықтап ұшып бара жатады. Сонынан ергім-ақ келеді. Жете алмаймын. Бір адым өзіне жақындатпайды. Саған әлі ерте сүйіктім! Мені есінен шығарма! Мен сенің әрдайым жанында жүремін!» деп көздеп ғайып болады. Ал мен болсам, «сенің әлемің ғарыштық. Шексіз әлем. Мен жердемін» деймін бар дауысыммен айғайлап. Үнім жете ме, жетпей ме, білмеймін, ол түстеріме жиі еніп, аруақтай тілдеседі.
- О, тоба! Сен не деп кеттің, Әсем! Түк түсіне алмай отырмын.
- Шыным осы. Құй сен, құй сенбе!
- Сосын не болды?- дедім өңім боп-боз болып.
- Не болушы еді? Ақын рухымен қиялымда тілдестім, түсімде сөйлесе бастадым. Түсінсең, ақынның ақынды жоғалтуы оңай болмады. Ақын қыздың ақын досын, сүйіктісін жоғалтуы қасірет. Күндіз оқу оқып, кеш батқанда сиқырлы әлеммен сырласып, бірнеше ай өтті. Ақынға: «Сенікі сауаппен өлшенетін ғарыштық әлем. Қинама мені. Босат мені!» деп жалындым, жалбарындым.
– Сонда ол өлді ме? – дедім шошынып.
- Ғайып болды. Оның жауһар жырлары қалғанда ол ешқашан өлмейді.
«Өлмейді» деп іштей қайталап қойдым. Мынандай сұмдықты естімеген менің төбе шашым тік тұрды.
- Қалайша оның өлеңдері ұрланды емес пе?
- Солай ғой. Бірақ ақын маған келгенде өзіме арнаған жаңа жырларын қалдырып кететін. Бір кітаптық дүние. Менің қолымда сақтаулы.
Менің тіл-ауызым байланып қалғандай. Маңымда мұңлы музыкаға елітіп жастар билеп жүр.
* * *
Мен ақынның бұл дүниеден өткеніне сенгем жоқ. Тіпті өлді деуге қимадым. Адам жанынын өлмейтініне сенгім келді.
Көзі тірісінде көп ақын құрметтелмей, о дүниелік болған соң бағаланып жатады ғой. Студент кезінде-ақ танымал болған ақын неге ұмтылуы тиіс деп ойға баттым. Бірде Әсемге:
- Сен ақынды өлді деп есептейсің бе? – деп сұрағанымда, терең тыныстап, ауыр күрсінді.
- Ақынның өмірі енді басталды! – деді.
Мен жынданып кете жаздадым. Табанымнан таусылып, қаладағы ауруханаларды түгел шарлап шықтым. Таба алмадым. Ақындарды түсінуге өз заманы, қоғамы, ортасы, замандастары асықпайтынына ренжідім. Олардың тағдыры әрқашан жұмбақ, құпия қалпынлда қалатыны таңғалдырды. "Ақын пендешіліктен жоғары тұру қажет деп кеткен" ақынның сөзі есіме оралды.
- Бекер іздейсің? – деді Ақжайық. – Ол ғайып болды!
Мен оның өлгеніне әлі сенбей жүрмін.


























Әңгімелер
-------------------------------------------------------------------------------------------------
Қыз-қарағай

Арудың жанарына өкпелі боп енген мұң жылы күліп көзінен сырғанады. Жоғарыдан құлдилап, тырс-тырс етіп көлдің ақ көбік толқындарын сүйген мөлдір-моншақтар ерке лақтай ойнақтай берді. Елесті ем көрген балғын гүл өткен күннің сарғайған парақтарына бір сәт көз жүгірткен. Адуынды ақ толқыннан ескен самал леп жібек алақанымен аққұба жүзін аймалауда. Таң шапағы паң күлді. Шарқ ұрған шағалалар мөлдір махаббаттың үшбу хатын жеткізуге асығардай мазасыз. Иә, иә үшбу хатын! Ол – мөлтек сезімнен өрілген мөлдір сыр еді. Терең күрсінген Шынардың кірпігі дірілдеп қайта мұң ілді. Махаббат мұңы. Мазасыз мұң. Көз алдынан бұлдыр сағымдай көлбеңдей берді...
* * *
- Дүниеде қазір махаббат жоқ, - деп қойып қалды бірде құрбым Анар білгішсініп. – Біле білсең бәрі өткінші: ойын-сауық та, жастық шақта. Сондықтан уақытынды босқа өткізбей бәрін қамтып қалсаң болғаны.
- Сен не деп тұрсың? Жоғы қалай? - дедім аң-таң боп.
- Енді ақбоз атпен келетін серілерді айтам да. Сен болсаң үнді фильміндегі қыз бен жігіт махаббатын аңсайсың!
Тіксініп қалдым. «Жо-жоқ, әлемде махаббат бар! Тек оны күте білу керек, үміт жібін үзбеу керек, сүйе білу керек!». Ойымды ораған кіл қорғаныш жауаптар жүрек жартастарына соғылып, қайта дауыстайтындай. Менің сынық жүзімді сейілткісі келді ме, құрбым:
- Кешке би кешіне барып қайтсақ қайтеді, - деп ұсыныс тастады. – Ардақ та келіп қалар.
Оның атын естіген бойда періште қауырсынымен жүрегіме нұр сепкендей әсерде қалдым. Тек құрбымның сөздерінің ызғары жанымды қарып өтті.
- Сен неге махабаттың барына сенбейсің?! Бұл дүние тек сүюден жаралған емес пе? – дедім ызалана.
- Мына заманда сенің махабаттын кімге керек?! Әркім жанбағыс қамымен жүр. Бір көк жағалының етегінен ұстаймыз да.
Осыны айтты да, дарақылана күліп жіберді. Жыным жағамнан алғаны. Ойымды «Әлемде махаббат бар!» деген жаңғырық жаулап әкетті.
* * *
Әсем қаланың кең көшесімен серуендеп келем. Кенет қаптаған адамдар арасынан Ардақты көріп, кілт тоқтадым. Осы сәтте қиялға қанат қағып, балауса сезімге берілдім: көңілімнің ақ ары көзін ашқандай. Моншақ болып мөлтілдеген жанарым оны алыстан әлдиледі. Сырттай ғашық мен кеуде отына қақталып, жұмбақ сырым өлең болып өрілді:
Сіз маған көрінгенен КҮН болғансыз,
Ай боп туып шұғылаңмен жүздескем.
Мен туғанда жерге батып, солғансыз...
Жіңішке жолым, енді қалай тілдесем?
Көңілімнің көгендеулі құстары ән салды. Тек сен естімессің, тек жанымның жапырағын әшекейлеп өтерсіз. Көпшілік арасынан таяп келесің. Жанарындағы ұшқынға қарауға дәтім бармай, қара асфальтқа телмірдім. Көзімде мұңлы боз іңген.
- Қарыңдас, неге мұңаясыз? Сіздің әсем көркіңізге мұңаю жараспайды екен!
Жалт қарадым. Сол...Таныс жанарлар...Ұяң жүзімды жасыра бердім.
- Әдемі көркіңізді бәрібір жасыра алмайсыз. Жүріңіз, анау орындыққа барып жайғасайып, әңгімелессек қайтеді?
Неге екенін қайдам, басымды изедім. Өзім біртүрлі қобалжып, жанарымды жасыра бергенім. Орындыққа қатар жайғастық. Менің тіс жармасымды білді ме:
- Неге мұңаясыз? Әлде, жігітіңіз тастап кетті ме? Егер олай болса, махаббат жалынына күйіп, асау сезіміңіз бұлқынып жатқан болар? - маған тосын сұрақ қойып, көздері елжірей қарады. Қалжыңы шығар деген ой да қылаң берді. Көзі көзімді елітті. Менде үн жоқ. «Өзі сезімтал жан екен-ау» дедім ішімнен. Қызыңқырап алғанға ұқсамайды.
- Түсінем, түсінем...Сол махаббат ызғары кімді аяған дейсің. Сізге өлең оқып берсем қалай қарайсыз? – костюмінің төс қалтасынан ақ параққа жазылған өлең шығарып, әуезді дауысымен:
Махаббат деген бірде қуаныш, бірде мұң,
Жауқазын-жүрек бүршік жарар сүйсең шын.
Һақ әлемнен періште сыйлаған сезімді,
Ғашықтар білсе ғой шіркін, асыл қадірін.
- Сіз ақынсыз ба? – дедім жұлып алғандай.
- Солай шығар. Бірақ өлең жазғанның бәрі шын ақын емес. Қазір ақын көп қой. Уақыт өте келе дарындылар қарындыларды басып озады әлі.
- Неге ақындар қияли келеді?
- Өйткені жебе жырлар көктен келеді!
- Ал шабыт ше?
- Шабыт...Өлеңнің жалбыр көйлегіне жабысып келеді. Ақындардың аңсайтыны сол шабыт қой.
Өзі, жоқ, көзі жымиды. Ақ парақты аялаған қолдарын ұсынды:
- Танып қоялық, атым - Ардақ.
- Шынар.
- О, сіз таулық екенсіз ғой! Шынар ағашы көбіне таулы аймақта өседі. Сіз білетін бе едіңіз?
- Иә, тек мен өзімді шынар ағашына емес, қарағайға теңеймін.
- Қарағайға? Неге?
- Қарағай сондай төзімді.
- Сіз секілді екен ғой...Сыртыңыздан сондай нәзік жанды көрінесіз.
Мен жанарымды көк аспанмен алдадым.
- Кездессек қайтеді? – деді қиғысы келмегендей.
- Көрерміз. Мен асығыс ем.
Ол ұялы телефонымның нөмірін қоярда-қоймай сұрап алды. Жақын маңдағы аялдамадан автобусқа отырып, терезеден сыртқа көз тіктім. Ол соңымнан әлі қолын бұлғап тұр екен.
* * *
Сол күнгі кездесу ойымның төріне орнығып алды. Ардақтын сағым бейнесі көз алдымда көлегейледі. Күні бойы мызғыған телефон құндақтағы баладай шыр ете қалсын. Жүрексіне тұтқаны көтердім.
- Алло. Сізді тыңдап тұрмын.
- Шынар, мен Ардақпын. Есіңізде ме, Абай көшесінің бойында танысып едік қой.
- Иә, иә, есімдесіз...
- Сізбенен жолықсам деп ем.
- М-м...Білмеймін.
- Сағат алтыда сол аялдаманың алдында күтем.
Осыны айтты да телефон байланысын үзе салғаны. Жан сезімім аласапыран күйге түсті. «Кездесуге барсам ба, әлде...» Ақыры сенімім үмітімді сетінетпеді. Уақыт ұлудай жылжуда. Күтумен көкірегім орман болып сыңсып, таңғы шықтай жүрегім сағат тырсылымен үзеңгілесті.
Ол күлімдеп қарсы алды. Бір шоқ гүлін ұсынып жатып: «Әдемі арудың жанында әсем гүл де көріксіз көрінеді екен» деп қызарақтатты. Өртеніп кеттім.
Күн аспаннан тайғанып, ұясына сырғып барады. Музыкасы құлақ тұндыратын кафеге кірдік. Әр жерде әлденені айтып, ішімдікке бөгіп отырған қыз-жігіттер. Жағымсыз ырду-дырду күлкі. Темекі түтінің шімірікпей будақтатып отырған нәзік жандылар. Оларға қарап Ардақтан ұялғаным-ай. Ащы суды сімірген анабір бойжеткен өмірдің ізгілік нұрын жоғатқандай. Қыз-қылықтарын санадан сыздырғандарға лағнет айтқым келді. Ойымда найзағай ойнады. «Бұларда қайбір махаббат болсын?! Жоқ, махаббат киесі маңайламас...». Көз алдыма бұл заман аққуынан айырылған «Жетім көлдей» елестеді. Өңімнің бұзылғандығын сезді ме, Ардақ үндеместен менің қолымнан ұстап, сыртқа алып шықты. Қолы қолыма тиген сәтте өзімді сондай бақытты сезіндім.
- Кетейікші, - дедім.
- Қайда?
- Менмен бірге барасыз ба?
- Қайда?
Мен үнсіз қара жерді қимай батып бара жатқан күн ғашыққа көз тіктім. Ол да жанарын қадады. Сағым болып тараған соңғы сәуле екеуімізге бата бергендей.
* * *
Жаздың саф ауасы еседі. Екеуіміз қол ұстасқан күйі үйіме де жетіп қалыппыз.
- Шынар, сен үнді фильмдерін ұнатады екенсің ғой!
- Иә, сондай жақсы көрем. Оны қайдан білдің?
- Құпия.
- Құрбым айтқан болар?
- Сен романтик қызсың. Сенің махаббат жайлы фильмдерді ұнатпауын тіпті мүмкін емес. Айтайын дегенім, үнді филімінің кешкі көрсетіліміне екі билет алдым, барып бірге тамашалайық.
Келіскен сыңай білдіріп, үнсіз жымидым.
Кинотеатрда үнді киносын қызықтап отырмыз. Ақ теректі айнала ән салған үнділік қыз бен жігіт махаббаты сондай кіршіксіз әрі шынайы көрінеді. Араларында саф сезім, мөлтек сыр. Қол ұстасып тербелгенің айтсайшы. Дүниедегі ең таза, ең мөлдір махаббатты үнді фильмдерінен ғана көретін секілдісің... Шіркін, дүниеде ғашықтардың барлығы қосылса ғой!
Кинодан әсер алған бойда тысқа шығып, саябақты араладық. Күн еңкейіп қалыпты. Ардақ болса, көшедегі гүл сатушылардан бір құшақ алқызыл раушан гүлін сыйлады. Дала гүлін сағынғандай құша беріппін.
- Саған махаббат жайлы қазақтың қандай киносы ұнайды. – деді үнсіздікті сейілтіп.
-«Махаббат бекеті». Оны көре бергім келіп тұрады. Қос ғашықтың соңында қосылатыны керемет емес пе? – дедім.
- Романтиксың-ау сен! Қазір сияқты қыздар тым азайып кетті емес пе?
- Енді не істейін? Табиғатым солай. Жыр оқышы! – дедім еркелей.
- Кімді?
- Мысалы, Мұқағалиды.
- « Ғашықпын, шын ғашықпын сол адамға...»
- Неге үндемей қалдың?
Ол жанарымен мені аймалай берді.
- Шынарым, сені сүйем десем сенер ме едің? Иә, иә, сені сүйіп қалыппын. Неткен бақыт десейші! Махаббат деген жалын от, кіріп кетсем арман жоқ. Тек екеуіміз өмірде бірге болайықшы! - Дірілдеген саусақтарымды аялағанда жүрегімді бір дүлей сезім жұлмалап өткені. Сезімге сырға тақтым. Көздерім жерді әлдиледі.
- Шынарым, махаббат мүйісіне бірге жүзейікші! – Ол менің үлбіреген еріндеріме икемделе берді. Ыстық дем табы мені балқытып, бақыт құшағына ене бердім. Қолымдағы алқызыл гүлдер ұялғанынан одан әрі қызарып кеткендей. Бізді оңаша қалдырып, жердің қоңыр төсін иіскей берді...
* * *
Күз. Маңдайымнан ызғарлы жел сүйді. Алапат құйын жапырақтарды шыр айналдыруда. Рухы кетіп, сүлдері қалған жапырақтарға іштей жаназа оқыдым. Ардақ екеуіміздің жұп жазбағанымызға бір жылдың жүзі болыпты. Қол ұстасып,ұзын көшенің бойымен серуендеп келеміз.
- Махаббатты қалай түсінесің? - дедім тосыннан сұрақ қойып.
- Ол – ұлы сезім. Екі адамның бір-біріне деген сүйіспеншілігі. Мәселен, біз екеуіміздің.
Бір-бірімізге жымия қарастық.
- Неге кей адамдар қызуғушылықты махаббатпен шатастырады?
- Өйткені махаббат та қызуғушылықтан, ұнатудан басталады емес пе. Бірақ ермек үшін жүретіндер бар... Олар - қатыгез адамдар.
- Қазір біз сияқты жастар тез үйленіп, артынан ажырасып жатады. Оның несі махаббат? –дедім ойға шомып.
- Есепті некенің ұзаққа созылмайтының білмеуші ме ең?
Өзгелер екеумізге өзеурей қарайды. Кенет өзі көшеде кетіп бара жатқан бойжеткендерге қиыла қарады. Теріс қарап, бұртидым.
- Неге сүйтесіз? – дедім сізге көшіп.
- Шын ғашық боп қалыпсыз ғой? - Ол қуланып күлді.
- Мен сізбен сөйлеспеймін.
- Ренжімеші сәулем, сенен басқа кімім бар дейсің!?
- Жалған сөйлейсіз...
- Сені қайтсем екен? - Құшағына қысып, еркелетті. Жанарымдағы үріккен мұң бақыт отын жаға берді.
* * *
Үнсіз келіп бір сенімсіздік қолтықтап алды. Құлағымда құрбымның айтқан сөздері қамшыдай осып кетті. Не деп еді? «Сенің Ардағың біреумен жүреді екен. Таныс қыздар бір қызбен қол ұстасып кетіп бара жатқанын көріпті». Иә, иә, неткен ауыр сөздер. Мен қалай білмегенмін. Жо-жоқ, Ардақ мені шексіз сүйеді. Бәлкім олар қателескен болар. Көшеге шығып, әлдекімді іздегендей жан-жағыма қараймын. Ағылған көліктерде есеп жоқ. Барлығы мені мазақтап кетіп бера жатқандай. Осылайша, бірнеше күнді батырдым. Бүгін де ойға беріліп отыр едім, өзі телефон соқты:
- Шынарым! Шынарым! – дауысы үздігіп шықты.
- Ардақ!
- Шынарым, біз енді кездесе алмаймыз! Тағдыр бізді бір болуды жазбаған шығар. Ұмыт мені. !здеме мені!
- Түк түсінсем бұйырмасын. Не деп тұрсың? – дедім таңдана. Ол менің сұрағымды жауапсыз қалдырып, мұңлы сөздерін жалғай берді.
- Менің ойыңнан шығар. Сенің бақытын алды көгершінім!
Ойға шомып кетіппін. Құлағыма байланысы үзілген телефон дауысы келеді. Егер ол басқа қызбен қол ұстасса, әлі неге мені шынарым дейді. Ойым сан-саққа жүгірді.
Кейін білдім қарындасынан... Ардақ көлікпен келе жатып, жол апатына ұшырапты. Екі аяғы жансызданып, төсекке танылған екен. Ол осындай халде жатқанда мені көргісі келмейтіндігін айтыпты. Қарындасы қолыма бір жапырақ қағаз ұстатты. Көзіме жас тығылды. Өксіген күйі саябақтың ішінде шарасыздықтан әрі-бері теңселіп жүре беріппін. Сол күндер мен үшін тым ауыр тиді. Сыңарымнан айрылған аққудай жалғызсыраймын. Түнде–ұйқы, күндіз-күлкі қас болды. «Қайран махаббат! Асқақ армандар! Сендер де мені жалғыз тастап кеттіңдер!» - деп күбірлеймін оңашада. Осылайша, күздің сүренсіз күндері құрбыма айналды. Арада сырғып апта өтті. Мұңайып, біір жапырақ ақ қағаздағы өлеңін қайта-қайта күбірлеп оқимын:
Жеткізер ем бақытқа жаным, махаббатпен,
Тағдыр бізді қоспады ғой, күншіл неткен.
Шіркін-ай, өмірде орындалса арман бар ма,
Ең соңғы рет жүзіңді құлай өпсем!
Көз моншақтарым қара жерді құшуда. «Ардағым! Өлеңін өзеурей кеп жылатты, тек сен жұбатқан жоқсың. Сенің адал махаббатына қалайша күмән келтіріп, құрбымның айтқанына иланғам. Кешір мені» - дедім іштей кінәлі адамдай өз-өзімді ақтауға тырысам. Үлбіреп, үзілуге шақ қалған үмітке сыршыл өлең дем берді. Оны көрсем деген ақ қанат арман мені ғашығыма жетелей берді.


* * *
Үздіккен жүрек тамырды қуалай сезімді ала қашты. Ақ халатты үстіме іле сала екінші қабатқа жылдам көтерілгенімен, ол жатқан палатаның есігін ашуға дәтім бармай сәл іркіліп қалдым. Жанардағы мөлт еткен жасымды іркіп, жүрексіне ішке ендім. Ардақ төсекте қимылсыз, ұйқы құшағында жатыр екен. Оны көргеніме қуанып, қиялға шомып кетіппін. «Жаныма демеу болар жас жанының сыр бағына бір түнеп қалсам екен, Ардақ! Сенің тұңғиық сырларына барсам, жүрегіне жаңа сезім гүлдері егілер ме еді? Сонда пәк жүрегің үздігіп, тәуір болып кетермісің? Сені сүйген жүрекке енді нендей наз айтайын!. !штен күбірлеп шыққан тілегімді естігендей кіпіктеріңді қағып, тіл қаттың.
- Шынар!
- Ардақ, қазір саған көп сөйлеуге болмайды.
- Сенің келеріңді біліп ем, махаббатым!
Қос жанарым жалын жасқа толды. Шерге толы көңілім босап, терең күрсіндім.Оның алақаның қос қолымен аялап:
- Сені жалғыз қалдырмаймын, Ардақ! Әлі-ақ жазылып кетерсің. Көресің әлі, екеуміз қырға шығып қызғалдақ тереміз. Қол ұстасып, арманның аласармас шыңдарына шығармыз. Маған сен, сүйгенім! – оның маңдайынан сүйіп, көз жасымды тия алмаған күйі есікке қарай беттей бердім.
* * *
Көрікті көлдің жағасында ақ шағалаға мұң шаққан Шынар түс әлетінің таяп қалғаның аңғармай да қалған. Ол сүйгені – Ардақтың ауруынан құлан таза айығып кетуін Алладан тілеп, сағынышпен күтуде. Өмірдің талай қиындықтарын мойымай бастан өткеруіне себепші болып, оны тек үміт қана жетелеп жүр. Үміт болғанда да періште қауырсынды үміт. Кейде жалғыздықтан жаны жабығып, көңілі құлазығанда шынар ағашы секілді морт сынғысы келеді. Тек ол шынар емес, төзімді қарағай. Қыз-қарағай.

Еңлікгүл тауда өседі
Осы сапар дегенді қойсаңызшы! Көшпенділер ұрпағы болған соң ба, бұл жұрт буынып-түйініп көлікпен болсын, әуемен болсын сапарлатып жүргені. «Көлікпен Қазақстанның кең-байтақ даласын, әсем өлкесін аралағанша, көктен бақылаған қандай тамаша болар еді, шіркін!» деп балалық қиялға берілген жеткіншек сияқты ойға шомдым.
- «Құрметті жолаушылар! Бірінші жолға Зашита-Алматы жолаушылар пойызы келе жатыр. Сақ болыңыздар!».
Үштөбе қаласы теміржол бекетінің дыбыс күшейткішінен коммутатордың осы хабарламасы естілуі мұң екен, жолаушылар жүктерін әкеп, абыр-сабырға түскен. Көп кешікпей сонадайдан көрініп, маңайын дүрсіл мен ащы әуенге бөлеп пойыз да келіп жетті. Сеңдей соғылысқан нөпір халық итерісе вагондарға лап қойды. Жолсерік жігітке билетімді көрсетіп, плацкарт вагонға мен де ене бердім. Соңғылардың бірі болып кірсем, орнымда бір жас қыз бен баланың отыр екен. .
- Отыра беріңіз, қазір орныңыз босайды, - деді қарама-қарсы отырған ақ жаулықты әжей. Өзі қалғып отырған сияқты. Көздерін ашып-жұмып отыр.
Үндегем жоқ. Сөмкемді үшінші қабатқа қойып, орныма отыра кеттім.
- Ештеңе етпейді, екеуі жанымда отыра берсін. Алматы жақын ғой, бес-алты сағатта жетіп барамыз, - дедім сұраққа ойлана жауап бергендей. Осы сәтте пойыз жылдам қозғалды да, гүрс-гүрс етіп жүріп кетті. Кенет пойыз тез теңелгенде бейқам отырған ба, әлде мықтап ұстап үлгермеді ме, маған жақын отырған сүйкімді қыз қолымнан шап беріп ұстап алды. Енді құламайтын болған соң, мұнысына ұялғандай жайлап жібере салды. Он-он бір жас шамасындағы күлімкөз ару өзінің бейқамдығына қысылып қалғандай. Іштей ұяңдау қыз шығар деп ойладым. Қателесіппін.
- Кешіріңіз ағай, ойланып кеттіппін, - деді қос бұрымы әдемі өрілген, тостақан көзді қыз таңдайы тақылдап. – Мына інім менен гөрі сақ. Ал мен болсам үнемі армандаймын да отырамын.
- Армандаған жақсы ғой. Болашаққа деген сенімің ұлғаяды. Кездейсоқтыққа кешірім сұрамай-ақ қойсаң болады.
- О-о, бұл не дегеніңіз, кешірім сұрамағанымды анам естісе ренжіп қалар еді. Анам бізді осыған үйреткен. Анашым мен үшін бәрінен қымбат. Қайда жүрсек те айтқанын орындау керек емес пе?
«Апыр-ай, ә, ана деген құлаққа қалай жағымды естіледі» дедім іштей сүйсініп.
- Ал балақайлар, кіммен, қайда бара жатырсыңдар?
- Әжемізбен, Алматыға барамыз, - деді екеуі жарыса жауап беріп.
– Астанаға барып қыдырып келеміз. Әдемі қала екен. Мынау біздің Меңтай әжеміз, - деді қыз ұйқы құшағына енген ақ жаулықты әжені нұсқап. – Анам мен әкем бізді Алматыдан күтіп алады. Сіз де Алматыға барасыз ба?
- Иә.
- Көзілдірік тағып алыпсыз. Кітапты көп оқығансыз ба? – деді бұрымы бұлғақтаған аққұба жүзді қыз сұраулы жүзбен қарап. Өзі жымың-жымың етеді.
- Кітапты көп оқығанан ғана емес, дұрыс оқымағаннан кейін көзілдірік кидім. Мен анамның ақыл-кеңесіне құлақ аспасам керек.
- Өй, не...сіз кішкентай кезіңізде тентек, бұзық болғансыз ба? Әлде кітапты жарықта, ең кемі 30 см қашықтықта оқу керектігін білмейсіз бе? Әрі жарық сол жақтан түсіп тұруы керек қой. Ой, ағай, қызықсыз ғой. Үп-үлкен сияқтысыз...
- Өзің көп білетін оқушы сияқтысың ғой.
- Биыл да барлық пәннен беске шықтым. Былтыр әкем мен анам «Сабақты беске оқысаңдар, Астанаға қыдыртамыз» деген. Сосын сабақты бұрынғыдан да ынтамен оқыдым. Бірінші сыныптан бері беске оқимын. Әкем мен анам берген уәдесінде тұрып, бізді он күн Астанаға қыдыртты. Ой, ағай, сіз білсеңіз ғой, біз «Бәйтеректі» өз көзімізбен көрдік, үлкен балықтары бар Океанариумды араладық. Астана маған қатты ұнады.
- Мына інің де жақсы оқи ма? - дедім басына тақия киген 7-8 жасар қара балаға қарап.
- Қай-да-ғы. Ол нашарлау оқиды. Биыл үш пәннен төртке шығып қалды. Менім арқамда Астананы көрді. Әйтпесе теледидардан тамашалап отырар еді. Інім әке-шешеме берген уәдесін орындай алмады. Көрдіңіз бе, менің білімім болсама, бұл Астананы көре алмас еді. Үйдегі анам «Ініңді атасының қасына қалдырып кетейік» дегенде, «Анашым менің, Қанат кемшілігін әлі түзейді ғой, тастап кетпейік. Жақсы оқыған неге жеткізетінің көрсін» дедім. Оным інімді ынталансын дегенім ғой.
Вагон ішінде біздің әңгімемізді жұрттың ұйып тыңдап тұрғанын аңғардым. Қылығы да, сөзі де тәтті мына қызбен әңгімелесудің өзі бір ғанибет деп ойладым. Осыдан соң әңгімемеіз жанданып сала берді дейсің.
- Охо, сен білімді ғана емес, ақылды қыз болдың ғой.
Ол жымиып күлді. Маған сыбырлап қана: «еңкейіңізші» деді көздері күлімдеп. Еңкейіп құлағымды оның ауызына жақындатқан болдым.
- Маған ақылды кім беретінің білесіз бе?
- Кім?
- Мына ұйықтап жатқан әжем және оқыған кітаптарым. Кішкентайымнан әжемнің қолында өсіп, ақылына қанып өстім. Бірақ сіз әжеме мен айтты деп айтпаңыз, жарай ма?
- Неге?
- Әжем мақтағанғанды да, біреу мақтағанды да жек көреді. Егер сізге сыбырлап айтпасам, әжем естіп қойса өкпелеп қалуы мүмкін.
- Әжеңді қатты жақсы көресің бе?
- Иә, өте қатты жақсы көрем. Мен кішкентай кезімде ертегі айтатын. Ал ініме батырлар жырын әңгімелейтін. Әжемнің айтқан ертегілері мені өмірде адал, мейірімді болуды, ешкімге қиянат жасамауды үйретті.
- Ой, әжең алтын кісі екен ғой, - дедім шын сүйсіне түсіп.
- Түш..,- деді қыз сұқ саусағын ерніне тақап. - Әжем естіп қоймасын.
Қылықты қыз әдемі жымиды. Сәл үнсіздік орнады. Есесіне пойыздың гүрс-гүрс еткен дауысы анық естіледі. Терезеге қарасам, маң даланың әр бұтасы мен белі артта қалып, теміржол жиегіне орнатылған бағаналар зымырап бара жатқандай. Күн екеш күн де қара жерді қимай ұясына батып бара жатыр. Қыз жаққа көз салсам, інісін ұйықтатып жатыр екен. Қамқоршысы секілді сезінеді өзін. Вагон іші жарық өшірілген кейін бе, күңгірттеу.
- Ағай, сіз кім болып жұмыс жасайсыз? – қыз мені қайта әңгімеге тарта бастады. «Тілші, мақала деген сөздер бұған таныс емес шығар» деп ойладым да:
- Жазу жазамын, - дедім.
- Жазушысыз ба?
- Солай десе де болатын шығар. Әңгіме жазатыным бар. - өзім университетте тарих факультетін бітірсем де, осылай айтқаныма қысылып қалғандаймын. Мына қыз біресе көзілдірігіме, біресе үстімдегі спорттық киіміме қарап, сенбегендей сыңай танытты. Тексеріп көрсек болып:
- Жазушыға ұқсамайсыз ғой. Ал, жарайды, жазушы болсаңыз мынаны айтыңызшы, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесіндегі Қожаның досының аты кім?
Біткен жерім осы дедім. Кеше достарыммен түнімен қыдырып, ұйқым қанбаған ба, әлде басымның мең-зең болып тұрғаны ма, әйтеуір есіме түсіре алмай қойғаным. Жолдың ұзақтығын біздің әңгімемізді тыңдап, қысқартып келе жатқан жұрттың көзі бізде. Сұрақ оңай сияқты, бірақ ұмытып қалғанмын ба, есімде ешнәрсе жоқ. Жазушымын деп бекер айтқан екенмін. Мектепте сол шығарманы сан рет оқыған едім.
- Әні, білмейсіз. Киносың да көрген жоқсың ба?
- Көрдім ғой. Тоқтай тұршы кішкене ойланып алайын, - дедім уақытты созбақ болып. Менің абыржыған кейіпімді көріп, көмектесейін деді ме:
- Ал, жарайды, бірінші әрпін айтайын. Қожаның бұзық досының есімінің бірінші әрпі – С.
- Тілімнің ұшында тұр. Соңғы әрпін айтшы.
- Н.
- ...
- Әбден қиналдыңыз ғой, ағай! Білмеймін деп айта салмайсыз ба өзіңізді қинамай. Жазушымын дейсіз бе, мектеп оқулығындағы шығарманы білмейсіз ғой. Шамасы, мына менің інім сияқты нашар оқығансыз-ау деймін. Әйтпесе, оңай сұраққа жауап берер едіңіз ғой.
Жұрт «мына қыз дұрыс айтады» дегендей маған тесіле қараған.
- Ұмытып қалсаңыз мен айтайын. Қожаның досының аты – Сұлтан. Сіз тура менің інім сияқты болдыңыз ғой түк білмейтін. Көзілдірік таққанға көп біле ме десем. Ихи-ихи-ихи...
Қыз ыржалақтап күле берді. Мына қыздың мазақтағаны жаныма батып барады. «Күлегеш екен өзі» дедім іштей.
- Тағы бір сұрақ қойшы, жауап беріп көрейін, - дедім емтиханда ұстаздың алдыңда тұрғандай.
- Ал, жарайды. М-м, қазір... Ия, ал айтыңызшы, Ыбырай Алтынсариннің балаларды оқуға шақырған өлеңі қалай аталады?
«Қап, жазушымын деп бекер айтқан екенмін. Тарихшымын десем біреу маған қой дей ме? Жазушы болған соң әдебиетші екен дегені шығар. Әй, тарихшымын десем, мына қушыкеш қыз мен білмейтін бір сұрақты қойып қалса, тіпті масқара боламын ғой» деп ойладым да, жазушымын дегеніме өкінгем жоқ. Ал мына өлең қалай аталатынын таппасам құримын ғой. Ауырып тұрған басым жарытып ештеңе ойлай алмай тұрғаным.
- Бәлі, соны да білмейсіз бе? – қыз сықылықтап күле берді. Адамдардың қол жанары анау, маған үмітпен қарап қалған. Білмей қалсам ұят болады.
- Қалай еді әлгі, «балалар, оқыңдар!» деп аталушы ма еді?
- Ой, ағай-ағай, - деді ол басын шайқап. – Сізге қайта партаға отыру керек шығар. Жауабын білмедіңіз, енді мен айтайын. Ыбырай Алтынсариннің балаларды оқуға шақырған өлеңі «Кел, балалар, оқылық!» деп аталады. Біліп жүріңіз.
Қызарақтадым, әрине. Бетім ысып кеткен сияқты. Қарашадай бала біліп тұрған өлеңді менің білмегенім әбестік секілді.
- Ал оның алғашқы жолы қалай аталатының білесіз бе?
- Солай, «Кел, балалар, оқылық!» деп аталмай ма?
- Сіздер оқығанда солай болған. Қазір «Бір Аллаға сиынып, кел, балалар, оқылық!» деп оқылады. Кеңес үкіметі кезінде алғашқы жолын алып тастаған екен.
«Не деген көп білетін қыз» деп ойладым. Түр-түсі бесінші сыныптың оқушысына келіңкірейді.
- Айтпақшы, таныспаппыз ғой, - атымды айтып қолымды создым.
Күлкісін әрең тыйған ол:
- Жарайды. Таныссақ танысайық. Менің атым – Еңлікгүл. Оңай сұраққа жауап бере алмаған адаммен таныспай-ақ қоюға болушы еді, көзілдірік кигеніңізге қарағанда бірнәрсе білетін шығарсыз, - деп қолымды алып, мазақтап тағы күлді.
- Еңлікгүл дедің бе? Әдемі ат екен. Атыңды кім қойды?
- Әжем қойған. Біздің ауыл таудың етегінде болғандықтан, тау жайылымында Еңлікгүл деген гүл өседі. Сол гүлдей болсын деп қойған ғой.
- Сендер Алматыға кетіп бара жатқанға қалада тұратын шығар десем,
- Жо-ға. Ауылда тұрғанға не жетсін! Мен ауылымды жақсы көремін. Ой, сіз білсеңіз ғой ағай, табиғаты қандай тамаша! Маусым-шілде айларында еңлікгүл гүлдегенде дала құлпырып кетеді. Ал маусым-қыркүйекте еңлікгүлдің жемісі піседі.
- Менің туған жерім Тарбағатай тауы аймағында. Біздің өлкеде де еңлікгүл өседі деп естігем. Бірақ еңлікгүл туралы білетінім шамалы.
- Қызықсыз ғой, ағай! Жасы үлкен деп сізден қажетке жарар әңгіме естиін десем, өзім айтатын болдым ғой. Жол ұзақ қой, еңлікгүл туралы айтсам тыңдайсыз ба?
Мен басымды изедім.
- Еңлікгүл Қазақстанның Алтай, Тарбағатай, Іле, Күнгей, Жетісу Алатауларының шалғынды, тастақты беткейі мен бұлақ маңындағы сызданған дымқыл жерлерде өседі. Өзі күрделі гүлділер тұқымдасына жататын көпжылдық шөптесін өсімдік. Біздің ауылдан тауға қарай жайқала өсіп тұрғанда байқағаным, өсімдіктіңі сыртын жұмсақ түк басқан, сұрғылт боз болады екен. Кітаптан осы гүл туралы оқығанда білгенім, аршалы, шыршалы ормандар арасында өсетін сарғыш және федченко деп аталатын екі түрі бар екен. Еңлікгүл теңіз деңгейінен 2300-4600 метр биіктікте жиі кездеседі.
- Ботаника туралы білімің күшті екен. Сенің ауылында көп кездеседі ғой, мен бұл гүлдің қандай екенін өз көзіммен көрмеппін. Еңлікгүл туралы тағы айтшы, - дедім қызығушылығым оянып.
- Ағай, еңлікгүлдің сабақтары тік, кейде түр жағынан сәл иілінкіреп келген. Сопақша, таспа тәрізді ұзын жапырақтары сабағының түбіне айналса, ал сабақ бойындағы жапырақтары кезектесіп орналасады.
- Еңлікгүл, мұның бәрін қайдан білесің? Өзің бесінші сыныпта оқитын шығарсың?
- Мен 7 сыныпта оқимын. Сіз менің кішкентай бойыма, түріме қарап солай ойлап қалған шығарсыз. Мүлде олай емес. Әжем 6 жасымда бірінші сыныпқа апарғанында бірінші тоқсан бітпей-ақ бірден 3 сыныпқа қабылдандым. Өйткені мектепке дейін жазу, сызу, есептеу білетіндіктен, бірінші немесе екінші сыныптың партасында отыру ішімді пыстырды. Балалар ежіктеп оқи алмай отырғанда, мен 3-4 сыныптың кітаптарын парақтап отыратынмын. Мұғалім көріп қойып, оқуыма рұқсат бермеді. Әйтеуір меннен құтылғылары келді ме, әлде әжемнің ашуынан қорықты ма, үшінші сыныпқа бірден көшірді.
- Бәсе, бәрін қайдан біледі десем, оқыптуған бала екенсің ғой.
- Кішкентай кезімде әжем бәрін үйретті. Өсе келе қабілетім артты ма, тез меңгеріп алатын болдым. Қазір сегіз не тоғызыншы сыныпта оқитын ба едім. Анам «кейін жоғарғы оқу орнына түсуге қиын болады» деген соң сыныптан-сыныпқа секіруді қойдым. Себебі білімім жеткенімен, жасым жетпей қалады ғой.
- Қиын болған екен. Болайын деп тұрған қыз екенсің, - дедім әлденеге кейігендей.
- Ағай, айтсам сенесіз бе, бірақ мақтаншақ екен деп ойлап қалмаңыз, біздің үйдегі менің бөлмемде бір парта болды. Партаның сол жағына Еңлікгүл -1, оң жағына Еңлікгүл - 2 деп жазып қоятынмын. Еңлік – 1-де үшінші сыныптың, Еңлікгүл - 2-де төртінші сыныптың сабағын оқыдым. Қазір сыныптан сыныпқа секірмегеннің өзінде 14 жасымда оқуды аяқтайтын шығармын.
- Ойпырмай, вундеркинд қыз екенсің ғой, - дедім таңданысымды жасыра алмай. – Болашақта кім боласың?
- Әжем айтпақшы, оны Алла біледі. Реті келсе, білім және ғылым министрі болсам ба деймін. Арман көп, ағай! Білім және ғылым министрі болсам, балалардың кітабын көп қылып шығаруға күш жұмсар едім, шіркін! Қазақтың ертегісін, батырлар жырын, тарихын, балалар әдебиетіндегі үздік шығармаларды суретімен безендіріп, көп таралыммен шығарар едім. Сонда балалар кітаптан бас алмас еді.
- Ойың дұрыс екен, қарындасым! – дедім жаныма тартып. – Ал, ауылыңда балалар қандай кітаптар оқып жүр?
- Сол баяғы кітаптар ғой. Жаңағы Бердібек Соқпақбаевты менің әкем оқыпты, мен де оқыдым, бұйырса, кейін менің балам да оқитын шығар. Жаңа кітаптар өте аз. Болғанымен тартымды емес.
Қараңғы түнде пойыз жүрісі анық естіле түскендей. Тамбур жаққа баратын адамдардың қарасы азайды. Жаңымыздағы жұрт ұйықтауға асығар емес. Олар мына бір «Еңлікгүлдің» көркіне тамсанып, шырындай тәтті сөздерін естуге құмартатындай.
- Ұйқың келген жоқ па? Сендердің орындарың қай жерде еді, - дедім ұйықтап жатқан інісіне қарап.
- Біздің орнымыз әжеміздің үстіндегі екінші қабатта. Билеттің реті солай болып қалды. Әжем екінші қабатқа шыға алмайды ғой, сондықтан інім екеуіміз екінші қабатқа жатып келе жатырмыз.
- Сендер осында жата беріңдер. Бауырың түнде екінші қабаттан құлап қалар.
- Бауырым жата берсін, менің әлі ұйқым келген жоқ. – деді Еңлікгүл. Бауырын ұзыннан жатқызған соң әңгімеміз қайта жанданып сала берді.
- Ағай мына адамдар әлі ұйықтамаған шығар, естіп қоймасын, бері жақынданызшы. Құлағыма ауызын тақап сыбырлап сөйлей жөнелді:
- Ағай, бірнәрсе айтсам ренжімейсіз ба? – деді қыз сиқырлы жүзбен. Төмен қарап жымиып қояды.
- Сұрай ғой.
- Осы сіздің қызыңыз бар ма?
- Бар.
- Аты кім?
- Айжан.
- Әдемі ме?
- Иә, әдемі.
- Мен ше?
- Сен де әдемісің.
- Сіз қызыңызды өте жақсы көретін шығарсыз.
- Жақсы көрмесем онымен бірге жүрмес едім ғой.
- Тойыңыз қашан?
- Оны қайтесің?
- Жай, тойыңызға мені шақырасыз ба дегенім ғой.
- Сені кімім деп шақырам? Біреулер бұрынғы қызы екен деп ойлап қалса қайтем?
- Неге? - деді жұлып алғандай. - Өйтіп ойламайтын шығар есі дұрыс болмаса. Мен сізден көп жас кішімін ғой. Сіз мені қарындасым деп шақырыңыз. Ағай, мен сіздің тойыңызға таудан құшақ-құшақ еңлікгүл әкеп берер ем. Ән сал десеңіз ән салам, би биле десеңіз би де билеймін. Тойды сұмдық жақсы көрем. Әсіресе, үйлену тойын.
Не айтарымды білмедім. Әттең, алыс туыстағы қарындасымның бірі болса, тойға сөзсіз шақырар едім. Осыны ұғынғандай Еңлікгүл мұңайған күйі ойға шомып отырды. Құлағыма сыбырлаған күйі:
- Әжем айтады. «Сені анау-мынау жігіттерге бермеймін. Сыннан сүрінбей өткен азаматқа ғана өзім қосамын. Өйткені сен тау гүлісің, саған әркімнің қолы жете алмайды» деп.
- Әжеңдікі жөн шығар. Сен әлі жассың ғой. Саған әлі мықты жігіт кездеседі, - дедім жігерін қайрап.
- Сіз соған сенесіз бе? – деді көздері күлімдеп.
- Әрине. Егер Алладан үнемі іштей тілеп, жақсылық көп жасап, құлшылық қылсаң, тілегін сөзсіз қабыл болады.
Осы сәтте Еңлікгүлдің қос жанары шамшырақтай жарқырап, бақыт құшағына енген жандай қуанып тұр еді.
- Жарайды. Мен екенші қабатқа шығып, ұйықтайын. Сен де ұйықта. Кім біледі, ертеңгі күн саған бақыт сыйлап тұрған шығар.
- Ағай, - деді құлағыма өте ақырын сыбырлап. – Сіз Айжанды ойлап жатасыз ба?
- Әрине, мен оған мәңгілікке адалмын ғой.
- Шіркін, менің де сіз сияқты жігітім болса ғой, - деді төмен қарап. Еңлікгүл інісінің қасына жантайды. Мен сүйіктімді ойлап жатып, ұйқы құшағына еніп кетіппін.
Таңертең біреу түртіп оятты. Көзім ашсам, жанымда Еңлікгүл күлімсіреп тұр.
- Ағай, бірінші Алматыға келіп қалдық. Ұйқтағанда дым сезбейсіз ғой. Сіз екінші Алматыдан түспеуші ме едіңіз? Сіз өтіп кетпесін деп оятып жатқаным ғой.
- Рахмет, қарындасым!
- Сізге рахмет! Бауырым екеуімізге орын бергеніңізге.
- Оқасы жоқ.
Жоғарғы қабаттан түсіп, аяқ киімді кидім де, әжейдің сөмкелерін көтерісіп сыртқа шықтым. Еңлікгүл мен інісін вагоннан түсіріп алдым. Күн жылы. Аспан шайдай ашық екен. Алматының қоңыр желі шашымды сипайды. Таңғы ауаны құшырлана жұтып қоямын. Күннің сәулелері Еңлікгүлдің көркін әсемдей түскен.
- Ал, жақсы. Сенімен сөйлесіп, үлкен әсер алдым. Кішкентай болсаң да айтарың көп екен. Талабың таудай болып, бағың жансын, Еңлікгүл! Айтпақшы, дымбілмес ағаңды ұмытып кетпейсің бе?
- Жо-ға. Мына інім нашар баға алған сайын сізді есіме алып тұрам, - деді күлкісі сыңғырлай.
Еңлікгүл әжесі мен бауырының соңынан ілесіп, маған қол бұлғап қояды. Мен де қол бұлғап, қимай-қимай қоштастым. Аянышты киноның соңы секілдеген өмірімнің бұл мезеті ұмытылмастай еді. Өмірде осындай қызықты сәттердің қысқа, тым қысқа болатыны жаман екен.
Пойызға мініп, орныма жайғасқан маған жұрт аяушылықпен қарайтындай. "Қыз кетті, енді не істейсін?" дегендей маған. Ойға шомып кеттім. Көз алдыма екі бұрымы бұлғақтаған, тостақан көзді, аққұба жүзді, әдемі күлкісі сыңғырлаған Еңлікгүл келді. Мен Еңлікгүлдің әркімнің қолы жете бермейтін таудың ерке гүлі екенін сезініп, шыңдарын ақ қар басқан Алатаудан көзімді алмадым.


Феникс

- «Мен сені сүйгем, жаныммен сүйгем жарық күн...»
- Тоқта! Сені де болашақ ақын дейді-ау. Өлеңнің әрбір сөзін жанынмен сезініп, жүрегінің сүзгісінен өткізіп айтпаймысың. Өлең – кие. Поэзия – паң планета. Мұқағали – тылсым бір әлем. Түсіңдің бе мені? Поэзия – паң п-л-а-н-е-т-а. Жан-дүниеңмен беріліп оқы! Жан-дүниеңмен...
Ақындар мүшайрасына дайындап жатқан мына адам не деген қатал еді. Бұл оқыған ақын өлеңінің әр жерінен кінәрат тауып, әбден сілікпесін шығарды. Ол аздай «сеннен қайбір ақын шығар дейсің, Мұқаңа арнаған өлеңінді де мәнерлеп оқи алмайсың!» деп намысына қайраққа салып өтті. Апта бойы жыр жаттап, күбірлегенінен түк шықпады. Басы-мең зең. Тым-тым ауыр өтті бұл күндер. Мәдениет үйінен көңілсіз шығып, автобусқа отырысымен іштей ақын өлеңдерін қайталады. Терезеге үңіле қарап қалған. Сөйтсе де өз аялдамасынан өтіп кетіпті. Келесі аялдамадан түсіп, үйіне аяңдай жөнелді. Кенет көз алды қарауытып кетті. Соққан желдің сыбдыры құлағына құстың үнін әкеле ме, қалай? Иә, иә, бұлттанған күзгі қара аспанан бейтаныс құстың күмбірлеген, сыйқырлы дауысы естіледі. Жыл құстары жылы жаққа кеткелі қашан. Көшеде кездескен жігіт ағасынан: «Аспанда бейтаныс құстың дауысы естіле ме?» деп еді, әлгі мұның шаршаған жүзіне ұзақ үңілді де: «Бауырым, үйіне барып дем алсаңшы» дегені. Орнында сілейіп қалған. Ешкім мұны тұсінбейтіні қалай? Өзі сияқты жалғыз бөлмесіне еніп, керуетке сұлай кетті. Қоңыр тіршілігінің белгісі – қара нан мен кеше кешкісін қара табаға пісірген кеспеден ауыз тимек болып еді, тәбеті тартпады. Ойында тек - өлең. Бейтаныс әуен.
«Жан-дүниеңмен оқы» дейді. Не деген репититор. Мәдениет бөлімінің бастығы осы кісіні ұсынып еді. Тозақ қой мынау! Жоқ, репититор емес, ақын болу! Өнер жолы не деген қиямет-қайым еді. Ол үшін бар ғұмырында сарп етіп арнауың керек, өлең жолында құрбан болуың керек. Әр сөзі бұлақтың тамшысындай ақынның өлеңін жан-дүниеңмен сезінуің қажет. Әбден шаршап-шалдыққанымен ұйқы жоқ. Қиялымен өлең әлеміне еніп, сөз астарын, Мұқаң образын іздеді. Көз алдына қапсағай денелі, шашы қайратты, отты жанары күлімсіреген ақын келді. Дәл өзі! Көшірмесіз шынайы портрет. Нақ суреттегідей иегін қолымен ұстап тұр. Бұл болса «Табыт үнінің» астарын түсініп болмады. Хан қызының жұмбағын шешердей ой ордасына еніп кетті.
Азап қой бұл – ақын болу! Ішкі арпалыс қиындығымен бетпе-бет келіп, өз-өзінді жонуың керек. Балалық шағында өзінің тырнақалды өлеңдерін жазып, ақиық ақынның жауһар жырларын сүйіп оқып еді. Онысы шын ақын болғысы келгені еді. Ендігісі мынау, бір өлеңнің мағынасын аша алмай, астарына талғам көзімен үңіле алмай жатқаны. Мұқағали жырларына үңілген сайын, терең түйсінген кезде тұңғиық түбіндегі өлшеусіз қазынаға тап болардай. Отты жыр данышпан ойға жетелейді. Кенет тамағы қып-қызыл қан болған күннің түсінен шошынды. Түнімен ұйқы көрмей дөңбекшіп, таң ата кірпіктері айқасқан болды. Жанарлары жабыла салысымен шатыры жоқ үлкен сахнаға тап болды. Бұл ақиық ақынның өлеңін оқыған сайын көрермен шапалағы үдей түседі. Ақын жырлары әлемге таралып жатқандай. Сахнада өзі және көкте ұшып жүрген ақын рухы - Феникс! Киелі құс мұны қанатымен жебеп, сәуле шашатындай. Әр сәуле отты жыр боп таралуда.
- Жан-дүниеңмен оқы! – дейді қабағы қатулы репититор. Жыр сүйер қауым мұны сахнадан жібермей қайта-қайта жыр сұрайды. Феникс құс сәуле шашып еді, көрерменнің бәрі ақынға айналып бара жатқандай. Түсінен шошып оянды.
- Міне, образға ену деген! Өзіңді Мұқаң ақындай сезін.
Құлағының түбіне репититордың риза болған дауысы келді.
- Өлеңінді бүгін тәуір оқыдың. Көзінен жылт еткен ұшқын байқадым. Дауысында сезім діргегі бар. Әлі де ақын жырларына астарына үңілу керек. Түсіндің бе, сезіну керек, сезіну...
Мамық төсек терге малшынған. Денесі құрысып жатыр. Жан-дүниеңмен сезіну. Сезіну болғанда өлеңнің әрбір тамшысын сезіну. Сол тамшы жүрекке жіпке тізілген тамшылардай төрт аяғы тең түсуі қажет. Репититор өткен жолғыдай емес, жүзі жайдары. Енді анау ақынсымақпен бәсекеге түсіп, шаң қаптыратынына сенімді. Өткенде сары баланың өлеңдерін тыңдап көріп еді, көңілі толмады. Өңшең жалаң ұйқас пен шимай-шатпақтар. Өлеңінде сезім жоқ. Тым қарабайыр. Жыл сайын бір кітап шығарып, сахнада қол сермеуге әуес. Өлең деген жайшылықта емес, қайшылықта тумаушы ма еді? Мұндайлардың сөз қадірін кетіргеніне іші удай ашыды. Бәрінің ақын болғысы келеді, несі бар, болсын! Тек шын ақындарды уақыт таңдайды.
- Ал мен кіммін?!
Ол төсегінен атып тұрып, бетіне түсіп жатқан ай сәулесін көрді. Жо-жоқ, мынау ай сәулесі емес қой! Терезеге қарама-қарсы тұрған айнаға қарап еді, қанатына сәуле шашқан Фениксті көрді. Кенет жарқырап тұрған ұшқын сөніп, құс жерге құлады да лаулап жанып күлге айналды. Қас-қағым сәтте мұның үйін ғана емес, бүкіл жер бетін сәулесімен нұрладырып тұранғадай жалын тарады. Шошып кетіп, көзін тарс жұмды. Үрей билеген көздерін жүрексіне ашып еді, елес сейіліп, таң атып келеді екен.
Мәдениет үйі. Репитиция.
Айна алдына тұрып ақын жырын нақышына кетіре оқып, қолын әрі-бері сермеді. Жырға берілгені соншалық, үлкен сахнада тек өзі тұрғандай. Әуезді дауысымен әр шумақтан шуақ таратып жатқан. Қапелімде айна өртке малынып кеткендей болды. Айна ішінде буырқанған жалын толқындады да, таныс құс көрінді. Қолдары дірілдеп, өне бойы қалшылдып, мүдірместен өлең оқуда. Репититор ағайы дән риза.
- Жарайсың! Ақын жаның түсінген сияқтысың. Ертең мүшәйра. Сенен күтпеп ем, бүгін ерекше беріліп оқыдың, - деді репититор. Өзімен бірге дайындалып жатқан сары баланың түсі бұзылып кеткен. Сонда да құмарын қандыратын бір нәрсе жетіспейтін тәрізді. Көз алдына өлең оқығанда рух береген Феникс құсты іздеді. Ақын философиясының астары неде? Иә, иә, Қарасазға барып өлең оқу керек қой!
Жалма-жан киініп, сыртқа шықпақшы болды. Табалдырықты аттай беріп еді, көз алдында дүние төңкеріліп бара жатты. Көзін ашты. Жанында қаумалаған дәрігерлер. «Басынан қатты соққы алған. Дереу палатаға апарындар», - деді дәрігердің біреуі. Медбикелер мұны сүйрей жөнелді.
- Тоқтаңдар, менің кетуім керек!
- Қайда барасың?
- Жіберіңдер мені!
- Қайда?
- Қарасазға! Феникске!
Сөйтті де төсектен атып тұрып, ұзын коридорды бетке алып жүгіре жөнелді.
- Ұстаңдар оны!
Медбикелер шулап қоя берді. Сыртқа шыққан бойда тау жаққа қарай зымырап келеді. Көп ұзамай құлағының түбіне Феникс құстың үні естілді. Такси жалдап, аудан орталығы Кегеннен ақынның туған жері - Қарасазға тартып кетті. Ақынның ауылына жеткен бойда таксистке тоса тұруын өтініп, өзі жаяулатып Қарсаздың маң даласын аралып кеті. Қанша жүргені есінде жоқ, тауға жақындап қалыпты. Ақынның өлеңін оқи бастап еді, сол үннен тау жаңғырып, күмбірлеп қосыла жыр оқиды. Бұл жолы ақын өлеңінің әр жолын жан-тәнімен сезініп, жүрегінің сүзгісінен өткізді. Ақын образын тапты. Терең филисофиясының мәніне үңілді. Мәңгілікке. Кенет үстіне феникс құстың сәулесі шашырап кеткендей болды. Құлағының түбіне жырсүйер қауым шапалағы үдей түсті. Ертең мүшәйра. Ол дауысымен тау жаңғыртып, ақын өлеңің қайта оқи бастады.
- «Мен сені сүйгем, жаныммен сүйгем жарық күн...».

Соңғы ұшқын

Қырау басқан терезеге мұңлы жанарын қадап, ойға шомылған Айман ішкі өксігін баса алмай ыстық тамшылар бетінен сүйе берді. Әйнекке әдемі әшекей салған қымылтыр аяз оның нәзік жанын аяусыз қарып өткендей. Ащы шер кеудесін күңірентіп, көңіл ауанын құлазытып жіберді. Жүрегіндегі әкеге деген үміт шырағы сөніп, соңғы ұшқын сол күні ғайып болған. Сол күн... Айман үшін тірліктің ең мағынасыз һәм ең маңызды күні еді. Өмір базарынан жастайынан жылап қайтқан. Көз алдында киноның лентасындай сол бір қас-қағым сәт... Оның тағдырының ақ парағына таңба салып кеткен. Жадындағы жаңғырық ұйқыдан оянған жаңартаудай дүр сілкінді.
Әлі есінде... Кішкентай күнінде әкесі Сембектің мойнына асылып, алақайлап айқайлағаны. Иә, бақытты балалық шақ-ай десеңізші. Әкесі мұны үнемі еркелетіп, «Айым сол» дейтіні құлағына соншалықты жағымды естілетін. Анасы Асылдан гөрі әкесін қатты жақсы көруші еді. «Мен әкемнің баласымын» деп оған еркелейтіні кеше ғана сияқты. Тек арада төрт жыл желмая уақытпен жарысып өте шығыпты.
...Бәрі осы қалаға көшіп келгеннен кейін басталды: әкесінің ішімдікке салынып, шешесіне қол жүгіртуі; үйдегі ұрыс-керіс, жұмыссыздық пен жоқшылық... Ақыры отағасы мен отанасы ажырасып тынды.
- Мама, әкемді қатты сағындым. Шіркін-ай, бұрынғыдай бірге тұрсақ қой, - деді Айман қиялға беріле.
- Әкеңе бізден гөрі арағы жақын. Бізді қайтсін ол! – деді шешесі жақтырмай.
- Мама, ол менің әкем ғой. Ішкенін қойғаннан кейін қайтып оралар.
Мұңайған күйі өз бөлмесіне еніп кетті. Ана мен қызы арасында Сембек жайлы әңгіме қозғала қалса, Айман үнемі әкесін жақтап шығушы еді.
Жоқшылықтың зардабын тартқан шешесі екі бірдей жұмыста еңбек етті. Таң қылаң бере жұмысқа кетіп, кешқұрым үйіне жетіп, шалдығып құлайды. Жалғыз қызының жақсы білім алуына бар жағдайды жасап, қатарынан қалдырмауға тырысқан-ды. Күні-бойы қос мекеменің еденін жуып, қолы талғанда тірліктен баз кешкісі-ақ келеді. Тек жалғыз сүйеніші – қызының бола-шағына алаңдады. Сондықтан ба, бар күш-қайратын жиып, өмір қиындығымен үзеңгілесті.
Айман көп ұзамай алтын ұя мектебімен қош айтыспақшы. Он бір жыл бойы жақсы оқыған ол мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, грантқа түсуге үміті бар. Кеше тапсырған тестілеудің қорытындысын білу үшін қала орталығындағы мектебіне асыққан. Тақтайшаға ілінген жауап парақтарынан өзінің аты-жөнін, жинаған баллын көріп, сілейіп қалған. Үйіне көңілсіз оралды.
- Не болды, жарығым! – деді Асыл қызының боп-боз болған жүзінен бір сұмдықты сезгендей.
- Мама, мен... Мен... Өксіп жылап жіберді. Қызымен бірге Асылдың да көзінен жас ыршып шыққан. Құшақтаған күйі бауырына баса берді.
- Жылама, қызым. Қанеки, айтшы, қанша балл алдың? Айманның мөлдір тамшылары төмен құлдилай берді.
- Мама, мен «Алтын белгіге» бітіре алмадым. Тоқсан бір-ақ балл жинаппын.
- Мұңайма, қызым, бәрі де жақсы болады, - деген Асыл оның шашынан сипап, үмітін үкілей берді. Айман қиналған сәттерде әкесінің жанында болмағанына налыды.
* * *
Үш ай бойы тамағынан ас өтпей, ойында тек грантқа оқуға түсу болды. «Осынша баллмен оқуға түсе алмасам не істеймін? «Алтын белгіге» де бітіре алмадым. Анам жоғарғы оқу орнына оқыта алмайды ғой. Не істесем екен?». Осы секілді мазасыз ойлар ойының төріне орнығып алғалы қашан. Шешесі қызының күннен-күнге солып бара жатқанын аңғарса да, шарасыздықтан еш нәрсе істей алмады. Кейде қызының көңілін аулап: «Қызым, қайғырма. Алла тағаланың көзі бізге түзу. Әлі-ақ оқуға түсіп кетерсің», - деп жігерлендірумен болды. Тіпті «Көңілі бір сәт күлімдесінші» деп мектеп бітіру кешіне қарызданып жүріп, әдемі де бағалы көйлек әперген. Айманның көйлегі өзіне құйып қойғандай жарасып, көңілі құлпырғаны - анасы үшін бұл жалған дүниедегі ең бақытты сәттерінің бірі еді.
Айман түнімен көз ілмей, таңның тезірек атуын күтіп, Алладан оқуға түскендер қатарында болсам екен деп тіледі. Таң ата ерте киініп, оқу орнына тартқан. Түс мезгілі ауғанда жұмыста жүрген Асыл қызынан бір хабар ала алмай, қатты алаңдаған. Ұялы телефонына қайта-қайта қоңырау шалып еді, жауап болмады. «Қызым оқуға түсе алмай бір бәлеге ұшырап жүрмесе екен» деп іштей күбірлей берді. Сүт пісірім уақыттан кейін телефон шыр етіп, Айманның қобалжыған дауысы естілді.
- Мама... Мама!.. Ар жағында сыңсыған үн анық естіледі. Ол жылап тұр. Қапелімде аузына сөз түспей, ұялы телефонын өшіре салғаны. Асылдың жүрегі зырқ етті. Басы теңселіп, көзі қарауытып, қабырға жақтауындағы орындыққа отыра кеткен. «Қызыма не болды екен?» деп ойлауы мұң екен, телефоны қайта безілдеп қоя берсін.
- Мама, мама, мен... Мен... Оқуға түстім!
Жылап тұр, қуаныштан. Дауысындағы сезім діргегі анық естіледі. Асыл жұмыстан сұранып, үйіне жеткен бойда дастархан жайған. Көп кешікпей қызы да үйіне жетті-ау. Екі көзі қып-қызыл. Екеуі қуаныштан бірге жылады. Тек қуанышын бөлісетін әкесі ғана жоқ еді.
* * *
Айман қалаған мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнына түсіп, күннен-күнге көңілі марқайған. Бірде үйіне автобуспен келе жатып оны көрді... Сол... Әкесі. Ол да жалт қараған. Өзінен жасы үлкендеу әйелді құшақтап отыр. Мұның көзінше қымсынбайтын секілді. Бет әлпеті ісініп, әбден жүдеп кеткен. Әкесін әнебір әйелден қызғанатын секілді ме, қалай? Ол Айманды көрсе де елемеді. Ұзақ үңілді. Терезеге. Осыдан кейін Айманның әкеге деген көңілі суып сала берген.
* * *
Арада сырғып ай өтті. Сабағына асыққан Айман аялдамаға тез жетіп, автобусын күтуде. Кенет иығынан біреу түртіп қалды. Шошып кеткен. Жанында киімі жұпыны, сақал-мұрты өсіп, көзі шүңірейген біреу. Аузынан ішімдіктің мәуелі иісі аңқып тұр. Біреуге ұқсай ма, өзі? О, тоба! Әкесі ғой мынау... Бұған тесіле қарап қалған Айман жүзін бұрып әкетті.
- Айман, қалың қалай? – деді Сембек аузын жыбырлатып. Даусынан діріл мен сенімсіздік сезіледі. Ол әкесінің бар-жоғын сезбегендей: тіл қатпады. Ашулы еді.
- Қызым, мені танымадың ба? Әке үрейлене түсті.
- Сіз кімсіз?!
Ол дүниедегі ең қарапайым һәм ең бейкүнә сөздің соншалықты ауыр бола-тынын аңғармапты. Сембек төбесіне жай түскендей сілейіп тұрып қалған.
- Айман, бұл мен ғой... Мен... Әкеңмін! – шарасыздықтан дірілдеген қолымен кеудесін ұрғылай берді.
- Жоқ, сіз менің әкем емессіз! Әкем болсаңыз, мен мектеп бітіргенде қайда болдыңыз?! Мен оқуға түскенде қайда болдыңыз?!
Сембек орнында сілейіп қалған. Өмірінде қызынан мұндай сөздерді естимін деп кім ойлаған? Істеген ісіне енді өкінетіндей.
Айман болса автобусқа мінбей, оны жалғыз қалдырып, жаяу жүре берді. Сәлден соң артына қарайлап еді, әкесі орнында ескерткіштей қатып қалған екен. Артынан қуып жетіп, кешірім сұрар деп ойлаған. Тек үміті ақталмады. Жүрегіндегі әкеге деген үміт ұшқыны сол сәтте-ақ жылт етіп ғайып болған. Соңғы ұшқын...

Арманның ауылы

Ауланың алдында бір топ бала шеңбер ортасындағы асықтарды мергендерше көздеп атып, ойын көрігін қыздырып-ақ жүр. Ауылдың қоңырқай тірлігі де, иттердің шәуілдегенімен де жұмысы жоқ. Ұлттық ойынды ұршықша иірген сары тәмпіш балалардың асығын ұтқанына мәз. Шеңбер ортасына тігілген өңкей ешкіемер мен қойлақтарды шетінен тауысып-ақ бітті.
Көктемнің керімсал ауасын құштарлана жұтып, тыныстаған Шашубай ақсақал үйдің жақтауындағы ағаш орындыққа жайғасып, көкөзек шаққа жеткеніне іштей Аллаға шүкіршілік етті. Қария күншуақта қара домалақтардың асық ойының қызықтап отыр. Бағанадан бері ұтылып жатқан он бір жасар Арман терлеген бетін жеңінің ұшымен бір сүртіп, қорғасын құйылған сақасын иіріп, атып кеп жіберді. Сақасы тіз қатарынан тізілген асықтарға тимей, атасы Шашубай ақсақалдың аяғының астына қарай домалай жөнелді.
- Ата-ау! Ау, ата! Сақамды әперіп жіберші!
- Арманжан-ау, өзің келіп алмасаң, белім шіркін бүгілдірмейді ғой. Сөйт шырағым, өзің ала ғой.
Есейіп қалса да, таяқ тастам жерден шыбықты ат қылып шауып келген Арман атасына келіп еркеледі. Немересінің маңдайынан иіскеп, бетінен сүйген қария ерекше мейіріммен қарады. Ол қарттық өмірінің қызығын осы немересінен көруде.
- Ата, мен өскенде сен сияқты аңшы, ым-м, сосын мерген болам ба?
- Боласың балам, боласың. Мерген болуды асықты дәл көздеп қағып түсіруден үйренуің керек. Ұқтың ба?
- Иә, ата.
Арман атасына елжірей қарады. Әкесі Темірбайдан бастап бүкіл ауыл атасының Құралайдың көзінен ататын мергендігін айтып, ауызынан суын ағызатын. Иә, бұл Арманның атасы. Сол сәтте Арманның кеудесін қуаныш кернеп әкететін.
Сақасын ала жүгіріп, ауланың шаңын бұрқыратқан күйі асық ойынына қойып кетті. Бағанағындай емес, шыр иірген сақасы асықтардың шекесінен шертіп, шеңбердің сыртына шығаруда. Екі құлағы екі езуінде. Өзіне дән риза.
Көп кешікпей ауылдың іргесінен ырғалып өтіп бара жатқан автобус кілт тоқтап, ішінен бейтаныс адамдар түсіп, осылай қарай беттеп келе жатыр. Балалар да, үлкендер жағы да мойын бұрған. Арман да ауыл адамдары емесін көріп, қонақтар қай үйге түсер екен деп қарап қалған. Сәнді киім киінген, орта жастағы ерлі-зайыптылар мен өздермен бірге ерткен 9-10 жасар бала. «Жақсы болды ғой» деді Арман іштей. «Бірге асық ойнайтын болдық». Иә, Арманның түйсігі алдамапты...Қонақтар Шашубай ақсақалмен амандасып, мұның үйіне енді.
- Арман, әй балам, бері кел. Қонақтарға сәлем бермейсің бе?–деді Шашубай ақсақал бұған дауыстап. Үйге құстай ұшып жеткенімен, біраз тосырқап қалған.
- Ас-салау-мағалей-кум.
- Әліксалам. Өй, мынау үлкен жігіт болып қалыпты ғой, - деді Тимур оны бауырына басып. – Танысып қой, мынау сенің Эрик деген туысың болады.
«Эрик» деп қайталады Арман іштей. «Қандай қызық есім, мүмкін, Ерік шығар».
- Ойнайтын бала болмай іші пысып жүр еді, жақсы болды, - деді Арманның анасы Ұлжан риясыз көңілмен.
- Мынау Алматыда тұратын Ұлжан деген қайын апайын. Оның жанындағы күйеуі, Тимур деген ағаң болады, - деді әкесі Темірбай. – Қане, Эрик екеуін жақсылап танысып, ойнап келе қойыңдар.
Туыстар есіктің алдына шығып, асық ойынының қызығына кірісіп кеткен балаларға қарай беттеді.
- Мынау саған, - деді Арман қызыл түске боялған сақа мен бес-алты асықты ұсынып. Қалада туып-өсіп, орыс балабақшасында тәрбиеленіп, орыс мектебінде оқитын Эрик өзге тілде бірдеме деп еді, түкке түсінбеген Арман басын шайқады.
- Бул не? – десін Эриктің тілі әрең икемге келіп. Мына бір сүйектерді кітап бетінен көрген сияқты.
- Асық.
- Асык.
- Иә, асық. Сенің сол қолындағы қызыл сақа. Онымен асық атады.
Арманның қолындағы асығы диірменнің тасындай шыр айналады. Эрик сақаны әрі бері айналдырып көріп еді, икемге келмей-ақ қойды.
- Қандай асық ойының білесің?
- Мен білмейді.
- «Хан талапайды» білесің бе? Қалалық бала басын шайқады.
- «Омпыны» мен «Атпақылды» ше? Шаһар тұрғыны үнсіз.
- Ой, сен түк білмейсің ғой!
Эрик қазақтың ұлттық ойының білмегеніне ұялды ма, қызарақтап қалды. Қаланың ойын автоматтарында ойнайтын ол атыс-шабыс ойынының түр-түрін айтып берер еді. Тек ауыл ойының білмейді екен. Қайдан білсін, нағыз қазақ ауылына алғаш рет келіп тұрса.
Ауыл балалары Эрикпен танысып, оның атын естігенде кібіріктеп қалған.
- Атын қызық екен, - деді сары тәмпіш Ермек. – арғы атаңның аты шығар?
- Мен білмейді.
- Ым-м, қандай мағына береді екен? Эрик иығын қиқаң еткізді.
- Қойшы соны қазбаламай, одан да асық ойнайық, - деді ұтылып жатқан Жансерік шыдамсыздана. Асық ойыны қайта басталған. Эрик шеңбердің ортасындағы асықтарды атып кеп жіберіп еді, сақасы нысанаға маңайламай, асау аттай айдалаға қаша берді. Қанша тырысса да, бірде-бір асыққа тигізе алмады. Ауылдық қара сирақ балалары күлкіден езуін жия алмады.
- Барлық асығымыздан ұтылдық, - деді Арман. – Жүр Эрик үйге қайтайық.
Үйге жақындағанда байқады: сары самаурынның түтіні будақтап жатыр екен. Алдарынан Ақтөс пен Құтжол құйрығын бұлғақтатып қарсы алды. Табалдырықты аттай бергендері сол еді, мұрынға піскен еттің иісі келді. Шашубай атасы қонақтарға арнап қой сойғызған екен.
Қолына ожау мен сүлгі ұстаған Арман Тимур жездесін күте бастады.
- Жүріңіз аға, қолыңызға су құйып жіберейін.
Қалада жылы суға қолын малып жүрген Тимурға ауыл тірлігі қызық көрінді. Қаладағы кейбір әріптестерінің «Ауылым–алтын бесігім» деп неліктен сағынатының ойға алды. Ақ тоңынан арыла бастаған тауға көз тігіп, сұлулығына таңдана басын шайқады. Көктемгі самал жел шашынан сипап, шаршағаның басып жібергендей.
Қонақтар дастархан басына отырғаны сол еді, көп кешікпей буы бұрқырап ет те келді. Қазақы салт бойынша күйеу балаға төс тартылды. Ет желініп, сорпа ішілген уақытта Шашубай ақсақал сөз қозғады.
- Е, шырағым, аң аулау үшін келдім де, - деді қария Тимурға бойын бұрып. – Қаланың тірлігі жалықтырған шығар.
- Иә, ақсақал.
- Андағың не? – Қария бейтаныс қаруға көз тастады.
- Винтовка ғой, ақсақал.
- Ә, жөн. Бірақ біздер саятшылыққа құспен шығатынбыз. Қазір көктем уақыты ғой, аң-құс аулау обал болады. Өздеріңді көрмегелі 5-6 жылдың жүзі болды ғой деймін. Е, ақыры келген екенсіңдер, Темірбаймен бірге Тастүлекті аң-құсқа салып көріңдер. Жарықтық, томағасы бір сыпырылып, қанатын жазсын.
- Ата, көк жабағыны мініп мен де барайыншы. Құмай тазымды ерте барармын, - деді Арман.
- Қой, болмайды. Сен әлі жассың.
Әкесі құптамады. Аттан құлап бір бәлеге ұшырап жүрер деп ойлады.
- Барсын, - деді Шашубай қария. – Қонақ баланы да ерте кетіңдер. Дәстүрімізді ұмытпасың, қалаға барғанда айта жүрер.
Атасының айтқаны заң. Ақсақалдың сөзін ешкім екі етпейді. Арман болса ертеңгі саятшылықтан қалмас үшін ұйқы құшағына еніп кетті.
* * *
Арайланып ауыл таңы да атты. Арман көзін уқалап ашып, терезеден сыртқа қарады. Әкесі аттарды ерттеп жатыр екен. Жалма-жан пысылдып ұйықтап жатқан Эрикті оята бастады. Есік сықыр етіп, артынша Шашубай қарияның сұлбасы көрінді.
- Ә, батырлар ояндындар ма? Тез киініңдер, әйтпесе саятшылықтың қызығынан құр қаласындар.
- Иә, ата біз қазір дайын боламыз. Ата-ау, мен сіздің жеті өрім қамшыңызды ұстап барайыншы.
- Е, өзім де саған сыйлайын деп жүр едім. Мінеки, ала ғой, - деп қолындағы қамшысын ілтипатпен ұсынған атасы сыртқа беттеді.
Саятшылар аңға шығып, бірнеше жотаны арқа тастады. Бір атқа Арман мен Эрик мінгескен. Атқа алғаш рет отырғанан кейін бе, әлде қорықты ма, Эрик тақыммын мықтап қысып алған. Құмай тазылар - Құтжол мен Ақтөс соңдарынан қалмай ілесіп келеді. Көктемнің керімсал желі еседі. Темірбай аспандағы тағыны қолға түсіріп баптаудың хас шебері болып алған. Саятшылар деген атағы болмаса, тұғырды тілгілейтін қыран Темірбайда ғана. Шашубай ақсақал аңға қару алып шығуға мұрсат бермеп еді.
- Атаники камчини неге сурадың? Жипке байланган таякпен не істейсің?
- Пәлі, сен білмейсің, бұл қамшымен атам талай қасқыр, түлкі соғып алған. Мен өскенде атам сияқты атақты аңшы болам.
Эрик жым болды. Бірнәрсе сұрайын десе, дымбілместің нағыз өзі болатындай. Арманның арманын естіп, ауызы ашылып қалған. «Ал мен өскенде банкир болам деп ба деп жүрсем» деді іштей Эрик.
- Әкемнің қолындағы қандай құс екенің білесің бе? – Қалалық бала басын шайқады.
- Тастүлек. Ол қыранның жасы төртте.
- Туртте.
- Иә. Қалада қыран, бүркіт қайдан болсын. Білмесең айтайын, қырандар жасына қарай - балапан, қантүлек, тірнек, тастүлек, құмтілек, қана, жана, барқын, баршын, шөгел деп аталады. Естуің бар ма?
Шаһар тұрғыны ойланып қалды. Қаладағы зоопарктен де көрмеген құсы секілді. Олар тағы бір сайды асып, құба жонның үстіне шықты.
- Әне, анау сайда бір түлкі қашып барады, - деп дауыстап жіберді Тимур қуанғаннан. Темірбай қыранды көкке самғатқанда құс жоғарыға көтеріліп, жемтігін бір шолып өтті де, жер бауырлай ұшып, қызыл түлкіні тарпа бас салды. Құтжол мен Ақтөс солай қарай ағызып өтті. Сояудай тырнағын батырған бала қыран түлкіні тырп еткізбеді. Ысылдап, қанатымен жерді осып жатыр. Атпен шауып келген саятшылар риза болысты.
- Тулкі...Тулкіні устап алды, - деді Эрик. - Кучти кыран екен.
- Олжалы болдық, - деді Арман. – Атам риза болатын болды.
Қанжығысы майланған саятшылар ат басын ауылға бұрып, көңілдері марқайып келеді. Көп кешікпей ымырт үйіріліп, күн де ұясына сырғып бара жатты.
* * *
Көктем-ару келіп, жер аяғы әбден құрғаған шақ. Арманның ауылында ұлан-асыр той болып жатыр. Ол – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы еді. Ата жұрттың белгісіндей тіз қатарынан тігілген ақ боз үйлер алыстан көз тартады. Тайқазандарда буы бұрқырап қыстық соғымның сүр еті молынан асылып жатса, енді біреулерінде тіл үйіретін қып-қызыл бауырсақ, шелпек пісірілуде. Киіз үй ішінде жайылған дастарханға сүзбе, құрт-ірімшік, бауырсақ, жент, қаймақ, басқа да тәттілер қойылып, мұнда бас сұққан жұрт наурыз көжеден дәм татуда. Өткенде қазақы ауылдан үлкен әсер алып қайтқан Эрик Арманның ауылына ат басын тағы бұрған. «Көктемде ауыл құлпырып кетеді екен, ауыл неткен керемет еді» деді ол іштей. Алтыбақанда тербелген қыз-жігіттер сондай жарасымды. Оларға қарап қалалақ бала тамсанып қояды.
Өткен жолы келгенде Шашубай ақсақалдың Тимурға айтқан сөзі әсер етті ме, Эрикті қазақ мектебіне берген. Алғашқыдай емес, оның тілі біраз ана тіліне төселіп қалған.
- Әй балам, бері кел. Қарның ашқан шығар, - деді Ұлбике. – Арман екеуің айран ішіп алыңдар.
- Апа, қазір.
Белдесіп жүрген балуандардың қайсысы жеңер екен деп елеңдеп отырған екі батыр қарындары әбден ашқан соң ғана киіз үйге енді. Көздің жауын алатын текемет, сырмақпен сәнделген ақбоз үйдің іші құлпырып кеткен. Жерге төселеген алашаға екеуі отыра кетіп, балбырап піскен бауырсақтың ортасынан бір тістеп, бір-бір кесе айранды сіміріп алды. Ағарған ауыздарын қолдарымен бір сүрткен күйі далаға атып шығып, арқан тартысқан жампоз жігіттер жаққа жүгіре жөнелді. Бұлшық еттерін ойнатқан жігіттердің денесіне сүйсініп, Арман «мен өскенде осындай күшті болам» деп жігерленіп тұрды.
Еңгезердей балуандарлың күресі аяқталып, жас балалардың белдесуі басталып кетті.
- Күреске шығасың ба? – деді Арман Эрикке.
- Мен күресе білмеймін.
- Бұл қазақша күрес. Әдісің болмаса, қара күшпен де қарсыласыңды жығып салуға болады. Әлде, қорқасың ба?
- Қорықпаймын! Айттым ғой күресе алмаймын деп.
«Иә, Эрикте қара күш қайдан болсын. Қалада жүріп шидің де басын сындырмайтын бала. Жеңіліп қалса масқара болады ғой». Арманның ойы осылай сан-саққа жүгірді. Кенет өзі қатарлы қыздардың арасынан Айсұлуды көріп, көздері жайнап кетті. Тұлымшағы желбіріген сүп-сүйкімді қызға ұзақ үңілді. Өткен жолы өзіне бір сынып төмен оқитын осы Айсұлудың сөмкесін көтеріскеніне мәз болып, ерлік жасағандай масаттанған. Жүрегі осы бір қызға ынтық болғалы қашан. Жанында тұрса көздері күлімдеп, қоңыр дауысымен баурап әкететін. Қайран бала махаббат-ай десеңші. Арман қиял құсына мініп, ойға шомып кетті.
- Кәні, мына жігітпен шығатын кім бар? – деп дауыстады төреші.
- Мен шығамын! – Арманның дауысы санқ етті. Өзі де қалай дауыстап жібергенің аңғармай қалды. Айтуын айтқанымен, өзінен бірер жас үлкен Жігермен белдесуге қаймығатындай. Бүкіл ауыл бұған қарап тұр, әсіресе Айсұлу. «Жоқ, шегінуге болмайды, жеңілсем жер көтерер» деп ойлады ол. Боз кілемге жүрексіне шыққанымен, намысқа тырысып, белдесе кетті. «Жеңіліп қалсам масқара болады ғой» деп, бар күшін салып Жігерді олай-бұлай жұлқылағанымен, қара бала дес бермей қойды. Оны жамбасқа салып лақтырып жіберді.
- Итжығыс!
- Өй, болмайды, қайта күрессін!
- Жауырыны тиген жоқ! – деген ауылдастар қойдай жамырайды. Күрес қыза түсті. Екеуі көпке дейін бір-бірін ала алмай, әбден шаршады. Арман қара күшпен жеңе алмайтының біліп, әдіске көше бастады. Жамбасқа салған болып Жігерді артқа қарай аяқтан шалып, өзі соның үстіне құлай кетті.
- Таза жеңіс!
- Арман жеңімпаз!
-Жарайсың, Арман! – деп Ұлардай шулады жанкүйерлер. Төреші Арманның қолын көтергенше ол Айсұлу жаққа қарап тұр еді. Қыз күлімсіреп, қолын бұлғап қояды. «Ух, жеңдім ғой әйтеуір». Маңдайынан көзіне ащы тер төгіліп, арқасын суық ызғар шарпып өтті. Ентігін баса алмай терең тыныстап біраз тұрды. Төреші жеңімпазға сабы әдемі төрт өрімді қамшыны табыс етті.
- Жарайсың, Арман! – Эрик арқасынан қағып қояды. Өзі жеңіске жеткендей мәз-мәйрам.
- Мынау қамшы саған, - деді Арман шын көңілмен.
- Қой, өзін ұтып алдың ғой.
- Саған біздің ауылдан сыйлық болсын. Менде атамның қамшысы бар ғой. Алмасаң, өкпелеймін.
Эрик қамшыны Арманның көңілін қимай-қимай алды. Кешкісін Шашубай ақсақал немересінің ісіне сүйсініп, шашынан сипады.
Ұлы той үш күнге жалғасты. Екінші күні ел-жұрт ауыл сыртында дүбірлетіп ат шаптырып жатыр. Құнан бәйге, Аламан бәйге...Қаумалаған халық. Арман мәреге жақын жерде тұр еді, екі-үш қадам жерде тұрған Айсұлуды көрді. Бір-біріне қарап қалған. Осы бір сүйкімді де талдырмаш қыз үнемі ойында жүреді. Шашына тағып қойған шолпысы сондай жарасымды.
- Арман, қалың қалай?
- Жақсы, Айсұлу. Өзің... Тілі күрмеле берді. Қыз үнсіз жымиды.
- Кеше ерледің, сенен күтпеп ем. Жарайсың!
- Қойшы соны, - деді қызарақтап қалып. - Өзің ат жарысын тамашалағанды жақсы көресің ғой деймін.
- Иә. Аламан бәйгеге әкем бір сәйгілік қосқан.
- Қойшы, ей!
- Рас айтам. Бәйгеге қосардың алдында ешкімге көрсетпей қорада баптаған.
- Бәсе, көрер едік қой.
Алыстан шаң көтеріліп, аламан бәйгеге қатысқан жүйріктердің қарасы көрінді.
- Әнебір көк атты көрдің бе?
- Көкшуланды айтасың ба? –деді Арман ауыл аттарын жазбай танып.
- Иә. Ол менің атым.
- Өй, мынау үшінші болып келе жатыр ғой.
- Шап, Шап жануарым! – деп дауыстады Айсұлу.
- Көкшулан шап, шаба түс! –деп қостады Арман. Жымия қарасқан. Кішіксіз балаң сезім-ай десейші.
Көк қасқа орғытып өтіп, мәре сызығын алғашқы болып қиды.
- Жарайсың, жануарым! – Айсұлудың қоңыр да әуезді дауысы Арманды елітіп әкетті. Қыз қуанғанан ешбір ойсыз Арманды құшақтай алған. Мұның беті ұялғанынан қызарып кетті.
- Жүр, жүр, Көкшуланға барайық, - деп Арманның қолынан ұстап жүгіре жөнелді. Соңынан ерген Арман қуанғанан өзін сондай бақытты сезінді. Сәйгүліктің топ жарғанына ғана емес, әрине, Айсұлумен қол ұстасып жүргеніне. Айсұлу аттының жүгеннен ұстап, жалынан сипады. Жарықтық жануардың көзінен жас парлап тұр екен.
Екеуі ауылға қол ұстасып келеді. Будақ бұлттар жөңкіп барады. Құстар ән салып, бұларға қызыға қарайды. Жап-жасыл теректер қол бұлғап, қарсы алуда. Арман көзін жұмды. Бәрібір көз алдына сыңғырлай күлген Айсұлу келді...
* * *
Жайқалып ауыл жазы да келді. Айнала асыл желекпен көмкерілген. Арманның ауылында тіршілік қайнап жатыр. Ол да ауылымен бірге бірер жасқа есейді. Бойы да өсіп, әжептеуір жігіт болып қалған. Ауылдан қарасаң да Алатаудың етегіндегі қыратқа қарай жайқалған әсем гүлдер көз қызықтырып, адамды баурап, еліктіріп әкетеді. Қызғалдақ, Сарғалдақ...дейсіз бе, барша гүл жұпарын дала төсі иіскеп, рахатқа батып жатады. Еркелей ұшқан көбелектер көйлегімен гүл күлтелерін желпіп, самалымен салқындатса, риза болған гүлдер шырынын сыйлауда. Дархан дала әупілдектің әнімен, шегірткенің шырылымен өте көңілді. Өзен жағасындағы қоғаларды жапырып, үйрек-қаз жаңа келген мекенің қимай-қимай ұшады.
Арман мен Эрик атасы Шашубаймен бірге қой бағып жүр. Көк майса шөпті отаған қозы-лақ ойнақтап, шеңгелге қарай жүгіретінің қайтерсің. Әнебір серке тым сотқар. Әр ешкіге бір тиісіп, сүзіп кетеді. Әні, енді сайға қарай қашты. Соңынан қуа жөнелген Арманға жеткізер емес. Әбден қара терге түсті-ау. Тентек серке шеңгелге қіріп кетті. Жүгіріп жүргенде байқамаған екен., анау жерде бір топ қыз көктемнің алғашқы гүлдерін теріп жүр. Серкенің артынан қуып жүргеніне біртүрлі ұялып қалған сияқты.
- Арман, бері кел!
- Келсейші енді, қарашы қанша гүл тердік!
- Ұялып тұрсың ба? Қыздар мазақтай күледі. Серкені жайына қалдырып, өзі қыздар жаққа беттеді. Таяп келіп:
- Қыздар қалайсыңдар? О, қанша гүл тергенсіңдер! –деді біртүрлі қысылып.
- Ту-у, сенде, қыздарды сонша тостырып, - деді Айнұр жымиып. Арман енді байқады: араларында гүл теріп Айсұлу да жүр. Мұндай қуанбас. Айсұлу мен Арманның бір-біріне ерекше қарасын байқап қалған Айнұр:
- Кәні, гүл теріп жарысайық. Арман мен Айсұлу екеуі, Ақмарал, Сәлима үшеуіміз бөлек тереміз. Қыздар анау жердің гүлдері әдемі екен, Арман мен Айсұлу бізді қуып жеткенше теріп алайық» деп сыңғырлай күлді. Қыздар ұзап кетті. Екеуі қызыл-сары гүлдерді жарып, қол ұстасып келеді.
- Мынау қызғалдақ саған, - деді Арман қызға бір тал гүлді ілтипатпен ұсынып.
- Рахмет, Арман. Қарашы дала гүлдері неткен керемет!
- Иә, ғажап. Ауыл деген ғажап қой. Дала толы гүлдердің арасында жүріп, өзіңді гүлдер көлінде шомылып жүргендей сезінесің.
- Мына гүлді қарашы! Айсұлу қуанып кетті. - Өзі неткен әдемі өзі неткен нәзік!
- Сен сияқты екен, Айсұлу! Сөйтті де қызды қапсыра құшақтай алды. Жанарлары түйісе кетті. Алғашқы махаббат гүлі көзін ашты. Айсұлудың өрілген шашын сипап, ұзақ аймалады. Сағынған қос жүрек дүрсілі тынымсыз соға берген.
- Арман, қыздар көріп қойса ұят болады, - деді қыз қоңыр дауысымен тіл қатып. Өзінің де жібергісі жоқ.
- Кішкене тұра тұрайықшы.
Екеуі құшағын ажыратар емес. Көп ұзамай сай жақтан қыздардың сыңғырлаған күлкілері естіле бастады. Арман еріксіз құшағынан қызды босатты. Екеуі жалма-жан гүл жинауға кірісті.
- Пәлі, мыналардың жинаған гүлін қара! – деді Ақмарал қыздарға қарап. – Бағанадан осы-ақ жинадыңдар ма?
- Өзіміз қалың жеріне кетіп қалыппыз ғой, бізді қалай қуып жетсін, - деді Айнұр екеуінің «қателігін» жуып-шайып.
- Қой, ауылға қайтайық, - деді Сәлима. – Анамыз іздеп қалар.
- Жарайды қыздар, мен де кеттім. Көріскенше! - деді Арман есіне мал жайып жүргені түсіп.
- Арман сенің серкең қайда?
Қыздар бұған сылқ-сылқ күліп, ауылға қарай бет алды. Тек Айсұлу ғана қолын бұлғап тұр еді.
Жайлауға келген ол жайылып жүрген қойлардың иіріліп, бір жерде тұрғаның көрді. Атасы мен Эрик жиде ағашының түбінде түскі ас ішіп отыр екен.
- Әй, Арман, қайда жоғалып кеттің? Атасы немересінің аман-есен екенін көргеннен кейін көңілі орнына келіп. Аузына сөз түспеген Арман:
- Серке... Серкені қуып жүріп жоғалтып алдым. Өзі қалың щеңгелдің ортасына кірді де кетті. Іздемеген жерім жоқ.
- Е, серкең бағана келген. Қайда барар дейсің отарынан алыстап. Өзіңнің қарның ашқан шығар, кел ауқаттанып ал.
Арман әлденеге алаңдап, асты сүйсініп жемеді. Қыздар кеткен жаққа қарады да, күлімсіреп отырды.
* * *
Арман мен Эрик күншуақта жаңа туған қозыларды емізіп отыр. Кіп-кішкентай әрі сүп-сүйкімді қозы-лақ ойнақтап, енесіне келіп еркелейтінің айтсайшы. Көктемде төлдеп жатқан малда есеп жоқ.
- Жаңа туған құлындар мен бұзаулар неткен әдемі. Ауыл деген жақсы екен ғой. Қалада жүріп табиғаттың әдемілігін, осылардың бәрін көре алмас едім, - деді деді Эрик.
- Ауылға келсең әлі талай қызыққа батасың.
- Ия, енді демалыс сайын келетін боламын. Арман мен ауылға келсем тынығып, демалып қайтамын. Алған әсерлерімді қаладағы достарыммен, сыныптастарыммен бөлісемін. Сенің ауылың туралы жайлы айта бастасам бәрі ұйып тыңдайды. «Біз де сол Арман деген баланың ауылға барсақ қой» дейді. Несің айтасың, нағыз жұмақ ауылда екен.
- Жүр, ауылдың шетіне шығып атпен жарысайық.
Екеуі желмен жарыса құйғытып келеді. Эрик өзін бейне бір қанатты аттың үстінде ұшып келе жатқандай сезінді. Жүгенді босатып, үзеңгіні тебіндеп шауып келеді. Алдынан ескен самал желге бетін төсеп, көзін жұмды. Құлағына әнші даланың үні келді. Екі қолын жайды. Енді өзі әлемде құс боп ұшып жүргендей сезінді. Бұдан асқан керемет бар ма?
Эрик ауылға келгенде асыр салып атқа мінеді. Тау бөктерін аралап тарихи орындармен танысады. Ақ толқыны аялаған өзенге суға түсіп, балық аулайды. Жайлауға шығып, маң даланың әсем келбетіне сүйсінеді. Иә, Эрик өзін ауылда бақытты сезінеді. Міне, енді ауылды қимай қош айтыспақшы. Мұны достары Арман мен Айгерім шығарып салуда. Екеуі күлімсіреп, қолдарын бұлғап қояды. Эриктің көзіне жас келді. Ауылды қиғысы жоқ. Жүрегі елжіреп, сезімге берілді. Көңілі босап кетіп «Ауыл, мен саған әлі ораламын» деп айғайлап жіберді. Дауысының жаңғырығы тауларды күмбірлетіп, даланы аралап кеткендей болды.

Мен өмірді сен деуші ем

Талшын бүгін де көңілсіз. Әлде¬неге алаңдайтын секілді. Ажарлы жүзі бұлтқа енген күндей айна¬ласына шуақ шашуын доғарған. Түні бойы кірпіктері айқаспай-ақ қойды. Төсегінде әрі-бері дөңбекшіп, жата алмай сыртқа шыққан.
Дала сүттей аппақ. Аспанда алтын Ай қалқып, айналасын нұрға бөлеуде. Жаздың керімсал саф ауасын құшырлана жұтып кең тыныстап еді, денесі жеңілдегендей болды. Тек жаралы жүрегін бір дүлей сезім тітіркентіп өтті. Терең күрсінді. Онысы тегін емес-ті. Жү¬регіндегі ғашықтық сырын соқ¬қан самал желге ақтарғысы келетіндей. Сыбырлай сүйген қоңыр жел жанын толқытып, ынтық сырларын күткендей шашынан сипайды. Ар¬манға толы жас жаны елжіреп, сүйгенін аңсайды. Иә, иә, сүйгенін... Аяулы Ақберенін. Тал¬шынның әлі есінде...
Алма ағашы бүр жарған көк¬темнің сол күні жадында мәңгі сақталатын шығар, сірә. Алтын ұя мектебін үздік тамамдаған бойжет¬кеннің жоғары оқу орнына өз білімімен түсіп, ата-анасын қуант¬қаны бар. Жазғы демалыста «әке-шешеме күш салмайын» деп қала ішінен өзіне лайықты жұмыс іздеді. Ақыры тапты да. Талшын қала ішіндегі бір дүңгіршекке гүл сатушы болып орналасты. Тез арада тәп-тәуір меңгеріп те алды. Әр алушыға ерекше ілтипатпен ұсынғаннан әлде сапалы қызмет көрсеткеннен кейін бе, әйтеуір гүлдері тез таусылып қалушы еді.
«Сенің қолың жеңіл, гүліміз солмай тез арада өтіп кетеді», дейтін қожайынның сөзінің жаны бар. Сондықтан раушан гүлі, қалампыр, қызғалдақ дейсіз бе, барлығы өз иесін тауып жататын.
Табиғат шіркін жасыл желекке оранып, Жер-Ананы жадыратып жіберген. Жаздың жайма-шуақ күн¬дерінің бірінде екі жігіт дүңгір¬шекке бас сұққан. Сонда көрді Ақберенді. Сонда тағдырдың осы жігітпен байланыстыратынын кім білген? Өмір неткен қызық десең¬ші!
Талшын кең иықты, ұзын бойлы, аққұба жігітті көргенде-ақ бірден ұнатқан. Жанарлары түйісе кетті. Құдды көптен бері бірін-бірі сағынып жүрген жандардай. Қыз мұның қадалып, іштей тамсанып тұрғандығын сезгендей күлімсірей қарап, сұраған гүлін ұсынған.
– Қарындас, гүлдеріңіз сияқты, атыңыз да әдемі болар, – деп танысуға ниет танытқан Ақберенге:
– Жігіттерге әдемілер ғана ұнай ма? Есімім ұнамай қалып, көңіліңізді кір шалып кетер. Сың¬ғырлай күлген Талшын өзінің көрінген серімен сөз жарыстыра бермейтіндігін байқатты. Оның үстіне кіршіксіз таза ар-намысы мен қызға тән тәкаппарлығы жібермеді.
– Охо, әсем гүлдердің арасында тұрған сұлудың тегін болмасы анық, – деген Ақбереннің досы Құрыштың қағытпасы қыздың екі бетін дуыл¬датып жіберді. Ол тек Құрыштың сөздерінен ғана емес, Ақбереннің қадала қараған көздерінің әсері еді. Өзімсінген жігіттердің әрекетіне шамданғандай болды. Әйтсе де Талшынның жүзінен Ақберенге де¬ген бір жылылықтың белгісі аңға¬рылып тұрды. Ақберен бір жағынан бойжеткеннің үлбіреген жүзін, екінші жағынан досының «Бол, бол, туған күннен кешігіп қалармыз» деген көңілін қимай, сыртқа шыққан.
Бүгін Құрыштың сүйіктісі – Меруерттің туған күні. Кешке Құрыш пен Ақберен алып-ұшып жетсе, дос-жаран, құрбы-құрдастары дүрілдетіп, атап өткелі жатыр екен. Залдағы ұзынынан жайылған дастарқан басындағылардың әңгімелері жара¬сып, ырду-дырду. Біреулері бұлардың келгенін байқап қалып: «О, келе қалыңдар, жоғары төрлетіңдер»,– деп бәйек болып жатыр. Екеуі Меруертті жарыса құттықтады.
Той көрігі қызған шақ. Жиналған жастардың көңілі көтеріңкі. Тек Ақбереннің өзі осында болғанымен, ойы басқа әлемді шарлап кеткен. Есінен манағы гүл сатушы қыздың жарқын бейнесі кетпей-ақ қойды. Тәтті қиял құшағына еніп, үріп ауызға салардай қыздың ақ жарқын жүзі, қарлығаштың қанатындай қара қастары ынтықтырып, мөлдіреген қарақат көздері күлімсіреп тұрған¬дай. Шамасы терең ойға беріліп кетсе керек, Меруерттің: «Құрбыммен танысып қой», – деген дауысынан селк етіп, бұларға қарай көз салды. Мәссаған! Осындай да болады екен-ау! Алдында есінен шықпай қойған гүл сатушы қыз күлімсіреп қа-ра-п тұр. Ақберен өз көзіне өзі сенбеді. Қия¬лы әлде өңі екенін айыра алмағандай. Абыржып қалған. Дегенмен, сабырлық танытып, қыз¬дың нәзік қолдарын ала берді.
– Ақберен, – деді дауысы бір түр¬лі сенімсіздеу шығып. Дауы¬сында діріл бар. Күндізгі батылдық келмеске кеткендей.
– Талшын, – десін бағана атын айтқысы келмеген қыз. Жүзінен жымиғандығы сезіледі.
Үздіге қараған жанарлар бір-біріне деген сезім лебін аңғарт¬қандай. Көзімен аймаласқан ғашық жандардың мөп-мөлдір махаббат бұлағының бастауы ашылғандай еді. Талшын кездесудің дәл осылай жалғасқанына таңданыс білдірді. Бір көргеннен бейтаныс жігітті құлай сүйерін кім білген? Махаббат неткен ұлы десеңші!
Ақберен Талшынды биге шақыр¬ды. Құлын денесін жылытқан жігіттің қолдары аруды талықсытып, махаб¬бат жалыны кеудесін өртеген. Бақыттан басы айналған Талшын бозбаланың жалын құшағына ене берді.
Айлы түн. Жымыңдасқан жұл¬дыз¬дар. Қос ғашық жаздың жұпар исі аңқыған түнін тамашалауда. Бұларға аспаннан қараған жұлдыз¬дар өзара күбірлесіп, сүт сәулелі Айға сыр таситындай. Жапырағы жайқала бастаған тал-теректер де, тың тыңдайтындай тына қалыпты.
– Тал-шын, – деді Ақберен қыз¬дың құлағына сыбырлап. – Білесің бе, мен сені сүйіп қалдым, жүрегім – алау, от – денем енді жалын. Емін тапшы жаралы жүрегімнің, өртендім махаббаттың татып балын.
Ақберен сүйгеніне арнаған сөздерінің өріліп өлең болғанын аңғармай да қалған. Талшын үнсіз. Жігіттің жүрегінен бұлқынып шыққан сезім сөздері тұла бойын тебі¬ренткен. Неге екені белгісіз сықы¬лықтап күліп жіберді.
– Неге күлдің? – деді түкке түсінбеген жігіт. Менсінбей, мазақтап тұр ма деген ой да қылаң берген.
– Жай... Әншейін... Өзіңіз ақын екенсіз.
– Ақын... Сен ғой мені ақын еткен, жүрегімді жүрегіңе жақын еткен, – деген Ақберен талшыбықтай бұрал¬ған Талшынның қос қолынан ұстап, өзіне тарта берді. Демін ішіне тартқан қыз жанарын жігіттен тайдырып әкет¬ті. Төзімі таусылған бозбала бой¬жет¬кеннің бал еріндеріне икемделе берген...
Таң сібірлей берді. Талшын тәтті кештерді есіне алып, таңның атып, тіршіліктің оянғанын сезбей де қалыпты. Кірпік ілместен жиналып, жұмысына тартты. Міне, енді әдемі де әсем гүлдерге толы дүңгірше¬гінде алушыларды тосып отыр. Көрген адамның көзінің жауын алатын гүлдер құдды «Мені алсаң¬шы» деп үздігіп тұрғандай. Құлпыр¬ған гүлдердің ортасында бір ғана нәзік гүл солғын тартуда. Ол – Талшын еді. Көңіліне кірбің түсірер сол оқиғадан кейін арыла алмаған басы дел-сал. Олай болмағанда қайтсін, сүйенері бар сенері – Ақберені үйленбекші... Жо-жоқ, сене алмайды оған... Сүйіктісі екеуі талай кештерді бірге өткізіп, талай таңды бірге атырып еді ғой! Сол бақытты кештерде дүниеде екеуінен бақытты адам жоқтай көрінетін. Ақберені жанын жадырататын сұлу сөздер арнаушы еді. Мұның толқынды шаштарынан сипап: «Шөлдегі жалғыз гүлімсің», «Шуағын шашар күнімсің» дейтін. Қойшы әйтеуір, әдемі сөздер жалғасын тауып жататын. Ақбереннің жалықпай айта беретін әдемі сөзі бар-тұғын. Сөзі емес-ау, сыры еді. Талшынның құлағына сыбырлай: «Менің өмірім – сенсің»,– дейтін. Иә, расында Ақберен өмірін Талшын¬сыз елестете алмайтындай көрінетін. Бұл болса, үнсіз жымиып қана қоятын. Ал қазір... Бәрі өткінші екен. Ма¬хаббатқа мас болып, бақытты күндердің көшкен бұлттай өтерін аңдамапты. Нәзік те жазықсыз жүрегі ықтиярсыз сеніп, ғашықтық дертіне шалды¬ғыпты. Жылап жатыр... Өзі емес жүрегі... Мені қойшы, нәзік жүрегімді аясаң нетті, Ақберен?!
Кенет дүңгіршекке көптен бері көрмеген Меруерт кіріп келді. Тал¬шынның сынық жүзін көріп аяп кетті.
– Құрбым-ау, түрің боп-боз ғой?
– Несін сұрайсың?
– Ақбереннің үйленетіні рас па?
– Ия, бақытты болсын. – Көңілі босап кетіп, көзіне жас толды. Жанарынан тамған жас сорғалап, тырс-тырс етіп үстел үстіндегі ақ парақтарға тамшылауда.
– Қой жылама. Әлі-ақ бақы¬тыңды табарсың.
– Жоқ, мен бақытымды жоғал¬тып алдым. Бақыт құсы ендігәрі қолыма қона қоймас, ¬ деген Талшын үнсіз ойға батты.
***
Жадыраған жаз өтіп, қоңыр күз де жүзін көрсетті. Жапырағынан айырылып, құр сүлдері қалған тал-теректерден сән кеткен. Құстардың тамылжытып сайрауы да сирексіген. Саябақ маңындағы көшенің шеткі жағында орналасқан үйінен көңілсіз шыққан Талшын сәкіге келіп жайғасты. Көңілі алай-дүлей. Ата-анасы мұның көңіл-күйінің мәз еместігін сезеді, бірақ қолдан келер не қайыр?! «Бәріне кінәлі Жадыра» деп ойлады. Ақберен екеуінің мөлдір махаббатын лайлаған жоқ па? Би кештерінде мұның сыңарына көз салып, қайта-қайта емеурін танытып жүргені. Ақыры дегеніне жетіп, екеуін айырып тынды. Бүгінде сыңарынан айырылған аққудай жалғызсырайды. Ал Ақберенге не болған? Махаб¬батына адалдығы қайда? Талшын¬ның ойы сан-саққа жүгірді. Кенет қара бұлт торлаған күзгі сұр аспан күркірей жөнелсін. Шатырлаған ақ семсерлі найзағайдың артынан іле-шала жаңбыр тамшылары сіркірей бастады. Барған сайын үдеп бара ма, қалай? Ой орманына шомып кеткен арудың көйлегі су болып, денесіне жабыса бастаған. Орнынан тұрып кетуге ыңғайлана беріп еді, көзіне таныс та бейтаныс бейне көлбеңдей берді. Сол... Ақберен. Жалғыз емес екен. Таяқ тастам жерде кетіп бара жатқан екеуі әлде¬нені айтып күліп қояды. Бақытты жұпқа ұқсай ма, қалай? Олар мұны байқамай, жанынан өте шықты. Әлде, аса мән бермеген де болар. Дірілдей бастаған денесін қос қолымен құшақтаған күйі үйіне жүгіре жөнелді. Жүгіріп келеді. Лайсаң жер, жыланша ирелеңдеген жылғалар. Жетті-ау, әйтеуір... Үйге бас сұққаны сол еді, алдынан анасы шықты.
– Қызым-ау, әбден жаурапсың ғой? Киімдеріңді ауыстырып, жылы оранғын. Мен қазір ыстық шай демдеп жіберейін.
Бұл басын изеді де түпкі бөлмеге еніп кетті. Денесі мұздап кеткен. Жаңбырдан емес, әлгі сұрықсыз көріністен. «Жо-жоқ, ол енді мені сүймейді. Желге ұшқан қайран сұлу сөздер... Қалайда оны ұмытуым керек» деп өзіне-өзі күбірледі. Терең демін алды. Сәлден соң бойы жеңілдегендей болды. Терезеге көз салып еді, толастамай терезені ұрғылаған ақ жауын мұны да өгейсіткен кейіп танытқандай.
Ақберен көпке дейін өзін-өзі кі¬нәлап жүрді. «Сүйгенімнен безе¬тіндей не болған маған? Сәл болма¬шы ки¬кіл¬жің үшін ғашығымды тастап кет¬кенім несі?» – деген ой санасын ма¬залай берді. Өткенге көз тастаса, Тал¬шын екеуінің арасынан қара мы¬сық жүгіріп өткелі төрт-бес айдың жү¬зі болыпты. Сол түсінбестіктен кей¬ін ол өзінің қыр соңынан қалмай¬тын Жадыраға жіпсіз байланып қал¬ған.
Төсегінде жатып ұзақ ойланды. «Шынымен-ақ, Жадыраны жар етке¬нім бе? Ал жүрегім басқа жанды қалайтын сияқты ғой? Ашудың қызуымен бәрін бекер істеген екем. Әлде, Талшыннан кешірім сұрап, көңілімнің түкпіріндегі сырды білдірсем бе?» Ойланып жатып ұйқы құшағына еніп кетті.
Түс көрді. Түсінде армандаған бақыт құсы алыстап, қолына қонбай көкке самғап бара жатты. Қолын созып еді, жетпеді. Айғайласа да қарлыққан дауысы жетпей, қарасы көрінбей барады...
Шошып оянды. Терезеге қараса күн еңкейіп қалыпты. Өнебойы терлеп кетіпті. Шөліңкіреп жатыр екен, орнынан тұрып ас үйдегі шелек толы мөлдір судан қанып ішті. Бойын сергітейін деді ме далаға шығып қызарып батып бара жатқан күннен көзін алмады. Ақберен күннің батуын өзінің мәнсіз өмірі сияқты елес¬тетті...
Бірнеше күн бойы Талшын кезігіп қалар деген үмітпен саябақ маңын торуылдап жүрді. Ақыры кезікті-ау! Сол... Талшын. Әсем көйлегі өзіне құйып қойғандай неткен әдемі еді! Толқынды шаштарын жазып жібер¬гені сұлулығына өң бергендей әсер қалдырады. Асыға аяғын басқан. Мұның жанынан елемей өтіп бара жатыр еді:
– Талшын, тоқтай тұршы, сөйл¬е¬сетін әңгіме бар еді, – деді Ақберен жалынышты үнмен.
– Менің сенде ешқандай шаруам жоқ. Уақытымды алма!
– Сәл кідірші, маңызды шаруа айтайын дегенім.
Талшын келіскен сыңай білдірді. Екеуі үнсіз жақын маңдағы сыры кеткен орындыққа жайғасып, кінәлі адамдардай жанарлары түйіспеді. Ақберен болса әңгімені неден бастарын білмей, басы төмен салбырап, іркіліп қалған.
– Не айтайын деп едің, – деді Та묬шын мүлгіген тыныштықты бұ¬зып.
– Кешірші мені, Талшын. Мен бір қателік жасаған екенмін. Өмірде сенен басқаны сүйе алмасымды тү¬сіндім. Оны сен жанымнан жы¬рақта жүргенде ұғынған¬даймын.
– Жадыра ше? Оны сүймейсің бе? Кінәлі жігіт басын шұлғып, көзімен жер шұқыды. Жүзінен өкініштің белгісі байқалып тұрған¬дай. Көңілсіз.
– Онда Жадыраны несіне үмітті еттің? Қыздардың жүрегін жылатуға шеберсің!
Бозбала үнсіз. Кінәлі екендігін мойындағандай. Бойжеткеннің қолдарын ала беріп еді, денесі шымырлап кеткені.
– Талшын, кеудемнен итерме¬ші. Мен сендікпін. Мені бұрынғы¬сынша қабылдай аласың ба? Жалынған күйі қос қолынан ұстап, жерге тізерлей отыра кетті. Талшын оны аяп кетті. Бір жағынан алпам¬садай жігіттің жалынып тұрғанын көргісі келмеді ме екен, «Ақберен, саған не болған?! Қойсаңшы енді» – дегенімен, көңілі босап, көзінен ыстық жас ыршып түсті. «Жарайды, қателігіңді кешірдім, тек маған қайтып оралуың өзіне байланыс¬ты», – деді де, орнынан тұрып үйіне қарай жүгіре жөнелді.
Бірнеше күннен кейін Ақ¬бе¬реннің үйленбейтінін естіді. Алға¬шында сеніңкіремей жүрді. Кейін көзі анық жеткенде таңданғаны бар. «Жадыраға обал болды-ау», деп ойлады. «Апыр-ай, Ақберен неліктен Жадырамен шаңырақ құрудан бас тартты екен? Әлде... Мүмкін... Мені сүйгеннен шығар?». Неге екені белгісіз, кеудесін қуаныш кернеп, тұла-бойын ерекше бір сезім билеп әкетті. Көптен бері қорғасындай ауыр денесі же¬ңілденіп сала берді. Иә, иә, Ақберен мұны өз өміріне балаушы еді ғой! Сұлу сөздері бекерге болмаған шығар, сірә?..
Көңілі көктемдей құлпырған Талшын үйінен шығып, саябаққа бет алды. Кенет қайдан тап бол¬ғаны белгісіз, алдынан күлім¬сірей қарсы ал¬ған Ақберен ал¬қызыл гүл шоғын ұстата берді...

Тұншыққан талант
.Алматыға ат басын бұрсам, есіме жүректі тебірентерлік сол оқиға еріксіз еске түседі. «Бекер емес-ау» деймін кейде ішімнен. Жолдастарыммен әсем қаланың саябағын жиі аралап, серуен құратынбыз. Бірде саябақтың сәкісінде үнемі ойға шомып отыратын аруды байқадым. Ол әлдекімді іздегендей әлсін-әлсін әрі-бері өткендерге көз салады. Кейде оңашада ақ парақ бетіне әлденені шимайлайтының аңғардым. Қалалық достарым ол жайлы хабарсыз болып шықты. Мені арудың сыр жасырған тұңғиығын білуге деген құштарлық пен қызуғушылық жетелей берді... Ертеңінде саябаққа барып, перизат қызбен тілдесу бел будым. Тал шыбықтай иілген, орта бойлы, ақ құба қыз маған тосырқай бір қарады да, салқын амандасты. Әңгімеміз таныстықтан әрі аса алған жоқ. Әйтсе де онымен күн сайын жолығып тұрдым. Кейін екеуміз достасып кеткендей болдық. Әзіл-қалжыңға құрылған менің әңгімелерім оның сынық жүзін бір сәт сейілткендей. Бірде оған неліктен саябақта мүңайып жалғыз отыратындығын сұрадым. Ол терең күрсінді де, жанарын тайдырып әкетті. Оның жанарына өкпелі боп енген мұң жьшы күліп бетінен сырғанады. Іштегі шерін тарқатқысы келді ме, ару қыз суретші тағдыры жайлы сырын ақтарды...
* * *
- Мен оны көптен бері сыртынан бақылап жүр едім, - деп бастады ару әңгімесін. - Талай мәрте жанынан өтіп, тіл қата алмадым. Күн көтеріле қала саябағы маңындағы әдеттегі «жұмыс» орнына жайғасты. Үстіне гүлді жейде, қырлы шалбар киіп, шашын екіге жарып тарайтын ол суретін салдыруға келетіндерді баурап алғыш. Сол қолына қылқалам алып шимақтай жөнелгенде, әп-сәтте қарсы бетте қимылсыз адамның сыңары көріне бастайтын... Суреттерінен бейнелеу нэзіктігі, сезім шынайылығы сезіліп, жусан иісі аңқыған далаға еніп кеткендей әсерде қаласың. Сондықтан көпшілік мұның суреттеріне тамсана қарап, ұзақ үңілуші еді. Соның бірі - мен едім. Себебі жанында қағаз шимайлайтын әріптестеріне қарағанда оның суреттерінде тылсым тұңғиық, өзгеше өрнек бар-тұғын. Суретші ... Ол - нағыз талант. Иә, иә, оны басқаша атау мүмкін емес. Тек жаныма бір бататыны - суретшісымақ әріптестерінің оны үнемі жайлы орнынан шеттететіндігі.
Күні бойы сарыла тосса да суретін салдыруға ешбір жан келмеді. Бірақ уақытын зая кетірмей, көкірегін кернеген жұмбақ сырын ақ қағазға түсіруде. Жанарлары сондай мұңлы. Бейне бір кіл мұңнан жаралған жандай. Тұңғиық. Әлсін-әлсін аспанға қарап, суретіне қайта үңіледі. Күн болса кешкіріп, аспан торланып барады. Ол затгарын жинастырып, кетуге ыңғайлана беріп еді, төзімім таусылған мен:
- Бүгін ешкім келмеді-ау! - дедім қасына жақындап. Өзіне тақаған бейтаныс қызға тосырқай бір қарады да, ісін жалғастыра берді. Бәлкім, намысына тиіп кетсем керек, лэм-мим демеді.
- Бір жерге отырып сөйлессек қайтеді? - дедім жан дүниесі қызық боп көрінген жанға ынтызарым ауып. Ол менің үстімдегі соңғы үлгідегі киімдеріме бастан-аяқ көз жүгіртті.
- Сізге меннен не қажет? - осыны айтты да өзі мырс етіп күліп жіберді.
Кенет найзағайы шатырлаған сұр аспан қаьарланып, мөлдір-моншақтарын төгіп-төгіп жіберді. Ақ жауынның астында малмандай су болған екеуіміз пана іздеп тапқанымызша, суретшінің қолда бар дүниелері құрып, түрлі-түсті бояулары ақ парақтан ажырап, жерді сүйіп жатты...
- Құрып кетсін бәрі! Қолда бар дүниелерімнен айрылдым. Суреттерімен бірге өзім де ақ парақтан өшіп
барам. Мен де кететін шығармын...
Бейтаныс жанға мұңын ақтара салғанына қайран қалып, тілімнің ұшында жалғыз сұрақ еріп бара
жатты.
- Қайда?
Ол үнсіз. Бояулары ақ парақтан ағып бара жатқан ғажайып бір әлемнен көз алмады. Мені елеген жоқ. Әлгі суретке қайта көз салып ем, тылсым әлем кеңістігінде ұшып жүрген періштелер елестеді. Суретші сол әлемге еніп кеткендей.
- Жүріңіз ішке кірейік, - дедім жақын маңдағы дүкенді нұсқап. Ол тіл қатпастан терең күрсінді де, лайсаң жерге отыра кетті. Қолдарын аспаннан құйғыта кеп секірген күміс табан тамшыларға тоса берді. Тоса берді. Мен не істерімді білмей, қалтыраған денемді құшақтаған күйі дүкенге еніп кеттім. Жауын басылған соң әлгі жерге суретшіні іздеп барсам, орнынан тек әбден су сорған ақ парақтарды ғана таптым.
* * *
Көп ұзамай оны саябақтан қайта көрдім. Көздері шүңірейіп, сақал-мұрты өсіп кетіпті. Әбден күйзелгені көрініп-ақ тұр. Әлденеге алаңдаулы секілді. Тек қырлы шалбар, гүлді жейде, екіге жарыла сәнделген шаш бәз-баяғы қалпы. Неге екені белгісіз, бір дүлей сезім соған қарай жетеледі де тұрды. Біртүрлі жақындауға батылым бармай, көзімен алыстан әлдиледім. Сол қолында қылқалам, оң қолында темекі. Күлімсі иісті құштарлана жұтып, ақ парақты өш алардай шимайлайды. Елігіп, қасына жақындап қалғанымды білмей қалыппын. Таяп келген маған көз қиығын салды да:
- Тағы сенбісің? Суретін салдыруға келген біреу-міреу ме десем.
Дауысы биязы шықты. Ішімдіктің жұпар иісі мүңкіп тұр екен, мән бермегендей болдым.
- Менің суретімді салыңызшы, - дедім сасқанымнан. Өзімнің осылай айтқаныма таңым бар, себебі суретімді салғызбақ түгіл, фотосуретке түсуді ұнатпайтынмын. Ол менің жүзімді бір шолып өтгі.
- Несі бар, байқап көрейік. Портретім қалай шығар екен деп дегбірсіздене бастадым.
- Тыныш отырыңыз, бұл сізге фотоаппарат емес.
Селк еттім. Денем біртүрлі тітіркеніп кеткені. Ол болса түк болмағандай күлімсірей, маған бір, суретке
бір үңілуде.
- Нені салуды ұнатасыз дедім, - әлден соң әңгімеге тартқым кеп.
- Сіз бәрібір түсінбейсіз. Шынымен шамданайын дедім.
- Мен түсіне алмайтын ол не екен?
- Нәзіктік...Іңкәрлік...Махаббат!
Төбемнен біреу қос қолдап ұрып жібергендей болды. Дауысы құлағымда жаңғырып кетгі. Мұндай жауапты күтпеп ем, есеңгіреп қалдым. Ол жанарын көк аспанмен алдады. Сәлден кейін көзіне қарадым. Отты жанар. Көзінде беймәлім мұң. Өзіне теселіп қарап қалғанымды аңғарса керек, жанарымыз түйісе кетті. Бір сәт ескерткіштей қатып қалдық. Ұялғанымнан жанарымды тайдыра беріп ем, қылқаламнан жерге құлдилаған бояды көзім шалып:
- Бояуыңыз жерге тамып жатыр, - дедім.
- А-а, иә, сұйықтау қып жіберіппін. - Қызарақгап, суретіне қарай берді. Бір-бірімізге ұрлана қарадық.
- Міне, енді дайын болды, - деді портретті көрсетіп. Күліп жібердім. Түрімді сайқымазақ қып салып қойыпты.
- Мұныңыз не? - деп шамданғанымша болған жоқ, көздері күлімдей: - Сізді бір күлдірейін деп едім, - деді. Бұртиып, ұрысайын деп ем, оның жанарындағы қою мұңның бір сәтке жібігендігін көріп, райымнан қайттым. Үндеместен ақысын ұсындым, бас тартты. Сайқымазақ суретімді алмай өкпелеп кетіп бара жатқан мен, сәлден соң артыма қарадым: суретші жымиған қалпында, мен ұзап кеткенімше көз алмай әлі қарап тұр екен.
* * *
Ертеңінде саябаққа қайта беттедім. Белгісіз бір күш сол жаққа тартты да тұрды. Ойым қағаз-қалам
сыйламақ болып оны бір көру. Ол салып жатқан суретіне әр-бері үңілуде. Байқаймын, сақал-
мұртын бастырыпты. Іштей қуандым. Қарама-қарсы келе жатып:
- Сәлеметсіз бе? - дедім. Ол жымиып қолын ұсынды.
- Қош келіпсіз! Кеше ренжіп кетіп едіңіз, бүгін құлпырып кетіпсіз.
Қызарақгадым, әрине. Бетім дуьшдап кеткені. Қызығып, салып жатқан суретін көруге оқтала бердім.
- Қазір көруге болмайды. Аяқтағанда өзім көрсетем. Айтпақшы, мен сізді бір жерден көрген тәріздімін, - деді суретшім көзімен аймалап.
- Әйтеуір, түсіңізде емес пе? Мен ыржалақгап күле беріппін.
- Мүмкін, - деді көзінің қырымен ұрлана.
Ол суретін аяқтады-ау деймін, ақ шытпен бетін жауып қойды. Әкелген сыйлығым есіме түсіп: - Мынау сізге, - дедім қатырма қағазды ұсынып жатып. - Сыйлық ретінде қабылдарсыз.
Кенет қолым қолына тиіп кетіп, жүрегім шым етгі. Ол менің қолымды жайлап ұстап, жаңа салынған туындының алдына ертіп әкелді де, ақ шытты ашып жіберді. Сол... Менің бейнем. Неткен көркем! Суретте толқынды шаштарымды жел сипап тұрғандай желбірейді. Өз суретіме өзім ғашық болып қалғандаймын.
- Кешегі «қателігімді» жуып-шайып дегендей... Қарындашпен жай сала салғам. Қалай, ұнай ма?
- Рахмет сізге. Қуанғаным сонша, суретшімді қүшқым келді. Бірақ, батылым бармады. Қыз сезімін көрсетуге аппақ арымнан қорықтым.
- Сіздің суретіңізді майлы бояумен салып көрсек қайтеді? Мен ойланып қалып ем, « Керемет болар еді,» деп үміттендіріп қойды. Мен кетуге ыңғай білдірдім. «Бәлкім, суретіңізді салдыруға құрбыңызбен бірге келерсіз», - деп қолыма мекен-жайы жазылған бір тілім қағазды ұстата берді. Келіскен сыңай білдірдім. Жүрегім атша тулап, қуанғаннан үйге құрақ ұштым.
* * *
Басымнан өткен хикаяларымды құрбыма айтып ем, ол бастан-аяқ тыңдап отырып, сықылықтап күле берді.
- Сен де, суретшің де романтиксіңдер, - деді қүрбым күлкісін тыя алмаған күйі. - Басқа жігіт құрып қалғандай суретшіге неге жабысып қалғаңсың? Қүрбым бетіме тандана қарады. Сірә, ауырып қалған ба деп ойласа керек.
- Қайтесің соларға ғашық боп. Олардың рухани дүниесі бай болғанымен, тұрмысы жұгаң. Өміріңді жоқшылықта өткізбекшімісің?!
Байқаймын, құрбым «ақыл» айтудан жалығар емес. Өзіне пәтері, астында шетел көлігі бар жігіттер көбірек ұнайтының білсем де тіс жармадым. Дұрысы, көңілінің терезесін кірлеткім келмеді. Бәлкім, омірдің талабы солай шығар деп түйдім.
- Махаббатсыз өмір қызықсыз емес пе? - дедім.
- Қазір махабат жоқ, - деді ол қойып қалғандай. - Ол тек әңгіме кітаптарда, аңыздарда, қындардың өлеңдерінде, сенің Пикассонның суретінде...
Жыным келді. «Махаббат туралы не білуші едің?» деп айғай салғым келді. Денем қалшылдап кетті.
- Сонда өзің сүймеген адамға түрмысқа шыға саламысың?! Даусым қатты шығып кетсе керек, құрбым селк етті. Сасқанынан «кейін жақсы көріп кетерміз», - деп міңгірледі. Мені суретшідегі махаббат қандай болар екен деген ой әлдебір қиялға жетелей берді.

* * *
Бүгін тағы оның суреттерін қызықтадым. Табиғаттың көркем келбетін бейнелеген нәзік лиризмге толы сурет. Түнған сезім... Сылдырап аққан тау бұлағы көк шалғынмен тілдесетіндей. Ерке бұлақ сызылғанда жағадағы гүлдер моншақ тағатыңдай. Қарт тауға қарап бой түзеген шыршалар неткен әсем. Осы сәтте мені көптен бері мазалап жүрген ойды жеткіздім. Табиғат әлеміне еніп кеткен оған:
- Шет елдің суретшілері қазақгардан несі артық, - дедім сұрақты төтесінен қойып. Ол жалт бұрылды.
- Кімдерді айтасыз?
- Мәселен, Луй де Филип, Рембранд, Пикассо....
- Әр дәуірде өмір сүрген суретшілердің өз стилі, өз бағыты бар.
- Әйткенмен, олардың картиналары уақыт өткен сайын әлемдік бағасы шарықгап тұрады ғой? Ойымды түсінген тәрізді.
- Қазақстан жерінде суреттер сақ дэуірінен бастап салына бастады. Бірақ, сурет өнері бізге кеш келді. Кенжелеп қалғаны да сондықган. Қазақгардан да жақсы суретшілер шыққан. Айталық, Әбілхан Қастеев, Орал Таңсықбаев... Ол біршама Кеңес жэне Тәуелсіз Қазақстан суретшілерін атап шықты.
- Ал қазір ше? Неге элемдік көрмелерге олардың аз ғана бөлігі шығып жатыр? Қазақтың тамаша суретшілері шет ел асып кететіні несі?
Ол бір сэт хан қызының жұмбағын шешетівдей оіі орманына еніп кетті. Мен оның ойын бөлуге батылым бармады. Себебі оның жанарындағы мұң бәрін сайрап тұрған еді.
* * *
Құрбыма жалынып жүріп таныс суретшінің пәтеріне бірге баруын көндірдім. Екінші қабатқа көтеріліп, қоңырауды бастық. Бізді күтпесе керек, ол есікті ашқан бойда іркіліп қалған. Үй ішінен бояудың иісі келеді.
- Рұқсат па? - дедім үнсіздікті сейілтіп.
- А-а, кіріңіздер қыздар, төрлетіңдер!
Үйге енген бойда бейне бір сыйқырлы суреттер әлеміне еніп кеткендей болдық. Бөлме қабырғаларындағы суреттер - пейсаждар, натюморттар, жанрлық портреттер...бэрі-бэрі нағыз шеберлік пен образды бейнелеуді аңғартып, акварель мен майлы бояуды ұгымды пайдаланғаны көрініп тұр. Жұмыс бөлмесіне ендік. Бөлмеде бір өңі сары жігіт қағаз бетін шимақтап отыр.
- Мынау менің әріптесім, - деді суретшім қысық көз, еті тірілеу көрінген жігітпен аныстырып жатып:- қолы боста сурет салуға келеді.
Мен оны тәжірибе жинақгап жүрген біреу шығар деп топшыладым. Қателеспеген тәріздімін. Аяқгап қалған суретіне қарадым, тіпті әсерсіз...Өзіндік нақыш, стиль қалыптаспаған ортақол суретші.
- Қыздар, суретім қалай? - деді маңғаздана қағазбен желпініп қойып. Бейнелеу өнерінен хабары шамалы құрбыма ұнаса керек, «жақсы екен» деді. Мен де еріксіз басымды изедім. Осы сәтте залда сурет салуға қажетті құралдарын сайлап жатқан суретшім дауыстады:
- Жүріңіз, суретіңізді сала берейік.
Бардым. Мені ағаш орындыққа бір қырымен отырғызды да іске кірісіп кетті. Пәтерге кіргенде байқамаған екем, өзі қызыңқырап алыпты. «Бекер келген екенбіз» деген ой да қылаң берді. Бірақ, ұнатқан адамымды қиғым келмеді. Жаным күйіп кетіп:
- Неге ішесіз? - дедім. Ол елемеген сыңай танытты. Сұрақты қайталадым. Суретші демін ішке тартып терең күрсінді де, шерін тарқатты.
- Ішсем, жүрегімді жаралайтын, санамды мазалайтын ойлардан арылғандай болам. Әке-шешемнен жастай жетім қалдым. Балалар үйінде тэрбиелендім. Бұл дүниеде жалғыз қалдым. Мен жалғызбын! Серігім боп тек ... Өнерім қалды. Тек сол үшін ғана өмір сүріп жүрмін.
Оны сондай аяп кеттім. Мөлдір-моншақтарын көрсеткісі келмеді білем, теріс айналды. Менің де көңілім босап, жанарымнан жас ыршып түскені. Жұбатқым кеп:
- Достарыңыз ше? Олар бар ғой, қалайша жалғыз боласыз? - дедім. Ол меннен көз алмай қарады. Суретші жанарынан «Жалғыздық» атты картинаны ғана көрдім.
- Сіз менімен емірлік қол ұстасып жүрсеңіз, бақытты болар едім. Сіз ерекше жансыз. Өнерді шынайы түсінетін жанмен ғана бақытты бола алам...
Мен оны қанша ұнатсам да орнымнан ұшып тұрып, есікке қарай беттедім. Бетім дуылдап, денем өртеніп барады. Қысық көз жігітпен әлденені эңгімелеп отырған құрбыма «кеттік» дедім. Ол «суретіңці қалай тез салып қойды?» деп тіл қатқысы келді білем, менің қобалжыған түрімді көріп, сары жігітпен жылдам қоштасты. Үйге жеткенше оның сөздері санамды соққылап, қүлағымда жаңғырып түрды...
* * *
Сол күні оны жалғыз тастап кеткеніме өкіне бастағандаймын. Суретшімен кездесуге дәтім бармай, үйдің төрт қабырғасын серік етгім. Арада біраз уақыт өтіп, көңіл күйім болмай жүрген, өзі телефон соқты. Көтеріңкі дауыспен амандасты. Сондай қуанып кеттім.
- Әлгі менің пәтерімде танысқан жігіт есінде ме?
- Иә, - дедім шетелдің кэстюм-шалбарын киінген, қысық көз, еті тірілеу сары жігіт есіме түсіп.
- Ол өзінің сурет көрмесін үйымдасхырғалы жатыр. Саған меннен шақыру билетін беріп жіберді.
- М-м...Сен баратын шығарсың? - дедім біртүрлі зауқым соқпай.
- Әрине.
- Онда бірге барайық. Сені күтем, - дедім телефон тұтқасын қойғым келмей.
Бардық. Көрменің ашылу салтанатына біршама адам жиналыпты. «Залдың көркемделуі керемет екен» дегенімше болған жоқ, кешті жүргізуші жігіт: «Жолдастар! Бүгін ерекше күн. Шығыс пен Батыстың сурет өнерін бір арнаға тоғыстырған суретшіміздің тамаша суреттерін тамашалайтын сәт те туды», - деп микрофонмен хабарлап жіберді. Көрмені араладық. Барлығы 30-40 картина қойылыпты. Еш өзгермепті...Баяғы ескі стиль, ортақол дүниелер. Сурет өнерінен хабары шамалы адамға бэрі керемет көрінер, бірақ кэсіби суретшіні, көзі қарақты өнерді сүюші адамды алдай алмайтыны көрініп түр. Сахнадан қошеметшілердің алғашқы легі мақтауды жаудырды:
- Керемет туындылар!
- Несін айтасың қүнды дүниелер! - деп қостап қойды екінші суретшісымақ.
- Ол нағыз суретші! Келіңдер сол үшін!
Барлығы ақ көбігі атқылаған шампанды құйып, стақан соғыстырып жатты. Оған қарадым. Қанағаттанбаған кейіппен қабырғадағы картиналарға қайта-қайта қарайды.
- Әлі шикі...Асықпа деп ем, тыңдамады, - деді ол басын шайқап. Мінбеден сурет көрмесін ұйымдастырушының тарапына небір мақтаулар айтылып жатты. Досым деп жүрген қысық көз бұған сөз де бермеді. Әйтсе де оған ол ренжігін жоқ, тек ортақол дүниелерімен өнердің беделін түсіргеніне налыды. Шыдамсызданып тұр екен, «кетейік» дедім. Шығып бара жатып оның жанарынан «Өнерге кездейсоқ келгендер, орта жолдан қосылғандар»!» - деген ашынған сөзді оқығандай болдым.
* * *
Саябақты аралап келеміз. Күздің ызғарлы желінен жапырақтар үйіріле ұшуда. Ол үнсіз. Мен де. Суретшінің өмір жолына көз жүгірттім. Ол қанша тырысқанымен өнер өлкесінде жолы болмапты. Картиналары қанша жерден керемет болғанымен, аты жұртқа беймэлім. Әріптестері тәрізді көрме ұйымдастыруға жоқшьшық қолын байлады. Оған қол ұшын беруге мен де дәрменсіз едім. Ол ойымды оқып қойғандай:
- Мен шаршадым, - деді мұңын шағып.
- Әлі-ақ жолыңыз болып кетеді,- дедім үкілі үмітін үрлеп.
- Есімді білгелі сурет салып келем. Тек жеңіліс, тек шегініс, - деп күбірлей берді.
- Мен де жалғыз, өнерім де жалғыз. Үміт талымның жапырақтары бірінен соң бірі қүлап, құр сүлдерімді қалдырғандай. Жапырақ жанымды шыр айналдырып бір алапат құйын алып кетер... Кеткім келеді... Өкінішті!.. Тек суреттерім осында қалып қоятыны өкінішті!
Мен не дерімді білмедім. Ол болса көз алдымнан ұзап кете берді. Соңынан қарап қалған мен оған тек сәттілік тіледім.
Арада көп уақыт өтпей оны саябақтың сыры кеткен орындығында сыраға бөгіп отырғаның көрдім. Ол ішті, тағы ішті. Шашы, сақал-мұрты өсіп, бет-әлпетінің ісіңкіреп тұрғаның байқадым. Көздеріңдегі ұшқын сөнген бе, қалай? Өлеусіреп тұр. Ол қалтыраған қолымен бөтелкені құшағына қыса түсті. Мені байқап қалса керек, жүзін бұрып әкетті.
- Сізге не болған, - дедім өртеніп.
- Мен.. мен... жалғызбын! Енді суреттерімде жоқ. Сіз де мені тастап кеттіңіз....
Ары-бері өткендер оған жиіркенішпен қарауда. Оның күйініп, босқа бордай тозғанына жыным келді.
- Сіз мені тастап кетпеңізші!
Үні дірілдеп шықты.. Сығырайып ашылған жанарымен тесіле қарады. Тіл қата алмай, орнымда сілейіп қалдым. Күдер үзген ол ішімдіктің қалғаның қалтасына сүңгітіп, теңселген күйі басы ауған жаққа кете берді. Менен тым алысқа ұзай берді. Ұзай берді...
* * *
Күз. Екеуміз көлдің жағасында үнсіз келеміз. Сәттік қана сырласқан мүң мен мұң бір-бірін түсінуден қалған. Ол тым өзгеріп кеткен. Кенет ол киімшен көлге сүңгіп кетті. Мен қатты қобалжыдым.
- Кейін қайт, - дедім дауыстап. Қанша айғайласам да дауысым қарлығып, ақ көбік толқындар мен ақ шағалалар тілегімді жеткізбеді. Көзімнен жас сорғалады. Ол болса маған күлімсірей бір қарағандай болды да, көлге күмп етіп сүңгіп, тұңғиыққа батып кетті. Жалма-жан артынан көлге секірдім.
- Сен қайдасың? Тастама мені! - деп айғайлап жатып, өз дауысымнан өзім шошып ояндым. Өне бойымды тер басқан. Залда телефон тынымсыз шырылдауда. ¥йқылы-ояу күйі телефон тұгқасын көтердім.
- Алло...
- Мен учаскелік инспектрмін. Сіз ол суретшіні жақсы таниды деп естідік. Өзімен бірге құжаттары болмағандықган, бөлімшеге келіп анықтап берсеңіз.
- Қазір барам.
Шошып кеттім. Денем тітіркеніп, қалшьшдап кеткені. Полиция бөлімшесіне жүрексіне кірдім. Көңілсіз қарсы алған учаскелік инспектр: «Жүріңіз, саябаққа барамыз» , - деді. Көлікке отырған бойда зулап жетгік.
- Жолдастар, тараңдар! Жол беріңіздер! - деді полиция қызметкерлері. Жақындап келгенде оны бірден таныдым. О, тоба! Ол қимылсыз. Ол...Ол...Есімді жисам, бетіме су бүркіп жатыр екен. «Өз-өзіне келді ғой деймін», - деді полицияның біреуі. Демімді ішке тартып, суретшіге қайта қарадым. Қолындағы қылқаламы жерге түсіп кеткен. Ол көзі ашылған күйі картинаға қарап қалған екен. Тани кеттім. Сол... Сол сурет... Ең алғаш екеуміз танысып, жауынның астында қалғанда су шайып кеткен сурет. Беймәлім тылсым әлем. Ұшып жүрген періштелер. Суретші солардың арасына мәңгілікке еніп кеткендей. Бізден алыстай берді. Алыстай берді...

Үйсіз үй иесі

Түн. Ай ажарлана түскен. Жымыңдасқан жұлдыздар. Тек ол жанарын самаладай жарқыраған көпқабатты үйлерге ғана тікті. Бейне бір жарықтан көзін алса, өмір көшінен қалардай. Жанарын тайдырар емес. Оның арманы әдемі еді ғой, әдемі еді... Дәл осынау әсем үйлердей. Тәңірия дүниенің тылсым түні сыр ашпастан мүлгуде. Бәлкім оған ертеңгі күн бақ сыйлар. Қайдам, жалақысынан жырып, пәтерақысынан қалған тиын-тебеніне алатын, үміт таңы белгісіндей көрінген лотореялық билеттерден де біржола күдерін үзген. Мұхит дәрменсіз. Осынау қатыгез дүниеге албырт, сәби көзбен қарайтын оны енді самал желден өзге ешкім маңдайынан сипамайды. Тек жанарында шырақ лаулап тұр. Сол шырақ сөнсе, ол да сөнбек. Сөнбейтін, солмайтын бір арманы ғана...
* * *
Аппақ әлем. Нұр саулаған аспан астында қол ұстасқан ғашықтар жұбы жазылмай, жазғы түннің самалы лебімен қауышты. Көлік ағыны саябырсыған. Жарқыраған кең көшенің қара асфальтін бойлай жүріп, бойжеткен мен бозбала көпқабатты үйдің ауласындағы сәкіге жайғасты. Сезім дірегі өрекпіп, сүйіскен еріндер мен аймаласқан ғашықтар жайлы ай тамсанып, жұлдыздар күбірлесетіндей. Еркелеген бұраң бел бақытты шақтың шырқын бұзғысы келмесе де, наздана мұңайған күйі жігіттің иығына басын төсеп, үн қатты.
- Мүхит...
- О, не жаным?
- Мұхитым, ерте ме, кеш пе, әйтеуір отбасын құрармыз. Бірақ қайда тұрамыз? - деді Арай жігітке жанарын қадай. Тосын сұрақ бозбаланың күйзеліп жүрген денесін тілгілеп өтті. Құлақ тұсы шым етіп, жүрек қағысы жиілей түскен.
- Әзірге пәтер жалдап тұрармыз, жаным. Аяғымыздан тік тұрып кеткенен кейін өз үйіміз болады.
Жасанды жауап сенімсіз шықты. Дауысында үрейлі діріл бар. Оны өзі де сезді білем, әзілге айналдырып жіберді. Өзекті өртеген ащы сұрақ өзеурей кеп ойын онға бөлген. Бір сәттік үнсіздік. Шулы қаланың дыбысы да бәсеңдей түскендей.
- Баламыздың қанша болғаның қалайсың? – деді Мұхит арманның ауылынан алыстағысы келмей жұлдыздарға көз тігіп.
- Бір ұл, бір қыз болса екен деп армандаймын.
- Неге? Көп болғаны жақсы емес пе? Ал мен бесеу болғаның қалар едім.
- Бесеу! - бойжеткен ыршып түсті. – Бәріміз қайда тұрамыз? Мына заманда осынша баланы асырап жеткізу оңай емес!
- Жаным, сабыр етші. «Бір жан артық туса, бір түп шөп артық шығады» деген. Не болса да елмен бірге көрерміз.
Бозбала мен бойжеткен ойға батты. Қандай қиындықпен бетпе-бет келетіндіктерін білсе де, алдамшы өмірден бақыт ұшқынын жоғалтқысы келмеді. Көз алдында үміт оттары лаулай бастады... Иә, иә, үміт оттарының ұшқыны. Олар шамдары жарқыраған көпқабатты үйлерге жанарларын қадады. Адамият дүниесінің албырт қатпарлары бұларды түсінеді, сезінеді, тіпті бетпе-бет келеді. Тек кекілді қыздың құпиясындай сыр ашпайды. Көк бөрі ұрпақтарын тек шырақ жетелеп жүр...Олар шолпан жұлдыз туғанша көпқабатты үйлердің жарығынан көз алмады. Һәм соңғы рет емес.
* * *
Университет маңынан ескі танысы Берікті жолықтырды. Көп жылдар көкейінде сақталып, жолаушылап кеткен жанды қарсы алғандай құшақ айқастырған. Кездесу құрметіне жақын маңдағы кафеге кіріп, «ащы судың» екі-үш стақаның өнештен өткізді. Берік болса, біраз әңгіменің тиегін ағытып, сыр суыртпақтады.
- Мен заманға өкпелімін, - деді Мұхит шүлпілдеп тұрған стақаннан көзін алмастан мұңын шағып. - Иә, тағдыр мені еркелетпеді...
- Ей, неге?
- Сенесің бе, университет бітіргелі бері табанымды тоздырып, мамандығым бойынша жұмыс іздегеніме жарты жылдан асты. Қызыл дипломнан еш пайда жоқ, сандықтың түбінде жатып сарғаятын шығар. Қазір күнде жүк тиеп, түсіріп күнімді көрем. Пәтер мәселесі де жүйкеме жүк болып тұр...
Қызыңқырап қалған ба, дауысы үздігіп шықты.Көздері ұйқысырағандай жұмыла берген.
- Солай де. Өзіңнің тірлігің жоқ екен, мекеме басшысының көңілің таппаймысың!
- Қалай?
Анау жымиып күлді. Тапал стақанды бірақ төнкеріп, тамсана аузы сүрткен күйі бөтелкеге қайта жармасты.
- Міне, мен қазір заңгермін. Мемлекеттік жұмыста істеймін, ебін тауып пәтер де алдым, - десін масаттана.
- Қалайша? Сен Эколог едің ғой?
Мұхит оған таңдана қарады. Университетте ілініп-салынып, араға адам салып әрең бітірген Беріктің озғанына қайран қалған. Бір жағынан қызықты да.
- Солай. Өмір – етіктің қонышынан басқандікі! – осыны айтты да Берік қарқылдап күліп жіберді. Мұхит ой орманын аралап кетті. Беріктің соңғы сөздері санасын сансыратып жіберген. Мына жалған дүние ол үшін тым тар көрінді. Неткен әділетсіз, екіжүзді қоғам десейші. Ашуы кернеп, әзәзіл сусынның бірінен кейін бірін сілтей берді. Сілтей берді. Масайып қалған ба, көз алдынан өңшең екіжүзді адамдар, жо-жоқ, хайуандар елестей бастады. Түлкібұлаң тірліктің буына мастанғандарға лағнет жаудырғысы келді. «Өңшең сатқындар! Арының емес, қарынның қамын күйттегендер! Мен сендерді жек көрем!». Осылайша дауыстап кафені басына көтерді. Орнынан тұруға шамасы келмеген ол дастарханға сұлай кетті. Танысы мұны жалғыз қалдырып, өзі далаға сытылып шыққан. Артына қарайламады да.
Өне-бойы тоңып жатыр екен. Енді байқады: айықтырғыш іші қапырық әрі сыз. Темір тордың ар жағында жатарын кім ойлапты? Істеген ісіне өкінді білем, тістеніп өзіне-өзі күбірледі: «Мынау сенің мекенің Мұхит! Сен осыған лайықсың!». Қос қолымен денесін құшақтаған күйі алакөлеңке бұрышқа тығыла беріп, ұйықтап кетті. Түс ауа мұны жалғыз тірегі - Арай шығарып алды. Жүнжіген мұның түрін жүзін қайта көргісі келді ме, пәтеріне жеткенше көз қырын салмай, тіл қатпады да. Мұхитта үн жоқ. Ол көк көз орыс әйелі пәтерақысын сұрап, ақырып шыға келмесе екен деп Алладан тіледі. Оның жанарындағы үріккен мұң әлдебір қорқыныш ұялата берді. Қорқынышы - баспанасыз далада қалу еді.
* * *
Пәтер іздеп жүрген жастар қайта болашаққа көз салды. Университет табалдырығын төздырып, төрт жыл кітапқа телмірген екеуінің ендігі мақсаты – отбасын құрып, бақытқа кенелу еді. Тек үнемі пәтер мәселесі көңілдерін күпті қылып, еңселерін түсіріп жіберетін. Осындайда арман көшпелі алтын тәрізді алыстап кететіндей. Электр бағанасында жабыстырылған, жалға берілетін пәтерлердің мекен-жайын күні бойы аралап, аяқтарынан таусылған. Екеуі көшеде ілбіп келеді.
- Анам ылғи айтатын, - деді Арай сүйгенін жұбатқандай. – «біз сендердей кезімізде мемлекет жас жұбайларға пәтер беріп, жұмыспен қамтамасыз ететін» деп. Солай болса ғой, шіркін!
- Қазір заман басқа, адамдар да басқа...
- Айтарым жоқ Мұхит, бір мекемеге бас сұқсаң «қанша жыл еңбек өтілің бар, қалада тіркеуде барсың ба?» деп шүлдіреп тұрғандары.
– Бізді қойшы, бес баласы бар, көршім Нағима апайды айтсайшы, - деді Мұхит аяушылық білдіргендей. - Жалақысының жартысынан көбін балаларының аузынан жырып, пәтерақысына төлейді. Жалғыз өзі мектеп еденің жуып, ертелі-кеш тырбаңдап жүргені.
- Несін айтасың, жастарға да жанұя құру оңай соқпай тұр ғой. Ұрпағымыз қалай көбеймек. Орда бұзар жастан асса да жастардың сүрбойдақ боп жүргеніне қарным ашады. Ішімдікпен достасып жастық шағын өксумен өткізіп жүргендер қаншама.
Бұлыңғыр болашаққа көз тастаған екеуі кірпіктеріне мұң ілді. Сағым боп қол бұлғаған ипатека да көзден бұл-бұл ұшқаны олар үшін тағы бір шырақ сөнгендей әсер етті. Тек үміт шырағы емес.
* * *
Арманның асқар шыңына қол созбасаң жақындамайтының ұғынған Мұхит қала сыртынан жер алып, баспана тұрғызғысы келді. «Шіркін-ай десеңші! Өз баспанам болса ғой, ешкімге жалынбас едім», - деп өңі кеткен креслода шалқасынан жатып, іштей күбірледі. Жалға алған қуықтай бөлменің жыры жетімдіктен бетер өтіп кетті. Жастайынан жетімдер үйінде тәрбиеленген ол жалғыздықтың не екенің енді түсінгендей.
Ұйқы құшағына енген. Түсіне о дүниелік әке-шешесі кірді. Күлімсіреп, сәттілік тілеп тұрғандай. Жасанды дүниеден жерінген ол ата-анасына барғысы келетінің айтқысы келеді. Үні жетпей-ақ қойғаны.Тарсылдан оянып кетті. Есіктің ілгегін ағыта бергені сол еді, жуан орыс әйелі өз тілінде дүрсе қоя берсін:
- Қара мұны, әкесінің үйіндей жалжиып жатуын! Пәтерақыны қашан төлейсің?! Сендер сияқты қуыскеуделерге жайлы пәтерімді бергенше, чукчаға бергенім әлдеқайда артық.
- Маша апай, міне бір-екі күнде төлеймін. Шын сөзім, бір-екі күннен қалдырмаймын.
- Әні, бұлар сүйтеді! – деді пәтер иесі өзімен бірге еріп келген, тапал бойлы орыс келіншегіне нығырлай. – Ертең осы уақытта қолыма ақша ұстатасың! Әйтпесе, қараңды батыр!
Дікіңдеп кеткен пәтер иесінің сөздері жанын жаралап кетті. Есіктің жақтауына сүйеніп қалған Мұхит басын ұстап, жерге отыра кетті. Маңдайынан шып-шып етіп ащы тер бұрқ ете қалсын. Көйлегі жауынсыз су болған. Есіне орыс әйелінің «жайлы пәтерім» дегені түсіп, өзінен-өзі мырс-мырс күлді. «Амал жоқ, жайлы пәтерде тұра тұруға тура келеді», - деп ызаланды іштей. Өз жерінде өгей баланың күйін кешіп жүргені жанына қатты батты. Тек жанарында намыс-найзағай ойнап тұр еді.
Себезгіленіп қылаң бере бастаған таңмен үзенгі қағыстыра оянып кетті. Түні бойы дөңбекшіп, үй мәселесінің түйінің шешудің түрлі амалдарын електен өткізгенен кейін бе, ұйқысы қана қоймады. Төсегінен тұрып, терезе пердесін ашып жібергені сол еді, күннің алқызыл алауы жүзін сүйіп өткені. Тек жүрегінің түкпірінде бүгулі жатқан сенімсіздік денесін үріккен қойлардай тітіркентіп өткен. Іштей Алла Тағаладан өз үйінің болуын бар ықыласымен тілеп, шешек атқан таң шапағынан жақсылық күтті. Соның әсері ме, бар құжатын жинап, қаланың бір шетінен жер алуға асығып, өз үйін тұрғызуға бекінді. Иә, иә, өз баспанасын салмақ! Дәл қазір ол үшін ең асқақ арман осы еді-ау! Үміті үкілене түсті. Ай маңдай армандары қол бұлғады.
* * *
Жер алу да арман екен...Қай мекемеге барса да бір-біріне сілтей салып, пергаментқа оралған перғауының жарлығандай қажетті құжаттардың тізімін ұстата берді. Қыз Жібектің көшінен кем емес кезекке күні бойы тұрып, бір тілім қағазға жете алмай-ақ қойғаны. Тістеніп, өзіне-өзі ызаланған күйі пәтеріне жетіп, төсегіне құлай кетті.
Ертеңінде үміт ұшқыны таныс мекеменің табалдырығына тағы аяқ бастырған.
- Бос жер жоқ, - деді аласа бойлы қызметкер қыз компьютерден бас алмай. – Босқа әуреленбеңіз.
Тосын жауапқа тосылып қалған. «Ожырая қарағаны несі?» деп күбірледі іштей
- Ш-шет жағынан болса да...
Тілі күрмеле берді. Сауалы мөлдір көлге түскен қанттай еріп сала берген.
- Жоқ деген соң, жоқ... Басымды қатырмаңыз! – қызметкер мұны елемеген сыңай танытып, шаруасын жалғастыра берді. Мұхит тіксініп қалды. Намысқа қайрақ салып, ашуы дауылға тиген өрттей өршіген. Сәтсіздік үміт гүлін көктемгі бұршақтай үсітіп жіберді.
. * * *
Көңілін бір сенімсіздік құшақтап, әлгі қыздың «Бос жер жоқ» дегені есінен шықпай-ақ қойғаны. Қала сыртында бос жердің жоқ екеніне көзін жеткізгісі келді ме, байқап көруге бел буды. Көп ұзамай күрк-күрк жөтелген ескі автобуспен қала сыртына келіп жетті. Мұнда тірлік қызып-ақ тұр екен. Салынып жатқан екі қабатты зәулім де әсем үйлер мен еуропалық үлгідегі коттедждерге қызыға қарап қалған Сәлден кейін елу метр жерге бірнеше шетел көлігі келіп тоқтап, ішінен соңғы үлгіде киінген, өзіне де, боксер итіне де алтынан шынжыр таққан еркек түсті. Енді байқады, «Мерсте» отырған мес қарын дөкейдің өзі екен. Соңынан жер өлшейтін екі-үш жігіт ілесіп, көп кідірмей жерді сызып, өлшей бастады.
- Жігітім, жер қарап жүрсің бе?
Ойға шомып кеткен Мұхит селк етті. Бұған беті бұжыр қара дөкейдің өзі қарап қалыпты.
- Иә, ым... Әншейін көрейін деп едім.. Дауысын сенісіздік аңғарылады. Әлгі мұның үстін бір шолып өттіде: - Мынаусыз, - деді ол бас бармағымен сұқ саусағын үйкеп. – Жер көруге келмей-ақ қой. Осыны айтты да қарқылдап күліп жіберді. Дауысы неткен зор еді. «Бір бәлеге ұшырап кетермін» деп жүрегіне секем алған Мұхит қара дәумен жылдам қоштасып, қалаға қарай тартып отырды. Түсі суық мына адамдар әлемінен тезірек алыстап кеткісі келді.
* * *
Бүгін қуанып оянды. Адамгершілігі бар шағын жеке фирманың қожайыны мұның білімін бағалады ма, жалақысы тәп-тәуір қызмет берді. «Иә, шүкір Алла! Өмірде әлі де жақсы адамдар бар екен ғой. Енді тұрақты жұмысым болатын болды» деп іштей сыйынып, дұға қылды. Бүгін күн де кекілін тарап, шапағын шашыратып, жер-анаға ерекше мейірімін төгуде. Терезеде түскен сәуле оның жанарындағы ұшқынды жалын атқызғандай. Қалтасына қалған қара бақырын салып, пәтерінен шыға салысымен мешітке қарай жүгіре жөнелді.
* * *
- Мұхит, а-а Мұхит... Екеуіміз анау зәулім үйлердің бірінен бір бөлмелі үй алсақ қой.
- Иә, жаман болмас еді.
Арайдың арман-үні шынайы. Мұхитты шексіз сүйеді. Қарақат көздері күлімдеп, жанары әйнегінің ар жағында жылт еткен шамшырақ махаббат отын елестетеді. Жүрегінің лүпілі, Сезім діргегі. Түйіскен жанарлар. Бәрі-бәрі оның ынтықтық құпиясын ашып қоятындай.
- Мені қайтесің? – деді бозбала үнсіздікті сейілтіп.
- Түсінбедім...
- Менен әлдеқайда көрікті әрі ауқатты жігіттер бар. Олардың автокөлігі, жеке үйі бар дегендей. Мен...Мен деген...
- Кешір, сені сүйіп қалыппын! Сенімен бірге өткізген студенттік жылдарым саған деген құштарлығымды еселей түскендей.
Жігіт оған таңырқай қарады. Арудың алма беті қызарып, сүйетіндігін айтып қалғаны ма, басы төмен салбырап кетіпті.
- Арай, мен сені де ессіз сүйем. Кейде өмірді сен үшін сүріп жүргендеймін.
- Мен үшін?
Бойжеткен ұяң жүзін тайдырып әкетті. Құшақтасқан екеуі мауқы басылғанша айрылмады. Жазғы аспан торланып, қоңыр жел талдарды тербетіп әлек. Жел сипаған жасыл жапырақтар сыбдыр қағып, ғашықтар жайлы сырласатындай.
- Билейікші!
- Қойшы, тапа-тал түс қой. Адамдар не ойлайды? Әрі әуен де жоқ.
Кенет қою көрпесін жамылған қара аспан дүр сілкініп, найзағай найзасымен жерді бір түйреп өткенде бұлттар көз моншақтарын шашып алғаны. Жаңбыр себелеп, нөсерлетіп бара ма, қалай? Денесін жауыннан қалқалаған адамдар пана іздеп жым-жылас болды. Күміс табан моншақтарды құшақ жая қарсы алып қара жер жатыр. Аспанан құйғыта кеп секірген тамшылар билеп жүрген ғашықтарға тамсанып, аялай берді.
- Мен жауынды сүйемін, - деді жігіт. – Ақ жауынның астында тұрсам жан дүниемдегі ауырлық пен шерді шайып әкететіндей. Ал саған жауын ұнай ма?
- Ұнағанда қандай! Әрбір тамшы менің бір бөлшегім тәрізді.
Жігітті қапсыра құшақтай мойнына асылды. Себелеп тұрған жауын екеуіне бақыт нұрын себетіндей. Қос ғашық бақыт құшағында. Күйбең тірліктің қиындығы әзірге оларға есік қақпады.
* * *
Көршісі Андрейдің тірлігі қызықтырып әкетті. Таяуда сатып алған екі бөлмелі тамды жермен-жексен етіп, даңғарадай үй салып алды. Ал қарама-қарсы тұратын Сергей хан сарайындай екі қабатты коттежді лезде тұрғыздырды. Бес-алты жалдамалы өзбек әп-сәтте үйдің іргетасын қалап шыққанда таңданғаны бар. «Мына шіркіндер қайтеді ей?» деді іштей. Іскерлігіне сүйсіне қарап қалған. Тиын-тебен төлесең таң атпай там соғатын олар үшін үйреншікті жұмыс секілді. Сондықтан бас-аяғы екі ай өтпей-ақ Сергейдің үйі жауынан кейінгі саңырауқұлақтай құлпырып шыға келді. Тек көршісі Қалидың үнсіз жатқанына іші ашыды. Жері кең, ал үйі күрке тауықтың үйшігіне ұқсас. Әбден тозығы жеткен. Өткенде осы үйге бас сұғып еді, қарқ-қарқ күліп, қарта ойынынан бас алмайтын Қалидың қаперсіздігі алаңдатқан.
* * *
Қаланың шеткері аудандарынан қолжетімді, ескі әрі аз бөлмелі үй іздеді. Бірақ мұндай үйлер баспанадан гөрі үйшікке көбірек ұқсайтын. Ондағы ойы – көңілге қонымды жаңа үй тұрғызу еді. Әйткенмен, қанша шарласа да лайықты үй таба алмады. «Дүние неге күйіп кеткен» , - деді шарасыздықтан басын шайқап. «Үй салуға қажет материалдардың бағасы да ұшып тұрғаны-ай». Бүгін де жалға алған пәтеріне жетіп жығылған. Үміт шырағы лап етіп сөнетіндей. Есіне түрік сықақшысы Әзиз Несиннің бір шығармасындағы үй сатып алмақ болған жігіт түсіп, өзінен-өзі мырс етті. Оның өмірінің соңына дейін жинаған ақшасына ескі мола сатып алғаны ұнжығасын түсіріп жіберген. Жалма-жан орнынан ұшып тұрып, айнаға қарады. Жанарындағы маздаған шырақтың орнында өлеусіреген шоқ жатқандай көрінді.
* * *
Мұхит пен Арай үшін бүгін таң рауандап атты. Көңіл ауаны бебеулеп, махаббаттың алғашқы баспалдағын аттаған қос ғашық неке сарайынан күлімсірей шығып келе жатты. Құшақ-құшақ гүл шоқтарын құшқан жас келін үшін Мұхиттың рухани байлығы маңызды еді. Қолына салынған киелі жүзік махаббаттың мәңгілігін баяндайтындай. Қуанышқа ортақтасқан ата-ана, туған-туыстар жарыса бақыт тілеуде.
Келешекке үміт жібін жалғаған жас отау иелері қаланың шеткері ауданынан бір бөлмелі пәтер жалдап тұрып жатыр. Күйбең тірлікте жүріп тапқандарын пәтерақы жалмап қоя береді. Балалы-шағалы болғанда да бір амалын көре жатармыз деп өздерін жұбатады. Мұхит кейде жанарындағы ұшқынның бір күндік сәуле екенін мойындап, Аллаға шүкіршілік етеді. Арагідік өз қандастарының баспанасыз жүргеніне кейіп, іштен тынады. Иә, ол тұлпары тұяғын жер-жағанды дүбірлеткен, көшпенді бабалары мұра еткен киелі жердің мұрагері. Шаңырақ иесі. Тек үйсіз үй иесі.

Бір шоқ гүл
Берік таңертең көзін уқалап ашты. Жанында жеті жасар інісі Серік пысылдап әлі ұйықтап жатыр екен. Анасы Күнсұлу болса базарға кетіп қалыпты.
Екеуі шешелерінің қолғанаты. Берік жасы тоғызда ғана болғанымен өзін үйдің ержеткен азаматы санайтын. Әкесі болса дүниеден ерте озды. Күні бойы мектепте еден жуып, екі баласын қатарынан кем қылмай мәпелеп өсіруге талпынған ана тағдырдың ауыртпашылығын бір кісідей-ақ арқалаған. Көздері жәутеңдеген ұлдарына әкесінің жоқтығын білдірмей, барын алдарына тосып, мейірімін төкті. Аналық махаббатын дарытты. Өзі таң кетіп, кеш оралады. Түсте бірер сағатқа келіп, балаларына ас әзірлеп кететін. Кейде апайы Айшуақ сәбилеріне қарайласып тұратын еді.
Бүгін аналар мейрамы. Анасын құттықтау керек екендігі есіне түсіп, Берік інісін жұлмалап оята бастады.
-Тұр, тұр деймін!
- Кішкене ұйықтай тұрайыншы!
- Қазір мамам келеді. Мамама сыйлық аламыз.
¥йқысын қимаған інісі шешесін мейрамымен құттықтау үшін еріксіз төсегінен тұрды. Екеуі үйді жинастырып, ретке келтірді. Ағалы-інілілер көп ойланып, сыйлыққа ақыры гүл аламыз деп шешкен. Берік қалтасына қолын сұғып, жинаған теңгелерін алып шықты. Ол анасының «Мектепке барғанда бәліш алып же» деген ақшасы. Ақшасын санап көріп еді, жетпейтін сияқты. Мейрамға қарсы гүлдің де бағасы шарықтап кеткен.
- Енді не істейміз, ақша жетпейді ғой, - деді ағасы мұңайып. Кенет інісінің есіне қорадағы мөшектің ішіндегі бос бөтелкелер түсті.
- Ақша жетпесе бөтелке өткізейік, - дөді Серік жерден жеті қоян тапқандай.
Екеуі киініп сыртқа шықты. Қала орталығында орналасқан үйінен дағырлатып арбаларына бос бөтелкелерді тиеп, екеуі құмыра қабылдайтын дүңгіршекке өткізді. Ақшалары әжептеуір көбейіп қалған сияқты. Енді гүл алуға болатын шығар деп ойлады. Ағалы-інілі батырлар машиналар ағылған көшенің арғы жағына өтіп, гүл сатып тұрған әйелге сәлем берді.
- Сәлеметсізбе, апай! Мейрамыңызбен!
- Сәлеметпе, балалар! Құттықтағандарыңа рахмет!
- Апай, біз мамамызға гүл алайық деп едік. Гүліңіз қанша тұрады? - деген Серік қолындағы барды-жоқ тиын-тебенін ұсынды. Ақшаларының гүлге жетпейтіндігін білген сатушы әйел қарашадай балалардың аналарына гүл сыйлағысы келгендеріне іштей риза болып, хош иісті бір тал раушан гүлін сыйға тартты. «Неткен жақсы балалар! Балалардың барлығы осындай болса ғой. Шешелеріне сыйлық апармақшы» - деп күбірлеген сатушы балалардың қарасы ұзап кеткенінше көз алмады.
Берік бен Серік үйіне келсе, анасы тамақ пісіріп бұлардың кеткеніне алаңдап отыр екен.
- Маматай, мейрамыңмен! - деп үлкен ұлы анасының бетінен сүйді. Інісі де ағасынан қалғысы келмей: «Мама, біз Сізге гүл әкелдік!» - деп бір шоқ раушан гүлін ұсынған Серік қуанышы қойнына сыймаған анасының мойнына асылды. Балаларының ісіне сүйсінген ана көзіне жас алды. Төбесі көкке жеткендей болды.
- Құлындарым, менің сыйлығым өздеріңсіндер, - деген ана екі баласының шашынан сипап, бауырына басты...

Сезімді қайтем тулаған
Айлы түн. Дала сүттей аппақ. Көктемгі гүлдеген алма ағашы түбінен бойжеткен мен бозбала сұлбасы көрінеді. Жігіт қызға көптен бері айта алмай жүрген сырын ақтаруда.
- Мен саған ғашықпын.
Қыз ұялып төмен қарады. Іштей ұнатып түрса да ләм-мим деуге намысы жібермеді.
- Неге үндемейсің, білсеңғой өзіңді өзім, жүрегімнің қалай сүйетінін?! Жаным, махаббат теңізінде қол ұстасып бірге жүзейікші, - қыздың дірілдеген нәзік қолынан ұстаған жігіттің жүрек қағысы жиілей түсіп, шым етті. - Іңкәр, Іңкәр дей-мін өзіңді де, мені де қинамашы...
- Сәулем. бірдеңе деші.
Шыдамы жетпеген жігіт арудың толқынды шаштарынан сипап, қүлын денесін кеудесіне құшқан...
* * *
- Неге сонша кешіктің?
- Жолда әдемі қыздарды қызықтап, уақыттың қалай өткенін оілмей қапыппын, - қызғанышын тудыру үшін әдейі айтқанын шын көрді ме екен?
- Әне, сендерсон-дайоыңдар, — деп Ар-дақты кінәлай аузын бүртитты.
- Кешке жұлдызды аспанды тамашалап саябақ жаққа қыдырып қайтсақ қайтеді?
- Мен бармаймын, өзіңнің әдемі қыздарыңмен бара бер! - олай дегісі келмесе де шамданған мінез танытқандай.
Жігіт ақталып әлек. Қол үстасып келе жатқан сүйіктісі теріс қарап өкпелеп қалыпты. Қыз жүрегінің гүлдей нәзік екенін кім білген.
* * *
Талай мәрте телефон соғып, таныс дауысты әрең естіді.
- Түтқаны неге көтермейсің?
- Жүрегімді тағы ауыртасың ба деп қауіптенем. Ешнәрсені де сезбейсің, қыздың жанын жылатуға шеберсің!
- Маған да оңай тиіп жүр деймісің? Өзім де әрең шыдап жүрмін. Өзіңді де, мені де аясаң нетті? Тым тәкаппарсың, Іңкәр, жігіттің жүрегімен ойнауға бола ма екен? Менің жүрегім тастан жаралды дейсің бе?! Жаным, енді ренжіспейікші?
- «Сезімді қайтем, сезімді қайтем тулаған..», — таныс өлең жолдарын тебірене айтты.
–Іңкәр, Іңкәр деймін, мен сені сүйемін.
- . . .
* * *
Бозбала сүйгенін іздеп жүр. Қаптаған адамдар арасынан, көше қилысынан, мекеме дәліздерінен сүйгені алдынан шыға келетін сияқты. Үмітін үзген емес. Жүрегі жаралы. Әзірге тек жанын қинап таныс өлең жолдары ойына орала береді... Орала береді.





















----------------------------------------------------------
Новеллалар
-------------------------------------------------------------------------------------------------

Махаббат адалдықты сүйеді...

...Білетінім: ол сүйгенін қатты сағынған еді. Палатаға бірер күн бұрын түскен аққоңіл жігіт. Арманның аяғының жарақаты көлік апатынан болған екен. Ең өкішінтісі – сүйгені аруханалық болғаның естігенде хабарсыз кеткен. Айтуынша, SMS-хат жіберуді де доғарыпты. Бойжеткен алғаш халін сұрай келгенде дәрігерден мүның аяғының жансызданғаның естіп, теріс айналған. Сірә, болашақ жұбайының мүгедек болғанын көргісі келмесе керек: өзінің махаббат әлемінен алыстапты.
Ол күнде палатада домбыра шертіп, ыңылдап ән айтады. Ауруына ауру жамап алған. Тағдырына налыды ма, үнемі терезеге телміріп отырғаны. Әйткенмен құшағын жайып келе жатқан көктемнен үміт күтті. Жас шыбықтай морт сынбай, өзін-өзі шыңдай түсті. Бірте-бірте ақырындап жүре бастады. Өзін-өзі қамшылағанына сүйсінді ме, көрші палатадағы сүйкімді қыз шахмат сыйлаған. «Өмір деген шахмат тақтасы, ешқашан жеңілмеңіз» деді. Ол үнсіз жымиған. Сүйкімді қыз күнде шахмат ойнауға келеді. Соңғы кезде тіпті жиілеп кеткен.
- Сен оған ұнайсың, - дедім.
- Айданаға да ұнағанмын, - деді ол күрсініп. – Махаббатымызды жерлеп, өзге біреуге тұрмысқа шықпақшы.
Арман оны өз әлемінен жоғалтқанын айтып, көңілсіз күйге енді. Үнсіз жараланып жатқандай. Көңілім аулап, жұбаттым:
- Шахмат ойнауға келетін сенің көршің жақсы қыз.
Ол езу тартып, көзіндегі мұңды жасырғысы келді. Үнсіздікті сейілтіп, көп кешікпей сүйкімді қыз да әдемі жүзін көрсетті.
- О, құлан таза айығып кетіпсіз ғой, - деді кірген бойда күлімсірей.
- Өзінің күш-жігері айықтырды, - дедім мен. - Әлде, шахмат па екен?
Екеуі бір-біріне ұрлана қарасты. Арманның көздері «махаббат айықтырды» дегісі келетіндей.
- Әлі-ақ жазылып, сізді киноға да апарады, - дедім қалжыңдай.
Сүйкімді қыздың алма беті қызарып, басы төмен салбырап кетіпті. Арман маған қарап, басын бір шайқады да:
- Әрине. Егер қарындас келіссе, - дегені.
- Алдымен жақсылап жазылып алыңыз, сосын...сосын көрерміз.
Осыны айтты да ұяң қыз төмен қараған күйі жылдам қоштасып кетті.
Ұйқымыз келер емес. Темір төсек мезі еткен. Ымырт үйіріліп келеді. Кенет құлағыма әлдекім Арманның атын дауыстап шақырғандай болды. Терезеге жақын төсегімнен тұрып, бірінші қабатта орналасқан жылтыр терезеден далаға көз салдым. Даланы қараңғылық құша қоймапты. Қыз сұлбасы анық көрінді. Сол... Айдана. Шамасы, Арманның сауыққаның естіген болуы керек. Арманға «мұнда кел» дегендей қолымды бұлғадым. Ол да таныс дауысты естіді ме, терезенің қасына ілби жетіп келді. Терезені ашып жіберді де, қызға ұзақ үңілді. Екеуі де үнсіз, көзбен сөйлесіп тұрғандай. Керуетіме жантая кеттім. Көктемгі тымық кеш. Даладағы самал желдің әуені құлағыма сыбырлайды.
- Кешірші мені, Арман! – бойжеткен үні анық естілді.
- Махаббатымды қор қылады деп ойламап ем, - деді ол.
Үнсіздік. Ар жақтан сыңсыған қыздың дауысы естіледі.
- Сені ұмыта алмадым.
- Мен де. Бірақ...
- Қателігімді кеш түсіндім. Сені қалай сүйетінімді білсем ғой...
- Саған деген сезімдерім арбаға мәңгілік байланып қалудан арашалап қалған.
Тіл қатпады.
- Арман, бәрін басынан бастайықшы? – қыз үнінде діріл бар.
- Жұлмалаған жүрегіме қайта жара салғым келмейді.
- Түсінші. Мені сүйсең, бір қателігімді кешірерсің.
- Өмірімнің бақытты бір сәтіндей елес болып өте салшы...
Арман күрсінді. Қыз тағы сыңси бастады.
- Өткінші сезім екен... Ол жабысып қоймаған соң...
- Тойына шақырмасаң өзің біл.
- Мен оны сүймеймін.
- Әйтеуір бақытты болшы. Енді тағдыр бізді жолықтырмас.
- Сенімен ғана бақытты болам. Бір-бірімізді қинамайықшы...
- Жаным, бақытты бол.
Ол үнсіз терезені жауып, төсегімнің аяқ жағына сылқ етіп отыра кетті. Терезе жақтан көз алмады. Біртүрлі қимайтын сияқты. Қаперіне махаббаты жалған көрінгендей.
- Арман, уайымдамай дем ал.
- Махаббатта мұндай да болады екен...
Таза ауа жұтқысы келді ме, даңғарадай терезені қайта ашып еді, бойжеткен әлі күтіп тұр екен. Мұны көріп: «Арман, тұра тұршы, саған айтар сөзім бар» деп дауыстап жіберді. Ол терезені жабар-жаппасын білмей қалған.
- Арман, маған өкпелемеші, - деді қыз жалынышты үнмен.
- Саған емес, дүниенің әділетсіздігіне өкпелімін. Махаббат адалдықты ғана сүйеді...
Қос қолымен мұңлы терезені ол үшін тарс жапты. Мәңгілікке. Мен тіл қата алмадым. Мазасыз түн. Ұйқы жоқ. Сәлден соң ол төсегінен тұрып, буланған тезезенің алдына ауру аяғынымен сүйретіле келіп, саусақтарымен әйнекке үлкейтіп жаза бастады: МЕН СЕНІ СҮЙЕМІН...

Қылбұрау

- Арақ әкел!
Ол өмірінің мәңгі еместігін түсінді. Неше күннен бері нәр татпай, аш құрсағы бойын талықсытып, суық еденде етпетінен жатыр. Қанаттың қорқынышы -өлім емес, өмір әділетсіздігі. Көзін ашқанан бері көрген қорлық, аш-жаңалаш тірлік, қайыршылық өмір оны әбден титықтатып біткен. Жан-жүйкесі психологиялық ауыртпалықтан сыр беріп, өзімен-өзі күбірлейтінді шығарды. Кейде оңашада көз жасына ерік береді. Онысына намыстанады ма, өлеусіреген қос жанардағы ащы шырынды әлсіз қолдарымен сүрткен бойда өзін қайрайтын. Бүгін де сөйтті. Суық еден де оны жатырқағандай сықыр-сықыр етеді. Күз келгелі тұла бойы діргек қағатыны ол үшін үйреншікті жағдай.
- Арақ әкел! - әкесінің өктем дауысы оның жынына тиіп, тым жиіркенішті естілді.
- Арақ әкел, иттің баласы!
Бұл орнынан тұрғысы келіп еді, шамасы келмеді. Мектепке бармағалы аптадан асты. Сынып жетекшісі де бір-екі рет үйге іздеп бас сұққанымен, оқуға еш жағдай жоқ екенін көрді ме, әлде бөлмелерден шығатын қолаңсы иістен жиіркенді ме, қайтып оралмады.
Кенет сол жақ бүйірі дүнк етіп, тыныс алуы қиындап кетті. Көзінің алды бұлдырап, ауыр соққы талықсытып жіберді. Көзін ашып еді, қос қабағы түксиген әкесін көрді. Тасбауыр әкесі теуіп жіберген екен. Көздері неткен сү-сты. Дәл қазір көзіне көрінгеннің бәрін жайпап жіберердей. Жұдырығын түйіп алған. Мейірімсіз әкеден күдерін үзгелі қашан. Шешесі болса анау, төсекке теңселіп құлаған. Удай мас. Әкесі болса, мұның жағасына жармасып, тағы ұрмаққа бел буды.
- Қолыңызды тартыңыз баладан! - таныс дауыс өктем шығып, санқ етті.
- Бұл бала менікі, не істесем де өзім білем! - деді ашулы Сағат әкесі қасарысып. Бұл жалт бұрылған.
- Сіздің балаңыз - менің оқушым! Баланы ұруға құқыңыз жоқ!
- Сен кімсің ей, маған закүн соғатын?! Мүғалімсымақ неме! Бә рімізді қайта тәрбиелемексің бе?! - деді әке шүйлігіп. Әйтсе де орнында қазықтай қатып қалған. Қабағы қату, жанары найзағайдай өткір нәзік жаннан каймықты ма, Қанаты жерге тастай салды. Буыны босап, жерге сылқ ете қалған жасөрімнің көзінен жас ыршып түсті. Әке бұған немкеттілеу жүзбен бір қарады да, Балқия шешесі жатқан түпкі бөлмеге еніп кетті.
-Тұра ғой, Қанат! Бүгін дем ал да, ертең жуынып мектепке кел, - деп ұстазының шашынан сипағанын аяулы ана алақанындай сезінді. Тек өмірі маскүнем анасы мұны ешқашан шашынан сипап, маңдайынан иіскеген емес. Жып-жылы алақан сондай жағып, ұйқы құшағына енгісі келді. Түпкі бөлменің есігі ашылып, табалдырыққа сүйенген бір әйел тұр еді.
-Мен-ің, мен-ің балам ол!.. Қолынды тигізбе! Кет, кет бұл үйден! - деді шашы жайылған, жезтырнақтай көрінен долы әйел.
- Кетемін! - деді Сәуле ұстаз нығырлай. - Сіз балаға ана болуға лайық жансыз ба?! Баланың тағдырына неге балта шауып отырсыз?! Анада үн жоқ. Ұстаз үйден шығып бара жатып, оның ернін жыбырлатып тұранын көрді. Бұл кеткен соң Қанатқа шүйлігіп:
- Мұғалімін жаны ашыса, өзіне бала қылып алсын! Мен сені өсіріп жеткіздім!
«Мен сені өсіріп жеткіздім!» - деп іштей қайталады Қанат. Сөйтті де мырс етіп күліп жіберді.
Күн өткен сайын көзінің алды шүңірейіп, жарқылдаған қос жанар сөнуге айналған. Пешенесіндей шып-шиыр көшелермен ілби басып, тас қараңғы, суық үйіне бет алды. Балхаш қаласы маңындағы мына қалашықтың көшелері не түрлі тағдырдың соқпағындай көрінді. Кенет жүрегі шым етті. Неге екені белгісіз, жүрісін жылдамдата түсті. Көңілінде әлдебір секем орнығып алғандай. Көп кешікпей өздері тұратын көпқабатты үйдің түбінде жиналып қалған адамдарды көріп, көңілі құлазып сала берді. Маңай у-шу. Біреулер әлдекімді шақырғандай даурығады. Олардың арасынан өтіп, ортаға беттей бергенде қозғалыссыз, қанға бөгіп жатқан бауырын көрді.
- Бауырым! -'деді де сұп-суық денені қапсырай қүшып, үстіне құлай кетті. Көзінен сорғалаған жас өліктің бетін жуып жатқандай. Төртінші қабаттан асфальтқа қүлаған жеті жасар Кенжетайды білетіндердің шын жаны ашыды.
- Тезірек дәрігер шақырсаңдаршы! - деді бір эйел жанұшыра. Тек ешкім жедел жәрдем шақыруға асықпады: баланың тірі қалмағанына бәрінің көзі жеткендей.
- Сорлы бала-ай, балконға шығып несі бар еді? - деді екінші әйел кейістік танытып.
- Қайтсін енді, әке-шешесінің түрі анау болса, кім қарайды оған?! – деді
үшіншісі.
Көп кешікпей жедел жәрдем машинасы келіп, Кенжетайды алып бара жатқанда Қанаттың көз алды қарауытып, дүние төңкеріліп кеткендей, жерге сылқ ете түсті.Екі ай бойы бақилық болған бауырын аңсап, өксумен болды. Әке-шешесіне ызаланып, үйге қонбай, көпқабатты үйлердің астындағы жертөледе түнеп жүрді. Мейірімсіз шеше мен тасбауыр әкесін енді көргісі келмеді. Бөтелке жинатг, темір-терсек өткізіп, нәпақасын тауып жүрді. Сыртынан көрген адам мұны қанғыбас екен деп қалатын.
Бірде жертөледе жатып, көз байланар кеште әлдекімдердің көмекке шақырғанын естіді. Дауыстар тым таныс секілді. Жұдырықтай жүрегі дүрсілдеп кеткені. Қолына ұзын мойын арақ бөтелкесін алған бойда, жалма-жан көпқабатты үйдің астынан атып шығып, үйдің ту сыртынан айналып келді. Шыңғырған қос дауыс бұлар тұратын подьезден шығып жатыр екен.
- Көмектесіңдер!
- Жіберіңдер, оңбағандар! Сендердің бэрін соттатам, шеттерінен түрмеде
шірітем!
Қанат подьезге кірген бойда қос әпкесін зорлап жатқан екі қаныпезерді көріп, қаны басына шапты. Ойланбастан біреуі бастан бөтелкемен періп жіберді. Екіншісін бар пәрменмен құлақ-шекеден тепті. Басына бөтелке тиген қаныпезердің басынан қызыл қан сауылдай жөнелді.
- Өлтірем! - деді ол тістеніп, сынған бөтелкенің үшкір жағын бүларға тақай түсті. - Басынған иттер! Бір-бірлеп көздеріңді қүртам!
Екеуі мүның қаьарлы, ызғар шашқан, ешнәрседен тайынбайтын жүзінен сескеді ме, подьезден атып шығып, екі жаққа қаша жөнелді. Сонынан бұл өкшелеп қуғанымен, жас әрі әлсіз болғандықтан қуып жете алмады. Жәбірлеген Балжан мен Гүлзира қараңғы бүрышта тізелерін құшақтап, өксіп жылап жатты. Үстілерінде дар-дар айырылып, жыртылған киімімен аппақ денелерін қалқалағысы да келмеді. Олар үшін өмірдің ешқандай мәні қалмағандай. Қанат подьезге қайта кірте жүрексініп, орнында қақшиып қалған. «Неге ертерек көмекке келмедім?!» деді өзін-өзі кінәлай.
Жәбірленушілердің жазған арыздары сотқа жетпеді. Әлгі екі қаныпезер бүлардың маскүнем әке-шешесіне қомақты ақша ұсынып еді, олар бейне бір байлыққа тап болғандай, қылмысты жасыру үшін берілген, қанға малынған харам ақша таусылғанша ішулерін жалғастыра берді. Тіпті екі қызының көз жасынан шімірікпеді. Ар-үят, намыс сияқты адами қасиеттер ішкіш әке-шеше үшін баяғыда-ақ мәнін жоғалтқан. Қылмысты істің сотқа жетпеуін көздеген қанішерлер араға адам салып, куәгер Қанатты қайта-қайта ауруханага тексертіп, денсаулығынан кінәрат тапқылары келді. Осыны сезді ме, Қанат дәрігердің «денсаулығынды түзейміз» деп, күдікті дэріні екпекші болғанда ауруханадан қашып шықты. Абыройынан айырылып, елге қараудан қалған екі әпкесі Қарағанды жаққа бас сауғалап кетті. Қаскүнемдер мүньмен швктелген жоқ, елге Қанатты «есінен ауысқан, қоғамға қауіпті» деп жалған өсек таратты. Неше күн бойы ел көзіне түспей, бірде қараңғы әрі тар көшемен жападан жалғыз келе жатыр еді, артынан тиген белгісіз соққыдан қара жерге сұлап түсті.
...Бүгін ол әлдекімдердің күлкісінен оянып кетті. Көзін ашса, жылы эрі жайлы аппақ төсекте жатыр екен. Шалқасынан жатқан күйі бөлме ішіне көз салды. «Неткен жайлы жер. Бөлме іші қандай керемет» деп ойлады. Тек терезе көрінбеді. Өзі аң-таң. Өңі, әлде түсі екені белгісіз. Өмірінде мұндай рахатты көрмепті. Кеудесін қуаныш кернеп, ән салып, би билегісі келді. Орнынан тұрғысы келіп еді, қолдары қозғалар емес. Кенет қабырғада ілулі тұрған айнаға қарап еді, шаштары үйпа-түйпа, ақ киім киінген, қолдары артына қайырылған «жындыны» көрді... Қолына салынған «қылбырау» оны еш жаққа бұрғызбайды.

Үмітіңіз үзілмесін

Қыс. Аппақ қар жапалақтап, аспаннан құйғыта кеп Әсемнің діріл қаққан кірпіктерін ақ мамық қауырсындай қонақтай құшақтап, көз жасына қосылып, ери берді. Сорғалаған тамшылар арудың алма бетін аймалады. Әсем ақ қарға сырын ақтарып, арман-тілегін күбірлеп жеткізді... Аппақ қардан ақ үміт күтті.
Жұлдыздар жамыраған қысқы аспан астында Серік мұны ұзақ аймалап тұрды. Үлбіреген шиедей қызыл ерінен сүйгісі келіп еді, шошытып алармын деген оймен әрі тәкаппар қыздан сескенді ме, жанында тұрудың өзін бақыт санады.
- Қыста айналаның бәрі аппақ бол-ғанымен, бұл мезгілді тіпті ұнатпаймын, - деді жігіт. - Тоңып қалдың ба, Әсем! Қолдарың сұп-суық қой. Келші, жылытайын, - қалтасы-нан шығарып, қолын қолына тигізді. Жүрегі шым етті.
- Тоңғам жоқ, - өне-бойы мұздап тұрға-нын Әсем жасырып қалды. Аяз бет-жүзін қарып барады. Жігітті де аяп кетті білем, аппақ тістері сақылдап, тіл қатты.
- Өзің де жаурап қалдың ғой. Қайта берсеңші. Қолдарың да дірілдеп кетіпті.
- Сенің қолдарың дірілдеп тұрған. Мен тоңған жоқпын. Тек жүрегім...
- Жүрегіне не болды?
- Жүрегім ғана тонып тұр... - үні діріл қағып әрең шықты.
Серік өзін арудың сүйметінін білген жоқ.
Үйде құрбысымен сырласып отыр еді. Ұялы телефоны шыр етіп қоя берсін. Әсем таныс нөмірді көріп, біраз бөгеліп қалған. Онымен сөйлескісі жоқ. Құрбысының: “Сөй-лесеңші, жігіттің меселін қайтарма” деп сиқырлы жымиған күйі төргі бөлмеге ене берді.
- Әсем, Әсем, тұтқаны неге көтермейсің! Саған қалай алаңдағанымды білсең ғой.
- Саған ренжіген жоқпын.
- Сен неге сондайсың?
- Қандаймын?
- Қылықтысың, тәп-тәттісің... Томпиған жүзің сондай сүйкімді. Әсем, мен сені сүйе-мін. Өмірлік сүйгенім болшы.
- ...
- Әсем, Әсем деймін.
Телефон байланысын үзе берді.
Періштенің қанатындай қыстың аппақ күндері өте берді. Екеуі түнгі қаланың сама-ладай жарқыраған көшелерінен өтіп, тар әрі қап-қара көшеге түсті.
- Қолымнан мықтап ұста, - деді Айдын, қолымен арудың нәзік саусақтарын мәпелей сипап. - Қазір сенен айырылып қалсам мәң-гілікке жоғалтып алардаймын.
- Білмеймін, сенмен бірге жүре алам ба? - айтар ойын айтса да Әсем тосылып қалды. Айдын қолынан қысқан күйі жас балаша еріп келеді. Әсем ойға шомып кетіп “Мен не деген қатыгезбін! Оны тіпті сүймеймін ғой” деді іштей.
- Әсем, сенің арманыңдағы жігіт бола алам ба, жоқ па, білмеймін, бірақ мен саған ғашықпын. Қиялындағы жан бұл дүниеде болса да, ол да өз сүйгенін іздеп жүрген болар, сірә. Оның қандай екенін айтшы, сондай болуға тырысайын, жаным. Өмір бойы алақанымда аялап өтейін, өзімді бақытты етуге бір мүмкіндік берші, - Мұхиттің үні шынайы шықты. - Мен саған әлемдегі барлық дүниені сыйлай алмасам да, өзімнің ғашық жүрегімді сыйлар едім. Сен соған сенесің бе?
Ол үнсіз қалған. Әсемнің жүрегін Мұхит та жаулай алмады.
- Ешкімді сүйіп көргем жоқ дейсің бе? Сүйе алмаймын дейсің бе? Ол мүмкін емес, Әсем! Қол ұстасып өмір айдынында қос аққудай жүзейікші. Көресің, маған әлі-ақ бауыр басып кетесің. Жиі кездесіп тұрсақ, шын сүйіп қалар-сың. Адам өмірде өзінің сынарын табуы керек қой. Кеудемді кернеген, өртенген сезімді қайда сыйдырам. Қалай ғана лаулап жанған махаб-батымды өшіремін. Бір ғана мүмкіндік берші, - деді Сырым жалынышты үнмен.
- Қатыгезсің, Әсем! Мен сен үшін бәрін жасауға даяр едім ғой. Жүрегімнің түбіне махаббат отын жаққан өзің ең. Тәкаппарлығың мені жындандыратын шығар. Жүрегіңде бір тамшы сезім болса, менің күйімді түсінер едің ғой. Сені ешқашан ұмыта алмаймын, Әсем! Өркөкіректігін менің махаббатымды жерлейтін шығар, - деп кетті сезімтал жігіт Мәди.
Әсем оларға түк ренжіген жоқ. Өзі сүймейтін жігіттермен кездесуге құлқы жоқ. Көше кезе жүріп, адамдар арасына көз тігеді. Өз сүйіктісі алдынан шығатындай. Оның қандай екенін өзі де білмеді.
Қыс ортасына таман көрші жігіт Айбектің туған күніне құрбысы Айыммен бірге барған. Сонда көрді сүйгені Асылбекті. Мұның жанына келіп отырғанына іштей сүйсінген. Тек жанында отырған сары қызға оны-мұны әперіп сыйла-ғанын көріп қызғанып қалды. “Маған не болған?” деді іштей. Асылбек мұны да сыйлап жатыр. Үстел басындағы әңгімеден нақсүйерінің басы бос еместігін білді. Торсықтай ұлы келіп мойнына асылғанда үнсіз күрсінді.
Ақ қар жапалақтап тұр. Әсем үйіне аяндап келеді. Арт жақтан Асылбектің дауысы үздік-үздік естілді. Жалт қарады. Соңынан томпаңдап жүгіріп келеді екен. Қолында мұның ақ шарфысы. Қолын бұлғап қояды. Байсалды көрінген Асыл-бектің кішкене балаша жүгіргенін қызық көріп, шыдай алмай күліп жіберді. Қарама-қарсы жүріп, жігіттің құшағына құлай кеткісі келді. Тек жеңілтек қыз болып көрінгісі келмеді.
- Әсем, шарфыңды тастап кеткенің не, ауырып қалсаң қайтесің? Кәне, мойныңа әдемі орап берейін, - деді жігіт қамқорлық танытып. Бағанағы үстел үстінде ауыз тиген шараптың әсері ме, Әсемнің жан дүниесі сезімге оранып, тайғанап жерге құлай жаздаған күйі жігіттің мойнына асыла кетті.
- Сол үшін ғана келдің бе? - деді сұраулы жүзбен. Ұрлана қараған жанарлар мұның бар сырын ақтарардай төмен қарай берді.
- Кішкентай қыз сияқты бұртиуыңды қой-саңшы.
Ақ қар үдей түсті. Қыздың кірпігіне қонақ-таған ұлпа қар көп іркілмей, тамшы болып көзін сүйіп жатыр. Қыздың көз жасын ері-ген қар білдірмеді. Асылбек арудың бетіндегі мөп-мөлдір тамшыларды саусағымен сүртті де, жанарымен ұзақ аймалады.
- Неге кеш жолықтық екен? Мені саған ынтықтырып, ғашық қылып қойған не деген тылсым күш?! Сені сүйіп қаларымды кім білген, - Асылбек ұяттан екі беті үлбіреген қыздың еріндерінен сүйе берді, сүйе берді.
- Жексенбі күні сағат жетіде кафенің алдында күтемін, - деді Асылбек қоштасарда.
- Мен келе алмаймын. Сен оған ренжіме, - шын ықыласымен кез-десуді қалап тұрса да жүрексінді.
- Сені келеді деп ойлаймын. Өз сезіміңнен өзің қашпасаңшы.
Бұл үнсіз жүріп кетті. Жексенбі күні таныс кафенің алдына беймәлім дүлей күш жетелеп, қалай келгенін аңғармай қалды. Таксимен жете бере темекісін бұдақтатып тұрған Асыл-бекті көрді. Кенет жүрегі алқымына тығылып, дүрсіл қақты. Көліктен түсе алсашы. Ғашық жүрегі: “Сен оны сүйесің ғой, сүйгеніңе барсаңшы” десе, сезімге берілмеген санасы: “Адаспа, ол бәрібір сендік емес, өзгенің жанұясының шырқын бұзба!” дейтіндей. Таксиге қайта ақша төлеп кейін қайтты. Аң-таң болған таксист басын шайқап, баяу қозғала берді.
Әсем сол күннен бері бақытсыз. Махаббат атты ұлы сезімін сендірген Асылбекті енді көре алмады. Ол өз сезімінен өзі қашып басқа қалаға жұмысқа кетіпті. Әсем күндіз жұмы-сына алданса, түнде көңілі құлазы-ғанда жанына сая болар әлде кімді іздейді. Ол күндердің күнінде өзіне лайық махаббаты кездесеріне шексіз сенді.
...Тағы бір таң атты. Таза ауамен тыныстағысы келіп, пәтерінен далаға шықты. Қар әлі жапалақтап жауып тұр екен. Жауған ақ қардан үміт күтті. Жүрегінде жарық беріп тұрған үміт пен сенім шамшырағы жанып тұрға-нын сезді. Ақ қар төбесіне нұр болып құйылатындай. Осыған шексіз сенді. Күні бүгінге дейін өмір сүруге бағыт беріп келе жатқан шамшырақ-үміті ғана.













Принтерден шығару 
Әңгімемен бөлісу:
  delicious
  Digg
  Facebook
  Google
  Twitter
  Yahoo! Buzz
Тіркеген: Ақберен, 4816 рет оқылды

Tanimaisin :
Ешкім пікір жазбапты.соған қарағанда әлі ешкім аяғына дейін оқымаған-ау шамасы
------------------------------------------------------------------------------------------

jangeldisadyr :
Аяғына шейін оқысаңыздар жақсы әңгіме,Асхаттың үлкен жазушы болуына тілектеспін!с.н Жангелді(Жан_сері) Немеребай
------------------------------------------------------------------------------------------

JanAhan :
Алғашқы екі әңгімені оқып шықтым. "Ақындар әлемі" - керемет дүние екен. Тамаша әсер алдым. Шынайы дүние. Мұқағали мен Фаризаны еске түсірді.
------------------------------------------------------------------------------------------

UlDi :
Керемет!!! сизден улкен жазушы шыгатынына сенимдимин.Али ангименин асеринен айыга алмай отырмын.КЕРЕМЕТ!!!
------------------------------------------------------------------------------------------

Пікір жазу үшін тіркелуіңіз керек!
Автордың басқа туындылары

 Соңғы әңгімелер

 Ең соңғы пікір жазылған әңгімелер